Есік обасы

Сипаттамасы

Б.з.д. V–IV ғ.ғ. Қорым Есік өзенінің сол жақ жағалауында, Алматы қаласынан шығысқа қарай 50 км жерде орналасқан.

Обалар көлемі жағынан әртүрлі: диа- метрлері 30-90 м аралығында, биіктіктері 4 м-ден 15 м-ге дейін барады. К.А. Ақышев қорымнан 45 обаны есепке алған. Бүгінгі таңда қорық-музейдің қорғау аймағы Есік өзенінің екі жағалауында орналасқан 300-ден аса әртүрлі уақыттарға жататын обаларды қамтиды. 1969–1970 ж.ж. К.А. Ақышевтың жетекшілігімен обада археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстарға Б.Н. Нұрмұханбетов, А.С. Загородний, Ә.К. Ақышев, Т.В. Воробьева (суретші), О.В. Медведев (фотограф) қатысады. Есіктен табылған «алтын киімді адамды» қалпына келтіру жұмысын К.А. Ақышев пен В.И. Садомсков жасады.

Есік обасының диаметрі – 60 м, биіктігі – 6 м, оның үйіндісі көп қабатты. Обаны ішінде екі жерлеу орны орналасқан: орталық және қапталындағы (оңтүстік). Орталық жерлеу орны ежелгі тонаушылардың әсерінен бұзылған болса, ал қапталындағы жерлеу орны сол қалпында сақталған.

Жерлеу құрылысы жоспары бойынша тікбұрышты шұңқыр күйінде келген, ондағы тянь-шань шыршасының өңделген бөренелерінен тұрғызылған құрылымының ұзындығы 1,5 м-ден 3 м-ге дейін барады. Шұңқырдың ішкі өлшемі бойынша көлемі – 2,9х1,5 м, ал сырты – 3,3х1,9 м, тереңдігі – 1,5 м. Жерлеу орнынан мәйіттің қаңқасы қатаң тәртіпте орналастырылған ілеспе бұйымдар кешені – шамамен төрт мыңнан асатын бұйымдар, темір семсер мен қанжар, алқа, екі жүзік, қола айна, отыз бір қыш ыдыс, металдан (күміс пен қола) және ағаштан жасалған ыдыстар, күміс қасық, ағаш ожау және ақық пен пастадан жасалған моншақтар – табылады.

Адам қаңқасы солтүстік қабырғасынан анықталды. Ол бастапқыда шалқасынан жатқызылып, басы күнбатысқа қарай қаратылып қойылған. Жасы 15-18-дер шамасында. Сүйегінің ұзындығы бас сүйегінен өкше сүйегіне дейін 165 см құрайды.

Анықталған қаңқа белгілі бір символдармен безендірілген ғұрыптық киімімен бірге ашылды. Оның жұқа, шамасы жібек көйлегі, оның сыртында үшқұлақ және мысық тұқымдас жыртқыштың басы пішініндегі алтын қапсырмалар тігілген қысқа қамзолы бар. Есік жауынгерінің басындағы бас киімі күрделі символикада орындалған: жебе ұштары, алтыннан үш шыңы бар тау бейнесі және оған ағаш өскен (ұшында құс қонақтаған), жақтары бойынша екі тауешкі. Мұны қанатты мысық тұқымдас жыртқыш бейнесі бөліп тұрса, бөріктің басына алтыннан өте кішкентай арқардың мүсіні орналасқан. Орталық эмблема ретінде тауешкінің мүйізі бар екі пырақ орын алған. Оң қолының саусақтарында екі жүзігі бар. Оның бірі – айна тәріздес, яғни ол садақты тартқанда жебеден қолды сақтау қызметін атқарған болуы мүмкін, ал екіншісі күнмен байланысты құдайдың горельефті бейнесі түрінде жасалған.

