Ақтерек археологиялық ландшафтысының петроглифтері

Сипаттамасы

Шатқал Ақтерек ауылынан оңтүстікке қарай 5 км, Алматы қаласынан батысқа қарай 130 км, Жетіжол жотасының солтүстігінде орналасқан (Алматы облысы, Жамбыл ауданы) [AКК, №4032].

Ақтерек археологиялық кешені бірнеше ондаған жылдар бойы зерттеліп келеді. Негізінен осы бірегей және маңызды тарихи- мәдени кешеннің құрама бөліктері зерттелуде. Тау бөктеріндегі шатқал аузы жазықтығында орналасқан ерте темір ғасыры мен ежелгі түрік дәуірінің оба қорымдары – жерлеу орындарының саны мен алаңы бойынша айтарлықтай үлкен. 1980 ж.ж. аяғында Ақтерек өзені алқабында зерттеу жұмыстарын К.А. Ақышев және Ә.К. Ақышевтің жетекшіліктерімен Жетісу экспедициясы жүргізеді. Сол жылдары Ю.И. Трифонов тау бөктеріндегі ортағасырлық көшпелілер қорымындағы кейбір обаларды қазады. Суреттер салынған жартастар шатқалдың аузы маңында орналасқан болса, А.С. Мирзабаевтың мақаласы оның таулы бөлігіндегі суреттерге арналады. Өте ерекше өңірдің қола дәуірінен қалалық мәдениетіндегі үй-жайға дейінгі әр түрлі дәуірдің тарихи, археологиялық ескерткіштер кешені, ежелгі суландыру жүйесіндегі егін алқабы – Ақтерек ескерткіштер кешенінің толық тізімі емес. XX ғ. басында В.Д. Городецкий Ақтеректегі Керімбайтөбе бекіністі қонысын анықтайды. 1956 ж. Г.И. Пацевич қаланы зерттеп, жиналған керамикалардың негізінде оны XI–XII ғ.ғ. мерзімдейді.

Кешеннің таулы бөлігін алып жатқан шағын қоныс тар әрі ирелеңді алқаптың жайылма үсті терраса аумағында орналасқан. Айтарлықтай көріністі, киелі деп таңылған және туристер көп келетін кешеннің бір бөлігін петроглифтер құрайды. Орналасуына қарай жергілікті бес топқа бөлінген петроглифтердің негізгі бөлігі үлкен қоныстан жоғары орналасқан. Жартас бетіндегі бейнелер қола дәуірімен, негізінде оның кейінгі кезеңінен орта ғасырларға дейінгі уақытпен мерзімделеді. А.С. Мирзабаев жариялаған мақаланың мәтіні қысқа болуына қарамастан, өз уақытына лайықты деңгейде орындалған материалдың алғашқы басылымы. Петроглифтерді жалпы орналасқан жері бойынша 4 топқа бөліп, 400-ге «жуық» бейнелерді зерттейді.

Қазіргі таңға дейін Ақтерек петроглифтерінің орналасқан жерінен 219 тас бетіне қашап салынған негізгі (бүгінде белгілі) 1462 петроглиф анықталды. Сондай-ақ шатқалдың басқа бөліктерінде петроглифтер туралы мәліметтер бар, бірақ олар әзірге толық зерттелмеді. Бүгінгі күнде белгілі петроглифтердің арасында 84 тас бетіне қашап салынған 354 сурет қола дәуірімен мерзімделеді. 157 тас бетінде орналасқан 1019 бейне ерте темір дәуіріне мерзімделсе, 27 тас бетіндегі 80 петроглиф орта ғасырға, XVIII және ХХ ғ. басы аралығындағы кезеңге үш тас бетіне түсірілген сегіз сурет жатқызылады. 53 тас беті екі және үш тарихи дәуірдің суреттерін қамтиды, әсіресе бұл қола мен ерте темір дәуірінің петроглифтеріне жатады (43 жағдай).

