Бесшатыр обалары
Сипаттамасы
Темір ғасырына жататын обалар Жетісудың солтүстік-шығысындағы сақ тайпаларының этномәдени және қасиетті орталықтарының бірі. Қорым Алматы облысы Кербұлақ ауданы, Іле өзенінің оң жағалауында, Шылбыр шатқалының аузында, Шеңгелді ауылынан шығысқа қарай 65 км жерде, Алтынемел ұлттық саябағы аумағында орналасқан.
Қазақстанның әлеуметтік-мәдени кеңістігінде Бесшатыр обалары ең көрнекті ескерткіштердің бірі және ел аумағында сақ мәдениеті мен сәулет өнерінің жарқын бейнес болып табылады.
Сақ қорымы туралы алғашқы мәліметтер тарихшы В. Городецкийдің еңбегінде 1924 ж. В. Парфентьевтің Іле өзенінің оң жағалауындағы обаларды көргендігі жөнінде айтылады. 1957 ж. және 1959–1961 ж.ж. К. Ақышевтың жетекшілігімен Жетісу және Іле археологиялық экспедициясы 18 обаға қазба жұмыстарын жүргізіп зерттейді.
Бесшатыр қорымы 2 км2 алаңды алып жатыр, оның ұзындығы – солтүстіктен оңтүстікке қарай 2 км, батыстан шығысқа қарай 1 км; 31 обадан тұрады, оның ішінде 21 оба тастан жабылса, 10 оба қиыршық тас пен топырақтан үйілген.
есшатыр обалары архитектуралық құрылымының күрделілігімен ерекшеленеді. Олардың көпшілік бөлігі тастармен жабылған жоспары қиылған конус түрінде жатыр. Құрылымдық элементтерінен белдеулеп тұрған тас жалдарын атауға болады (Үлкен Бесшатыр обасында (диаметрі – 104 м, биіктігі – 15-17 м) оның ені – 2 м, биіктігі – 50-60 см). Обаларды айнала қоршаулар – жерге қазылып орнатылған ірі тас бағандар (меңгірлер) мен ірі қойтастардан тұратын шеңберлі құрылыс орналасқан. Үлкен обадан барлығы 94 тастан тұрғызылған қоршау анықталады. Олар шиыршықтанып орналасуымен, бас жағының обаның шығысында болуымен ерекшеленеді. Обадан солтүстік-шығысқа қарай 250 м жерден ұзындығы 40 м болатын ерекше тізбектеліп орналасқан тағы жеті қоршау анықталады. Олардың салттық сипатын обалардың жанынан табылған қыш ыдыстардың сынықтары дәлелдеуі мүмкін. Тізбектегі тастардың саны толық анықталмаған, екінші обада 100 м қашықтықта тізбектелген ір қойтастар мен меңгірлерден тұрғызылған 12 тасты қоршау болса; № 3 обаның айналасында 40 тасты қоршауы бар.
Обалардың тас жабындысы айтарлықтай қалың (Үлкен обада тас қабатының қалыңдығы – 1-3 м; Екінші обаның топырақ пен қиыршық тасты қабатының қалыңдығы 13 м-ге жетеді). № 3 оба тас пен қиыршық тас араласқан топырақ кезектесіп келетін 17 қабаттан тұрады. Тас қабатының астында ежелгі жер беті деңгейінде Тянь-Шань шыршаларының өңделген бөренелерінен салынған құрылыс орнатылған. Ол үш бөліктен: дәліз, кіреберіс және жерлеу камерасынан тұрады. Бөренелердің түбі жерге көмілген бағана сияқты қойылған. Оларда қашау және пышақпен жұмыс істеу кезінде қалған іздер сақталған. Бөренелердің бас жақтарында тесіктері бар. Камералардың үсті тегіс, оған 7-8 қатар бөренелер төселіп, шимен байланған қамыстармен жабылған. № 3 және № 6 обалардың астынан негізгі жүріс бағыты мен қабырға тармақтарынан катаком- балар анықталады. № 6 обаның екі шетіндегі тармақтарымен бірге негізгі жолының ұзындығы 55 м құрайды. Құрылысқа қажетті бөренелер оба тұрған жерден 200-250 м, Іле Алатауы сілеміндегі Іле өзенінің қарсы жағалауында дайындалған. Өкінішке орай, обалар ертеректе тоналған сияқты.
Арнайы таңдап алынған, белгілі бір жерге тұрғызылған меңгірлері бар монументалды құрылыстарда беделді, қасиетті кісілердің жерленгендігін және еске алу мен басқа да салттық іс-әрекеттердің күрделі топтамасы болғандығын болжауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, катакомбаларда ас беру, құрбандық шалу және басқа да ғұрыптық әрекеттерді өткізуі мүмкін.
Бесшатыр Еуразия даласындағы жерлеу ғұрыптарының негізгі элементтері ұқсас Аржан, Кеңес және Беғазы-Дәндібай сияқты элиталық жерлеу-еске алу кешендері қатарына кіреді. Мамандар мұны мәдени негіздің жалпы мұрасымен немесе Аржан мәдени дәстүрінің таралуымен түсіндіреді.
Бесшатырдың бөренелерден жасалған монументалды қабірлері Шілікті, Есік, Берел сияқты элиталық ескерткіштердің арасында ерекшеленетін, ежелгі ағаш сәулет өнерінің қайталанбас бірегей үлгісі. Жерлеу орынның үстіне қиылған пирамида түрінде ағаштан тұрғызылған құрылыстың шығуы қола дәуірінің ескерткіштеріне тереңдеп кетеді (Беғазы-Дәндібай).
