Саққұлақ би кесенесі

Сипаттамасы

Кесене Ақмола облысы Ерейментау ауданында, аудан орталығынан 24 км солтүстік-шығысқа қарай Қоржынкөл көлінің шығыс жағалауында, ашық алаңқайда орналасқан. Кесене Ақмола облысының жергілікті маңызы бар сәулет ескерткішіне жатады. Саққұлақ, шын аты Сәбелен (Сәбден), 1800 ж. Қоржынкөл маңында туған. Ол Қанжығалы руынан шыққан би және шешен болған. Бөгенбай батырдың шөбересі. Алтай руының әйгілі шешені Байдалы бимен сөз сайыстырғаннан кейін халық Сәбденді Саққұлақ деп атай бастайды.

Шешендік өнерді Саққұлақ би өзінің әкесі Бапаннан үйреніп, жастайынан дағдыланады. Оның шешендік сөздері өмірдің мәні, ғылым-білім, тарих пен далалық рухқа арналады. Саққұлақ бидің көптеген шешендік сөздері бізге белгілі. Оның ішінде: «Байдалы биге айтқаны», «Бұл да бір ғалымның бірі еді-ау», «Орман-тоғай жер сыны», «Төрт нәрседен қашық қыл», «Мұсаның өліміне айтқаны» және т.б. бар.

Алғашқыда кесене Саққұлақ би мен өзінің ұлы Нұралыға арнап салынады. Кейін уақыт өте келе бұл кесене әулеттік жерлеу кешені сипатына ие болады. Кесене өлшемі 33х140х70 см болатын саман кірпіштен тұрғызылған. Архитектуралық тұрғыда сегіз қырлы күмбезді құрылыс, кіретін есік шығыс жағында орналасқан. Кесене фасадтарының барлық периметрі бойынша екі қатар аркалы нишалары бар. Ескерткіштің сақталу деңгейі орташадан төмен, себебі кесене қабырғасының оңтүстік-батыс бөлігі төменгі қаландыларына дейін қираған. Мавзолейдің биіктігі 2,5 м деңгейінде.

Кесенеде құлпытасты (көктас) төрт жерлеу орны орналасқан. Оның ішінде латын қарпімен жазылған ескі көктас та бар:

1 Ақмолалық қан-

2 жығалы Бөгембай

3 тұқымы белгілі

4 тарыйқжы Ералы

5 қарт 85 жасында

6 1932 ж. 27.VI өлді.

Олай болса, кесенені ХІХ ғ. сәулет ескерткішіне және қолбасшы Бөгенбай батырдың ұрпақтарына арналған әулеттік зиратқа жатқыза аламыз. Қазіргі уақытта Саққұлақ би кесенесі зиярат ету орнына айналған.

2000 ж. кесенеде қорғау-сақтау жұмыстары жүргізіліп, кесененің архитектуралық пішімін қайталайтын сегіз қырлы күмбезді саркофаг орнатылады. 2006 ж. Г.М. Камалованың жетекшілігімен «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің қызметкерлері тексеру жұмыстарын атқарады.

Кесене жергілікті маңызы бар сәулет ескерткіші болып табылады.

Деректер

  1. Төреқұлов Н., Қазыбеков М. Қазақтың би-шешендері. 1, 2-кітап. – Алматы: Жалын, 1993. – 400 б.
  2. Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. – Алматы: Аруна, 2009. – 568 с.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Кіру