Жолқұт археологиялық кешені
Сипаттамасы
Ескерткіш Талдық ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 10 км жерде, Ырғыз өзенінің оң жақ екі саласының – Ұлыталдық пен Ащысай арасындағы шығыстан батысқа қарай созылған көтеріңкі жердің үстінде орналасқан (Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы).
Жолқұт – шығыс Мұғалжар маңы аймағындағы қасиетті деп саналатын жерлеу салт-жоралары құрылысы кешенінің ең ірісі болып табылады. Бұл жерден салыну жоспары бойынша әртүрлі болып келген ғұн-сармат уақытына жататын «ғибадатханалар» анықталған. Кешен тастан қаланған басы сүйірлеу ірі «храмнан» және гантель тәрізді, тікбұрышты және басқа да пішіндегі жерлеу-культтік құрылыстардан тұрады. Осыған ұқсас ғибадатханалар Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында (Басшиелі, Лебедевка, Сарытау) зерттелген. Ірі қойтастардан қаланған кешеннің қасиетті бас нысаны болып саналатын конус түріндегі үлкен құрылыс алғаш рет кездесіп отыр. Ғұн-сармат уақытына жататын осы сияқты ескерткіштерге тікбұрышты «ғибадатхананың» есігіндегі бұрышының біріне жерлеу орнының орналасуы тән. Бірге салынған заттардың ішінен негізінен темір және қола қоңыраушалар, түтеткілер (курильница) және басқа да ғұрыптық бұйымдар кездеседі. Құрылыстардың ішкі алаңында керамикалардың сынықтары шашылып жатқандығы анықталған. Барлық құрылыс ірі саз блоктардан тұрғызылған күрделі культтік құрылыстардың қираған үйінді күйінде сақталған.
Кешенге іргелес жатқан Атпа ескерткіштер тобына алғаш рет 1986 ж. С.Ю. Гуцаловтың жетекшілігімен зерттеу жүргізіліп, 2016 ж. А.А. Бейсембаевтың басшылығымен жұмыс жалғастырылады. Қорымның оңтүстік бөлігіндегі шағын обаға жүргізілген қазба жұмыстар құрылыстың ерте темір ғасырына («савромат» кезеңі) жататындығын көрсетті. Оған жерлеу орнының батысқа бағытталуы, қоладан жасалған үлкен жебе ұштары, бейне ойылып салынған сүйек қасық тән. Жерлеу ғұрпы – өте қызықты. Материк бетінен түп жағы бірігіп кеткен шағын екі сопақтау шұңқырлар байқалады. Мәйіт солардың біреуіне түсіріліп, одан кейін ұзына бойымен жатқызылған. Ескерткіштердің осындай түрі батысқа қарай, Қара теңіздің солтүстік жағалауына соңғы қоныс аударудың алдында орын тепкен ғұндардың кейінгі сармат тұрғындарымен араласып бірігуі салдарынан қалған. Батыс Қазақстандағы осыған ұқсас негізгі ескерткіштердің ірі тобы Лебедев-Қалдығайты ауданында шоғырланған. Кейінгі сармат мәдениеті өте ерекше болғандықтан, хроно-мәдениет сызба нұсқасынан «шығып қалады». Біріншіден, жерлеу орындарында солтүстікке бағыттау басым бола бастайды. Екіншіден, сүйек қалдықтарына жүргізілген антропологиялық талдау моңғолоидтық келбеттің нышанын көрсетеді. Үшіншіден, Оңтүстік Қазақстандық (ортаазиялық) шығу төркіні бар заттардың көлемі артады. Жоғарыда көрсетілген аспектілер Еуразия даласының шығыс бөлігінде болған маңызды саяси уақиғаларды сипаттайды. Хунну мемлекетінің құрылуы, кейін қытай дипломатиясы ықпалынан оның ыдырауы, осы мемлекеттің әсерінен туындаған қоныс аудару Моңғолиядан қашықта жатқан Батыс Қазақстан аумағындағы археологиялық ескерткіштерден көрініс тауып отыр.
Қарастырып отырған аймақтың жерлеу орындарынан табылған импорттық заттардың – «геральдикалық» тоғалар, халцедон мен нефриттен жасалған семсерлердің дөңгелек бастарының, әшекейлердің және т.б. – болуы Қазақстан аумағына қоныс аударған хуннулардың (сюнну) Қытай және Кангюй мемлекеттерімен байланыс орнатқандығын көрсетеді. Кейінгі сарматтықтардың жерлеу орындарындағы адам қаңқаларының антропологиялық әлпеті археологиялық тұрғыдан қызығушылық тудырады. Шүйдесі деформацияланған бас сүйектің болуы осы кезеңнің жерлеу ескерткіштеріне тән болып келеді. Қоғамның элитасы (хунну) Батыс Қазақстан аймағына жаңа үлгі, жаңа «салт» алып келді. Нәресте басының маңдайы мен желкесін қатты таңып байлаудан бас сүйек пішінінің өзгеруі мен бастың «созылуы» біздің көзқарасымызға қайшы келеді. Кейінірек бұл дәстүрді жергілікті сармат-алан тұрғындары қабылдайды. Осы уақытта Орталық Азиядан шыққан белсенді топтардың заман шебіндегі араласуы жаңа қоныс аударудың «қазандығын» топтастырып, батысқа қарай көшудің жаңа ошағын тудырады.
Кешенде жерлеу-культтік құрылыстың орналасуы, жерлеу-еске алу жоралғылары мен ғұрыптық заттар аймақтағы ежелгі тұрғындардың күрделі діни-дүниетанымдық түсінігін бейнелейді.
Жолқұт кешені орналасқан далалық аймақтың шеті Батыс Қазақстан аумағына ежелгі көшпелілер қалдырған ірі жерлеу-культтік және киелі орталықтың бірі болып табылатын хунну тайпаларының байырғы Ордос және Гобидің шеткері ауданының ландшафтына ұқсастығы бар.
Жолқұт жерлеу-салттық құрылыс кешені археология ескерткіші ретінде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген.
Деректер
- Бисембаев А.А., Дуйсенгали М.Н. Новые материалы гуннского времени с территории Актюбинской области // Уфимский археологический вестник. – Уфа: Гилем, 2008. – Вып. 8. – С. 99–101.
- Бисембаев А.А., Дуйсенгали М.Н. К вопросу о гуннских погребальных объектах в Западном Казахстане // Известия НАН РК. Сер. обществ. наук. - 2009. - Вып. 1 (268). - С. 28–34.
- Боталов С.Г., Бисембаев А.А. Новые материалы по культуре гуннов Западного Казахстана // Вопросы истории и археологии Западного Казахстана: сб. научн. ст. – Уральск, 2002. - Вып. 1. - С. 108–116.
- Гуцалов С.Ю. Древние кочевники Южного Приуралья VII-I вв. до н.э. – Уральск: «Полиграфсервис», 2004. – 136 с.