Жалпы алғанда, Бесшатыр Жетісудың солтүстік-шығыс өңірінің ерте сақ кезеңінің этномәдени және киелі орталығы, б.з.д. І мыңжылдықтың көшпелі элитасының қорымы болуы мүмкін. Бұл аласа таулар қоршаған өзен алқабының бір бөлігін алып жатқан өзінің мәдени ландшафтын сақтап қалған бірегей ескерткіш.
Жерлеу құрылысының күрделілігі мен монументалдығы және көлемі бойынша жіктелуі саяси ұйымдардың жоғарғы деңгейін, әлеуметтік жіктелу, құрылыс ісінің деңгейін, діни-мифологиялық түсінігі мен идеологияны куәландырады.
Ескерткіштің уақыты бойынша радиокөміртектік мерзімі, әсіресе маңызды болып табылатын тоналған обаларды есепке ала отырып алынды. Алғашқы мерзім Бірінші және Үшінші обаларға жасалды. Калибрлік аралық Бірінші оба бойынша б.з.д. 820–490 ж.ж. (2σ) және Үшінші оба бойынша б.з.д. 340 ж.–б.з. V ғ. (2σ). Алтыншы Бесшатыр обасының хронологиялық аралығы б.з.д. ІХ ғ. аяғы–VІ ғ. бірінші жартысына жатады (б.з.д. 820 және 750 ж.ж.). 2013 ж. Үшінші Бесшатыр обасы бойынша мәліметтер алынды (б.з.д. шамамен 550 ж.). Бұл мерзімдер ерте сақ уақытындағы Іле бойындағы Бесшатыр қорымының құрылысы туралы айтуға мүмкіндік береді.
Бесшатыр діни-мемориалдық кешені – осы жерде қалыптасқан ескерткіштер мен салттық тәжірибедегі сақ мәдениетінің ділдік символын бойына сіңірген киелі кеңістік ретінде ғасырлар бойы өмір сүріп, қызмет етті. Әрбір обаның құрылымы алдын ала ойластырылған. Үйінділерінің көп қабаттылығы оба ішіндегі микроклиматтың қалыптасуына, құрылымының консервациясы обаның өз пішінін – ата-бабаларымыздың киелі ескерткішін сақтауға қызмет етті.
Сақтардың далалық мәдениеті мен өркениеті – қазақ халқының ділдік және материалдық мәдениетінің базалық элементтерінің бірі. Бесшатыр обалары аумағынан табылған жәдігерлер – сақтардың әлем, ғарыш, әлеумет және өздері туралы ежелгі түсініктері бойынша ақпараттарға бай. Бесшатыр қорымы өзінің киелі мәртебесі мен қатыстылығына сай келуі тарихшылар, дінтанушылар, археологтар және басқа да ғалымдарға сақтардың этнометриялық және этноәлеуметтік жүйесі туралы ақпарат береді.
Темір ғасырындағы сақтардың қасиетті мәдениетінің бірегей ескерткіші болып табылатын Бесшатыр қорымы сақ-скиф өркениетінің «далалық пирамидалары» монументалды архитектурасының маңызды туындысын көрсетеді.
Бесшатыр мемориалды-ғұрыптық кешеніндегі материалдандырылған сақ мә- дениетінің бай мұрасы халықаралық ғылыми кеңістікте біртіндеп Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени бренді болып келеді.
Деректер
- Акишев К.А. Кушаев Г.А. Древняя культура саков и усуней долины реки Или. - Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1963. – 300 с.
- Акишев К.А. Памятники древности – предтеча традиционной культуры казахов // История искусств народов СССР. – М., 1984. – Т. 9. – С. 96–105.
- Акишев К.А. Экономика и общественный строй Южного Казахстана и Северной Киргизии в эпоху саков и усуней (Vв. до н.э. – Vв. н.э.): автореф. дис. … докт. ист. наук. – М., 1986. – 49 с.
- Акишев К.А., Хабдулина М.К. Казахское государство: этническая территория, памятники культуры // Евразийское сообщество. - Алматы, 1998. - № 1. - С. 130–142.
- Акишев К.А. Археологические ориентиры прогнозирования структуры древних обществ степной Евразии // Комплексные общества Центральной Евразии в III–I тыс. до н.э.: матер. Междунар. конф. (25 августа–2 сентября 1999, Челябинск–Аркаим). –Челябинск, 1999. – С. 55–59.
- Городецкий В.Д. Древности Семиреченской (Джетысуйской) области // Архив Института археологии им. А.Х. Маргулана, инв. № 37.
- Мыльников В.П. Архитектура деревянных погребальных сооружений в скифское время (Алтай и сопредельные территории) // «Terra Scythica»: матер. междунар. симпозиума «Terra Scythica». – Новосибирск: Изд-во ИАЭт СО РАН, 2011. – С. 172–177.
- Панюшкина И.П., Григорьев Ф.П., Лейндж Т. Возраст третьего Бесшатырского кургана по дендрохронологическим и радиоуглеродным данным (около 550 г. до н.э.) // Сакская культура Сарыарки в контексте изучения этносоциокультурных процессо Cтепной Евразии: сб. научн. ст., посвящ. памяти археолога К.А. Акишева. – Алматы: НИЦИА «Бегазы-Тасмола», 2015. - С. 202–207.
- Савинов Д.Г. Ранние кочевники Верхнего Енисея. Археологические культуры и культурогенез. - СПб.: СПбГУ, 2002. – 204 с.