Қанікей мазары.

Сипаттамасы

XVIII–XIX ғ.ғ. Мазар Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Өркендеу ауылынан 4 км солтүстікке қарай, Нұра өзенінің оң жағалауында, ескі қазақ зиратының солтүстік бөлігінде орналасқан.

Мазардың негізі дөңгелек пішіндес, диаметрі 7 м жуық. Жер үсті құрылысы екі бөліктен тұрады: негізгі камера және оған жапсарлас орнатылған кіреберіс конструкция. Құрылыстың барлық конструктивті элементтері орташа пішімдегі саман кірпіштен салынған. Негізгі камераның төбе бөлігі сфералы күмбез тәрізді аяқталған және негізгі камераның шығыс бөлігінде ұзындығы 2,2 м көлемдегі қосымша дәлізі бар есік орналасқан. Аласа келген ойығы бар дәліз жоспарында тікбұрышты пішінде тұрғызылған. Негізгі бөлменің орталық өсі бойынша қабырғаларында нишалары бар.

Бүгінгі күнге дейін мазар бірнеше мәрте зерттелген. 1979 ж. мазарға алғаш реет Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері зерттеу жүргізеді. 2006 ж. жаңадан жүргізілген зерттеулер «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің қызметкерлеріне қатысты. Осы жылы ескерткіштің апаттық жағдайда тұрғандығы тіркеледі: негізгі құрылыстың оңтүстік-батыс бөлігі құлаған, барлық ауданы бойынша саман кірпіштен тұрғызылған қабырғалары шөккен, есік бөлігі жартылай қираған.

Мазар анық кімге тиесілі екені туралы нақты дерек жоқ. Алайда мазарға қатысты ел арасында бірнеше аңыз сақталған. Қазақ-жоңғар әскери қақтығыстары кезінде батырлық мінез танытқан Қанікей есімді қызға байланысты аңыз бар. Аңызға сәйкес жоңғарлар Қорғалжын жерін жаулап алғаннан кейін Кіндікті деген қолбасшы басқарған әскер Амангелді көлінің жағалауына орналасып, көршілес ауылдардың берекесін қашырады. Кіндікті маңайдағы ауылдың бірінен Қанікейді көріп, оның өзімен бірге қалғанын қалайтынын жеткізген. Қанікей басқа амалының жоғын сезіп, екеуара қалған кезде Кіндіктіні қанжар сұғып өлтіріп, жау бетін қайтарады.

Қорғалжындықтардың арасында мазарға қатысты екінші бір аңыз бар. Аңыз бойынша жоңғар шапқыншылығынан кейін, Өркендеу деген жерге Өтеқара атты бай қоныстанады. Оның байлығы жылқы санының 10-15 мың басымен өлшенген екен. Өтеқараның жалғыз мұрагері, ұлы ‒ Тайбек болған. Біршама уақыт өткен соң, 16-17 жасында Тайбек тіл-көз тиіп, дүниеден озады. Өтеқара ел ішінде өзінің ұлының есімін сақтап қалу үшін күмбезді мазар тұрғызады. Мазарды тұрғызған Бекболат есімді адам өзінің еңбегін 20 жылқыға бағалаған.

Бірақ Қанікей есімді қыз туралы аңыз кең тарап кеткен және Тайбекке қатысты аңызбен салыстырғанда таралуы бойынша басым.

Қазіргі уақытта Қанікей мазары зиярат ету орны ретінде саналады.

Дерек

1.Свод памятников истории и культуры. Акмолинская область. – Алматы: Аруна, 2009. – 568 с.


Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Кіру