Құмай түркілік археологиялы-этнографиялық кешені

Сипаттамасы

Б.з.д. XV ғ. – б.з. VI ғ. Торғай ауылынан 5 км оңтүстік-батыста, Құмай өзенінің сол жағалауында орналасқан (Ақмола облысы Ерейментау аудыны). Ақмола облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішіне жатады.

2009 ж. А.М. Досымбаева археологиялық барлау жұмыстары барысында Құмай түркілік археологиялық-этнографиялық кешенін ашқан және қазіргі уақытқа дейін кешенді зерттеу жұмыстары мен мұраны сақтауға қатысты іс-шаралар жүргізіліп келеді. Ескерткіштер кешені 6 км жуық аумақта орналасқан. Кешен нысандардың бірнеше тобынан тұрады. Олар әр түрлі тарихи дәуірлерге жатады. Кешеннің ерте ескерткіштері қола дәуірімен мерзімделеді. Көбінесе диаметрлері 3-12 м аралығындағы тас қоршау түрінде келеді. Ерте темір дәуірінің жерлеу құрылыстары дөңгелек, сопақша пішінде, диаметрлері 15 м-ге дейін, биіктіктері 0,5 м-ге дейін барады. Сондай-ақ кешенде «мұртты» обалар да бар. Бұл кешен түркі мәдени қабатындағы тас мүсіндері бар ғұрыптық құрылыстарымен ерекшеленеді. Кешендегі ескерткіштердің сақталу деңгейі орташа. Кейбір ескерткіштерден антропогендік әсердің іздері байқалады.

Құмай түркілік археологиялық- этнографиялық кешені Сарыарқа жеріндегі ескерткіштердің ерекше көп орналасқан орнына жатады. Ескерткіштердің көптеп орналасуына әсер еткен бірінші фактор ‒ табиғи-географиялық орта. Бұл жерде адам өмір сүруі ерте уақыттардан бастап кейінгі орта ғасырларға дейінгі аралықта жалғасқанын көре аламыз. Ескерткіштердің алғашқысы қола дәуірінің ортасында пайда болған. Бұл ескерткіштер Құмай өзенін жағалай орналасқан. Төрт топтан тұратын жүздеген ескерткіштері бар бұл жер ұзақ уақыт киелі саналған. Қола дәуірінің тұрғындарының дүниетанымына сәйкес қорым орналасқан жер киелі мәнге ие болған.

Қола дәуірі тұрғындарының діни наным- сенімдері кейінгі уақытта да өзінің заңды жалғасын тапқан. Яғни Сарыарқа тұрғындары кейінгі уақыттарға дейін кешен аумағында ғұрыптық немесе еске алу рәсімдерін өткізген. Оның жарқын дәлелі ретінде «мұртты» обалар мен түркілік ғұрыптық құрылыстарын келтіре аламыз. Түркілік діни-ғұрыптық кешендердің ерекшелігіне тас мүсіндерді жатқызамыз. Бұл мүсіндер Сарыарқа жерінде өмір сүрген әскери және әлеуметтік элита өкілдеріне арнап салынған. Құмай кешені орналасқан жер түрк уақытында жоғары киелі мәнге ие болған. Себебі салыстырмалы түрде шағын өлкеде бірнеше үлкен діни-ғұрыптық құрылыстардың салынуы осыған дәлел.

Қазіргі уақытта кешен зиярат етудің ерекше орнына және діни туризм нысанына айналған.

Деректер

  1. Досымбаева А., Нускабай А. Тюркский археолого-этнографический комплекс Кумай. – Астана: Назарбаев центр, 2012. – 146 с.
  2. Досымбаева А., Нускабай А., Бондарев М. Тюркский культурный комплекс Кумай. Вопросы изучения и сохранения наследия в ландшафте казахской степи // Маргулановские чтения–2011: матер. междунар. археол. конф. – Астана: ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2011. – С. 236–241.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Медиа

Кіру