Бозоқ қаласы мен қорымы
Сипаттамасы
VIII– XVI ғ.ғ. Астана қаласының оңтүстік шетінде, Бұзықты көлінің шығыс жағалауында, Есіл өзенінің сол жақ алқабында, Қараөткел өткелінен оңтүстік-батысқа қарай 5 км жерде орналасқан.
Ескерткішке қатысты алғашқы деректерді 1816 ж. далалық өлкеге ұйымдастырылған орыс экспедициясының мүшесі И.П. Шангиннің жазбаларынан кездестіреміз. Жүз жылдан астам уақыттан кейін Ақмола облыстық музейінің директоры Л.Ф. Семенов ескерткішті келіп көреді. Алғашқы картографиялау жұмыстарын Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының жетекшісі Ә.Х. Марғұлан жүргізеді. Ескерткіште 1998 ж. басталған зерттеу жұмыстары К.А. Ақышевтің есімімен тығыз байланысты. Қазба жұмыстары 1999 ж. басталады.
Ескерткіш 800х400 м аумақты алып жатыр. Композициялық тұрғыда 4 бөліктен тұрады. Орталық тұсында «квартал» деген шартты атау берілген 3 алаң бар. Олардың өлшемі 35х35 м. Әрбір кварталдың сыртқы оры мен дуалы бар. Төртінші бөлік қаланың шығысынан солтүстікке қарай орналасқан суару жүйесінен тұрады.
Археологиялық зерттеулер 10 жылдан астам уақыт жүргізіліп, нәтижесінде 8000 ш.м. аумақ ашылды. 10 тұрғын-жай, 5 кесене, 2 кірпіш күйдіру пештері, 60-тан астам жерлеу орындары мен қаланың қорғаныс жүйесі зерттелді.
Бозоқта жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесі оның ерекше дәрежесін көрсетеді. Ол көп жағдайда бірыңғай тамаша нысан болып есептеледі және Еуразия даласы тұрғындарының өмірі жайлы жан-жақты мағлұмат беретін ерекше ескерткіш қатарына жатады. Зерттеулер бірінші кезекте Бозоқтың мыңжылдық бойғы қасиетті тәжірибесінің ерекшелігін көрсетеді.
Бозоқтың тарихын бірнеше сатыға бөлуге болады: алғашқы кезең ерте орта ғасырдағы культтік нысан ретінде қалыптасуымен байланысты. Алдымен ор мен оның сыртынан дуалдармен қоршалған әр түрлі геометриялық пішіндегі (дөңгелек, төртбұрыш) алаңдар Моңғолия территориясындағы көне түріктік кезеңінің ғұрыптық құрылыстарына ұқсас келеді. Аталған мерзімге жататын орды тазалау кезінде табылған жүгендеулі жылқы сүйектері осыған дәлел бола алады. Жылқының әбзелдері VIII–IX ғ.ғ. мерзімделеді. Бірдей тұрғыдағы төртбұрышты алаңдар орталық тұстағы биіктеу төбешік маңына топтастырылған және жоспары бойынша үш күлтелі табақшаны елестетеді. Келесі кезең – Қыпшақ хандығының өмір сүру уақытын қамтиды. Қала қыпшақ ордасы дәрежесін алады. Бұл уақытта Бозоқ қаласында қоныстық кешендер дамиды, суару жүйесі жоғары деңгейге көтеріледі. Бозоқтың соңғы сатысы Алтын Орда кезеңіне келеді. Бұл кезеңде қала аумағы ақсүйектердің жерлеу орнына айналады да жүздеген жылдар бойына Нұра-Есіл өңірінің қасиетті орны қызметін атқарады.
Бозоқтың кейінгі ортағасырлық жерлеу орындарын зерттеу ерекше қызығушылық тудыруда. Ең ерте мерзімге қарапайым жерлеулер құрылыстары жатады. Бұл жерлеу орындарында адамдар әртүрлі қару-жарақтарымен, ат-әбзелдермен, сондай-ақ әшекей бұйымдарымен жерленген. Аталмыш заттар сол уақыт бойынша маңызды ақпарат беретін таптырмас дереккөзіне жатады.
2002 ж. қорымның оңтүстік шетінде алтынордалық уақытқа жататын әйелдің жерлеу орны қазылады. Жерлеудегі ақиреттік заттар қатарында әйел затына тән әшекейлермен қатар, ер адамға тән қару-жарақ дүниелері табылады. Жерлеу дәстүрінің ерекшеліктері, яғни қарапайым жерлеу, басының солтүстік, солтүстік-шығысқа қарай бағытталуы, белгілі бір жануарлардың сүйектерінің қойылуы (ұсақ малдың сирақтарының бас жақта тігінен тұруы) жерленген әйелді моңғолдық этникалық топқа жатқызуға негіз болуда. Жерлеу XIII–XIV ғ. басымен мерзімделеді. Жасы 40-50 аралығында болған.
Әйел көптеген жерлеу заттарымен бірге жерленген. Оң қолы білегінің тұсына күміс тостаған, денесінің сол жағына темір сүңгі мен қанжар қойылған. Темір сақиналы ауыздықтар қабір шұңқырының батыс бұрышынан анықталды. Тағы да бір қызықты рәсім, ол – мәйіттің үстін киізбен (?) жабу. Сақталып қалған костюм элементтері де назар аударуға тұрарлық. Әйелдің бас жағында қайың қабығынан жасалған бас киімнің негізі – цилиндр тәріздес зат болған. Бұл негізге теңіз жәндігінің үш қабыршағы (каури ұлутасы) бекітілген. Самай тұсында меруерт тастар мен күміс сырға орналасқан. Мойын маңайында шыны мен күміс моншақтар болған. Білегіне бас жақтарында арыстанның беті бейнеленген білезік тағылған.