Терең мағыналы бірегей бейнелер, оның ішінде «күн мен ай басты» суреттер, әр түрлі уақыттардың суреттері салынған ондаған біршама кіші тастар қоршаған, бетінде бұғылар мен аңшылық көріністер бейнеленген алтарлы тас қола дәуіріне жатады. Бұл – антропоморфты қашама суреттер – күн мен басқа жұлдыздар культінен туындаған. Күн мифологиясы қола дәуірінің, шын мәнінде Еуразияның барлық рухани мәдениетін қамтыған. Күн арбалары, жылқылар, қайықтар мен кемелер Еуропаның таңдаулы жартас беттеріне салынған. Ерте темір дәуірінің көптеген петроглифтері, оның ішінде үлкен көлемдегілері негізгі петроглифтер жиынтығынан алыс құзды жерлерге шоғырланған. Осы жерден көне түрік руналық жазуы да табылды.

80 антропоморфты суреттің арасында бірін-бірі атайын деп тұрған екі адамның, садақ және балтамен қаруланған бес адамның шайқасып жатқан бейнесі түсірілген тегіс тас бар. «Күн бастылардың» алты бейнесі анықталған.

Ақтерек Іле өңірінің оңтүстік-батысын Орталық Тянь-Шаньның Шу таулы бөлігімен байланыстыратын шатқал аузында орналасқан. Суы мол және су көзі сарқылмайтын, ағашты, ауа-райы жайлы жер. Қола дәуірінен басталған болмашы миссиялар мен сауда керуендерінің де- малатын орны, баспана қызметін атқарғандығы сөзсіз. Алғашқы петроглифтер қола дәуірінің ортасында тас беттеріне салынған. Бұл дәуірдің салт жораларын «Ригведа», «Авеста» әдеби деректері бойынша еске түсіруге болады.

Ақтерек табиғи-мәдени ландшафтысы 3-4 мыңжылдық бойы дәстүрлі жерді пайдалану үлгісі бола алуы мүмкін. Көркем табиғаты мен байлығы, сондай-ақ ежелгі уақыттағы қолайлы жолдар аясындағы киелі кеңістіктің қалыптасуы да 3-4 мыңжылдықты қамтиды. Ақтерек толық мағынада Қазақстанның киелі жерлер географиясы картасындағы маңызды орынға сәйкес келеді. Петроглифтер, жерлеу-еске алу және тұрғын үй мәдениетінің басқа да ескерткіштерімен бірге ірі кешен, оның ішінде Жетіжол тау жотасы аумағындағы киелі орын болып табылады.

Облыстық маңызы бар ескерткіш.

Деректер

  1. Айтқұл Х.А. Мемлекеттік орталық музейінің 2014 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Ақтерек ауылдық округінде орналасқан археологиялық ескертқіштерге жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижелері // VІІІ Оразбаевские чтения: сб. матер. Междунар. научн. конф. – Алматы, 2016. – С. 137–146.
  2. АКК. – Археологическая карта Казахстана. Реестр / Сост. Е.И. Агеева, К.А. Акишев и др. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1960. – 449 с.
  3. Железняков Б.А., Садуакасулы А., Херманн Л. Петроглифы Актерека // IX Оразбаевские чтения: матер. междунар. научн.-метод. конф. – Алматы, 2017. – Ч. I. – С. 45–52.
  4. Кызласов И.Л. Прочтение рунической надписи урочища Актерек // Роль номадов в формировании культурно- го наследия Казахстана: сб. матер. Междунар. научн. конф. – Алматы: Print-S, 2010. – С. 345–346.
  5. Мирзабаев А.С. Наскальные изображения Актерека (Семиречье) // Проблемы изучения наскальных изображений в СССР. – М.: Наука, 1990. – С. 137–140.
  6. Рогожинский А.Е. Памятники наскального искусства Казахстана // Rock Art in Central Asia A Thematic Study. – Paris, 2011. – С. 225–226.
  7. Hermann L., Zheleznyakov B. The rock art site of Akterek in Kazakhstan (Almaty oblys). Situation and research history// INORA. – 2016. – no. 76. – P. 14–21.
  8. Zheleznyaкov B., Devlet E., Rock art studies, management and presentation in Central Asia (2010–2014) // Newsof Rock Art studies V. – Oxford, 2016. – P. 115–126.
Толығырақ

Суреттер


Кіру