Баянжүрек
Сипаттамасы
Қола дәуірі, ерте темір ғасыры және орта ғасырлардағы петроглифтер. Ескерткішті ХХ ғ. 80 ж.ж. Жетісу археологиялық экспедициясы анықтаған (жетекшісі Ақышев К.А.). 1990–2000 ж.ж. аралығында Археология институтының экспедициялары зерттейді (Самашев З., Марьяшев А.Н.). Баянжүрек тауының петроглифтері Қапал ауылынан 15 км жерде орналасқан (Алматы облысы, Ақсу ауданы).
Ескерткіштің киелілік маңызы аймақтың ежелгі тұрғындарының қола дәуірінен бастап орта ғасырларға дейінгі діни-мифологиялық көзқарастарын көрсетуімен байланысты. Қола дәуірінің көріністері өзгеше әрі бірегей болып табылса, күн басты иконография мен киінген антропоморфтар ерекше көзге түседі. Басқа ескерткіштерге қарағанда ежелгі түрік петроглифтерінің репертуары бай және алуан түрлі болып келеді. 2500-ден астам петролгифтер Баянжүрек тауының батыс шеті нің оңтүстік жағындағы тау тізбегінің жотасында орналасқан. Әрбір суреттер тобы аймақтағы ежелгі қоныстардың маңайымен байланысты болса, ал петроглифтер аймақтағы ежелгі тұрғындардың культтік-діни тәжірибесімен байланысты өзіндік шағын ғибадатханалардан тұрады.
Ежелгі суреттер қола дәуірімен мерзімделеді. Оған күн басты және киінген антропоморфты кейіпкерлер бейнесі жатады. Бұл жердегі тас беттерінен бұқа, жылан, күнмен байланысты белгілер және көптеген антропоморфтық фигуралар кездеседі. Адамдар қолдарын жоғары немесе екі жаққа жайған және қолына шоқпар ұстаған салттық кейіпте бейнеленген. Құрбандық шалу дәстүрі мен өніп-өсу культімен байланысты көптеген фигуралы композициялар анықталады. Бұл ғұрыптардың қатысушылары зооморфтық маскада аз бейнеленбеген және қолдарында крест, шеңбер, дөңгелек тәрізді символ-белгілер көрсетілген. Ерте темір дәуірінің культтік сюжеттерінде зооморфтық бейнелерден басқа салтаттылар кездеседі. Қола ғасырының ежелгі сюжеттері сақ кезеңінде жиі жаңартылып, толықтырылған. Ерте темір ғасырының петроглифтері сақ бұғысы, ешкісі және қабандарының фигурасымен ерекшеленеді. Олар Қазақстанның сақ-үйсін тайпаларының діндерінде болған тотемдік сенімдердің қалдықтарымен тікелей байланысты.
Баянжүрек ғибадатханасындағы ортағасырлық түрік суреттері жауынгер-батырлар культімен байланысты биік бас киімді найзалары бар жаяу және атты әскерлердің шайқасы көрінісінен, жаяу садақшылардан тұрады. Киіз үйдің де суреті кездеседі. Баянжүректегі түрік петроглифтерінде жылқы культі анық көрсетілген. Жылқылардың құлақтары, құй рығы, бір алдыңғы немесе артқы аяқтары арасындағы тұсамыс анық бейнеленген. Олардың бейнелері салттық белгілер және символдармен бірге жүреді. Ежелгі түрік уақытының петроглифтері саны жағынан қола дәуірі суреттерінен кейін екінші орында тұр.
Ескерткіш туризм нысаны болып табылады.
Деректер
- Байпаков К.М., Марьяшев А.Н. Петроглифы Баян-Журека. – Алматы: Credo, 2008. – 200 с.
- Марьяшев А.Н., Горячев А.А. Наскальные изображения Семиречья. – Алматы: Фонд «XXI век», 2002 – 264 с.
- Самашев З. Петроглифы Казахстана. – Алматы: Өнер, 2006. – 200 с.
- Самашев З., Швец И., Нурмуханбетов Б. Петроглифы Жетысу. Баян Журек. – Алматы: Изд-во Жетысуского гос. ун-та им. И. Жансугурова, 2008. – 61 с.
- Самашев З. Наскальные изображения Жетысу. Баянжурек. – Астана: Prosper Print, 2012. – 240 с.
- Самашев З. Древнетюркская графика. – Астана: Prosper Print, 2013. – 316 с.
- Maryashev A.N., Goryachev A.A., Potapov S.A. Felsbilder im Siebenstromland // «Repertoire des petroglyphes d´Asie Centrale». – Paris, 1998. – 146 с.