Моңғол мемлекетінің империялық мәдениетінің қалыптасуы кезімен сәйкес келетін әйелдің киімін сол уақыттағы дала көшбасшылары дәрежесінің ерекше деңгейі мен әлеуетін көрсететін ақпарат көзі ретінде қарастыруға болады.
Қорымның келесі бір салыну сатысында Еуразия тұрғындарының исламды қабылдау үдерісін көре аламыз. Бұл уақытпен қарапайым жерлеу орындары, саман кірпіштен салынған әр түрлі қоршаулар, күйдірілген немесе қам кірпіштен салынған төртбұрышты тікбұрышты жоспардағы 5 кесене мерзімделеді. Осы құрылыстардың басым көпшілігі ескерткіштің орталық тұсындағы кішігірім төбе үстіне шоғырланған. Бұл қорымдағы жерлеу ерекшеліктері дәстүрлі жерлеу ғұрпының сақталғанын көрсетеді. Мәселен, жерлеу орындарына құрбандық малының мүшелерін салу, жеке заттарын (айна, тиыннан жасалған салпыншақтар және т.б.) қою. Өз кезегінде исламның енуі мәйіттің басын батыс бағытқа, ал бетін оңтүстікке қарату, ақыреттік заттарының болмауынан көрінеді. Күйдірілген кірпіштен тұрғызылған кесенелерге жүргізілген қазба барысында құрылыстың тек қана төменгі қатары ғана сақталғаны анықталды. Бастапқы кезде бұл кесенелер порталды монументалды құрылыс ретінде көтеріліп, күмбездері әшекейлі ғарышпен безендірілген. Бұл кесенелер қорымның құрылымдық тұрғыда негізі болғаны сөзсіз.
Орта ғасырдың аталмыш кезеңіне жертөле тәріздес тұрғын-жайлар да жатады. Олар 2-5 бөлмеден тұрып, ортаазиялық тұрғын үй құрылысы дәстүрінде салынған (бөлме ортасы мен қабырғаларындағы ошақтар, суфалар).
Мыңжылдықтар бойы бұл жер өзінің орналасу ерекшеліктеріне сәйкес төңіректің барлығы көрінетін кішігірім көлдің көтеріңкі тұсы осы өңір тұрғындары үшін киелі мекен болып келген. Соның нәтижесінде қоғамның қалыпты деңгейдегі өміршеңдігін қамтамасыз ету мақсатында далалық дүниетанымның жанданып тұруының негізіне айналды.
Тарихи жадының тұрақтылығы ескерткіш атауынан да көрініс тапқан. «Бұзық» сөзінің түркі-оғыздық төркіні байқалады. Мұндай атаумен ортағасырлық көшпелілер әскери орданың шығыс қанатының әкімшілік құрылымын белгілеп отырған. Жазба деректерге сүйенсек ғұндар (хуннулар) мен үйсіндерде орталық және оның екі қанатына бөлінген әскери ордаларды ұйымдастырудың кеңістіктік дәстүрі болған. Оның орталығына – орда, шығысына – бұзық, батысына – ұшық деген атау берілген. Сонымен қатар «боз» сөзінің басқа да мағынасы бар. Оның ішінде тиіспеген жер, тың, ақ селеу мағыналары да бар.
Бозоқ Ұлы Жібек жолының далалық бөлігін дегі стратегиялық орталық болып табылады. Ол Сарыарқа төрінде орналасқан. Бұл жерден Есілдің оңтүстігі мен солтүстігіне керуен жолдарының көптеген тармақтары кеткен. Ескерткіштің оңтайлы жерде орналасуы сауда кереуендерін бақылау мүмкіндігін туғыза отырып, қалаға әскери-әкімшілік сипат берген. Бозоқ қаласының тарихи-мәдени маңызы жоғары және мың жыл бұрын орда ретінде пайда болуы тәуелсіз Қазақстанның қазіргі астанасына негіз болып саналады.
Деректер
- Акишев К.А. Городище Бозок: семантика планиграфии и функции // Бозок в панораме средневековых культур Евразии: матер. научн.-полевого семинара. – Астана: ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2008. – с. 13–19.
- Акишев К.А., Хабдулина М.К. Древности Астаны: городище Бозок. – Астана: ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2011. – 260 с.
- Акишев К.А., Хасенова Б.М., Мотов Ю.А. К вопросу о монгольских погребениях XIII–XIV вв. // Бозок в панораме средневековых культур Евразии: матер. научн. полевого семинара. – Астана: ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2008. – С. 56–65.
- Хабдулина М.К. Культовый центр древних тюрков на территории Центрального Казахстана // Bulletin of IIcas: International institute for Central Asian studies. – Samarkand, 2010. – № 12. – С. 33–49.
- Хабдулина М.К. Новые открытия в археологии Дашт-и Кыпчака // Свидетели тысячелетий: археологическая наука Казахстана за 20 лет (1991–2011). – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2011. – С. 261–283.
- Хабдулина М.К. Мусульманский некрополь городища Бозок (Центральный Казахстан) // Материалы Конгресса исламской археологии России и стран СНГ. – Казань, 2016. – С. 250–267.
- Хабдулина М.К. Раннемусульманские погребения некрополя городища Бозок // Диалог степной и городской культур на Евразийском пространстве. Историческая география Золотой Орды: матер. 7-й Междунар. конф., посвящ. памяти Г.А. Фёдорова-Давыдова. – Казань– Ялта–Кишинев, 2017. – С. 94–96.
- Хасенова Б.М. Костюм знатной женщины золотоор-дынского времени: бокка, шелк, жемчуг // Вопросы археологии Казахстана. – Алматы: НИЦИА «Бегазы-Тасмола», 2011. – Вып. 3. – С. 447–454.