Боралдай обалары
Сипаттамасы
Алматының сол-түстік-батыс бөлігіндегі Боралдай деп аталатын үсті тегіс келген төбеде орналасқан обалар тізбегі – айтарлықтай ірі қорымдардың бірі. Қорымдағы ондаған оба – ең ірілері, олардың биіктігі 20 м-ге дейін, диаметрі 150 м-ге дейін жетеді, таудың басында қар жатқан кезде, әсіресе көктем мезгілінде айналасы жап-жасыл желекке айналып керемет көрініске ие болады.
Боралдай обалары – египет пирамидаларымен салыстыруға болатындай алып құрылыстар, олардың биіктігі 20 м-ге, диаметрі 120-150 м-ге дейін, сондай-ақ кіші төбелердің биіктігі 1-1,5 м, диаметрі 5-7 м жетеді. Қорымның алып жатқан ұзындығы – 3 км, ені – 800 м. Оның көп бөлігі бұрынғы қалпында сақталған, мұнда заманауи құрылыс жоқ. Қорымды Үлкен Алматы өзені арнасының жыралары қоршап жатқандықтан, бұл жерді игеру қиындық туғызады.
Ғалымдар Боралдай обаларын Есік, Талғар, Кеген обалары секілді б.з.д. VIII–III ғ.ғ. Жетісуды мекендеген сақ тайпалары және б.з.д. III ғ.–б.з. III ғ.ғ. өмір сүрген халық – үйсіндер тұрғызғандығын анықтады. Бұлардың екеуі де – қазақтардың арғы аталары. Қазақтардың есінде үйсіндердің тайпалық бірлестігі жақсы сақталған. Қорымның әрбір үлкен обасы архитектуралық құрылыс, өз алдына архитектуралық ансамбль десе де болады. Оның бөліктеріне: күрделі құрылымды үйінді мен қабірден тұратын обаның өзі, тас қаланды шеңбер, айналасындағы тік тас-меңгірлер, оба айналасындағы көптеген тас-алаңдар, ғұрыптық орын – культтік жиын-той, құрбандық шалу орындары кіреді. Қорымның барлық аумағы – осы әлем, ондағы адамның орны, бабалар культі, күнтізбелік мезгіл, Наурыз мейрамы, күзгі, жазғы және қысқы мерекелермен байланысты салт жоралар мен діни салтанат өткізетін алаңы – «ежелгі көріністі» туғызады. Қазіргі кезде ашық аспан астында тұрған өзіндік музей.
Көптеген жылдар бойы ғалымдар мен Алматы жұртшылығы Боралдай обаларына тарихи және мәдени ескерткіштер мәртебесін беріп, ал осы археологиялық қорықтың аумағын ашық аспан астындағы саябақ жасау мәселесін көтеріп келді. 2006 ж. «Боралдай сақ қорғандары» музейін ұйымдастыру үшін қалалық жер бөлімінен 430 га жер бөлінуі туралы қаулы қабылданады. Боралдай обаларын музейге айналдыру жобасын – бірегей жоба деп айтуға толық негіз бар. Бұл істің жүзеге асуы Алматы қаласында тарихи туризм инфрақұрылымын құру болып табылады. Археологиялық саябақ – табиғи және тарихи-мәдени мұраларды сақтаудың тиімді жолы, басқа музейлерден ерекшелігі, оның ашық аспан астында орналасқандығы. Сондай-ақ осыған ұқсас ашық аспан астында орналасқан археологиялық музей-қорықтар, көзбен шолу және тұжырымдамалық мазмұны бойынша Боралдай музейінің Венгер Республикасы Будапешт қаласының түбіндегі және Корея Республикасы Кёндж қаласындағы музейлермен ұқсастығы бар. Кореядағы Ұлттық археологиялық қорық-музейі «Тимуль саябағы» – Силла ежелгі корей мемлекетінің (ІХ ғ.) 20 королінің обалары орналасқан әлемдік маңызы бар музей. 1974 ж. археологтар «Аспан Жылқысы Мазары» (Чхонмачхон) деп аталатын мазардан 10000-нан аса ежелгі жәдігерлер, оның ішінде алтын тәж бен белдік тапқан. Бүгінде олар Кёндж қаласындағы тарихи музейде сақтаулы тұр. Тимуль саябағында әлі күнге дейін қазба жұмыстары жүргізілуде. Кёндж қаласына әлемнің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан туристердің қатары сиреген емес. Тимуль саябағының жан-дүниені тәрбиелейтін керемет құдіреті бар. Бұл саябақтың мақсаты – ұлттық тарихқа деген махаббат мен қызығушылықты отандастарына терең түсіндіруге бағытталған.
Боралдай музейін құру жұмыстарының алғашқы кезеңі басталып кетті. Жобасы жасалып, кешеннің кіреберіс қақпасы тұрғызылды. Археологиялық саябақ пен туристік ин- фрақұрылымды дамытуды ұйымдастыру қызмет көрсету аясы есебінен туризмнің білім беру, мәдени және экономикалық дамуына, сонымен бірге Алматы мен Жетісу аумағындағы табиғи және тарихи-мәдени мұраларды зерттеу үшін ғылыми-зерттеу әлеуетінің құрылуына мүмкіндік туады.
Аймақтың табиғи ресурстар байлығын, көптеген тарихи ескерткіштерін және жақсы сақталған халықтың мәдени дәстүрлерін ескере отырып, археологиялық саябақ пен туристік- музей кешенін археология, этнография, тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен пайдалану саласындағы ғылыми-іздестіру жұмыстарын дамытуға арналған база ретінде қарастыруға болады.
Боралдай қорымы – ежелден бері ата- бабалар культімен байланысты о дүниеліктердің жаны тыныштық табатын орын ретінде есептелгендіктен, жерлеу кешені әлі күнге дейін қасиетті болып саналады.
Деректер
- Байпаков К.М., Воякин Д.А. Выдающиеся археологические памятники Казхахстана. – Алматы: ТОО «Асыл сөз», 2014. – 504 с. – С. 116–120.
- Самашев З., Джумабекова Г., Нурпеисов М., Чотбаев А. Древности Алматы: курганы Боролдая. – Алматы: Археология, 2006. – 216 с.