Бүкіл киіміндегідей бас киімінің пішіні мен әсемделуі оның әскери, әдет-ғұрыптық, қасиеттілігін, тектілігін көрсетеді. Есік обасынан табылған бас киім ежелгі Жетісу көшпелілерінің әлем туралы көзқарасы бейнеленген «ғарыштың киелі үлгісін» көрсетеді.

Киімді әсемдеуде кеңінен қолданылған бұғы және мүйізді жылқы бейнесі өлген адамдарды О дүниеге, «аспан әлеміне» аттандыруда бірге жүретін сақ-скиф кезеңінің діни- ғұрыптық белгілерінің бірі ретіндегі қасиетті бейне болып есептеледі. Тау шыңында өмір сүретін жүйрік ат пен таутекенің белгілерін бойына жинаған пырақ «аспан әлеміне» апаратын қиын қыстау жолдардан тез және жеңіл өтуге ыңғайлы деп есептелген.

Аңыздарда жылқы күн құдайы немесе күн құдайының серіктесі ретінде беріледі. Ол сонымен қатар қанатты тіршілік иесі ретінде келеді. Есік жауынгерінің киіміндегі қанатты жылқы түркітілдес халықтардың арасында тұлпар бейнесі ежелгі көшпелілер кезеңінде пайда болғанын көрсетеді. Құс, бұғы, жылқы, таутеке, пырақты жылқылар Күн мен Аспан әлемінің әмбебап белгісі ретінде беріледі. Олар абыз-көсемнің киелілігін, қасиеттілігін көрсететін белгі болып табылады.

Ерте көшпелілердің басқа да ескерткіштері сияқты Есік обасынан табылған жәдігерлер көрсеткендей, жылқы – ер азаматтың тұрмыс-тіршілігі мен әскери өміріндегі ажырамас бір бөлшегі. Көшпелі мәдениеттің басты белгілерінің бірі – «батыр және оның тұлпары» деген ұғым б.з.д. І мыңжылдықта пайда болған.

Есік жауынгерінің киімін жан- жануарлардың символикалық бейнесімен безендірілген құйма пластиналары бар салмақты белдік толықтырып тұр. Белдік мүйіздері мен қанаттары бүркіт грифондарымен аяқталған бұғының басы мен жатқан үш үлкен бұғының (бұланның) бейнесі бар 13 жапсырмамен безендірілген. Бұл бейнелерде өмір – дүниеге келу мен өлімнің мәңгілік циклі деген басты ой берілген. Белдік биліктің, қаһармандықтың белгісі болып саналған. Темір семсер мен қанжардың қыны зооморфтық сим- волдармен, оның ішінде бүркітті грифондар бейнесімен сәнделген алтын пластиналармен безендірілген.

Сол құлағындағы сырға мен мойнындағы әшекей бұйым – жауынгердің символикалық маңыздылығы бар міндетті белгісі (атрибуты) болып табылатын бейнелермен орындалған. Мойнындағы әшекей алтыннан жасалып, көшпелі элитаның әскери қауымға қатысы бар адамның атрибуты болып есептелетін белгілі бір аң бейнелерімен безендірілген. Киімі мен қару-жарағының әшекейленуіне алтынды пай- далануы, оның «мәңгілік, құдіретті деген ойды қалыптастыруының» белгісі іспетті. Алтын патша билігінің белгісі ретінде көрсетіледі.

Жалпы алғанда, Есіктен табылған алтын адам бейнесі бізге батыр-қамқоршы, батыр-көсем, көшпелі жауынгердің эпикалық бейнесін көрсетеді. К.А. Ақышев пен Ә.К. Ақышевтың Есік жауынгерінің бас киіміне егжей-тегжейлі жасалған сараптамасы, оның семантикасы тиграхауда-сақтарына, шошақ бөрікті сақтарға жатады деген қорытынды жасауына мүмкіндік береді.

Еуразияны мекендеген ерте көшпелілер жүйесіндегі басқа да элиталық кешендеріндей Есік қорымынан табылған материалдар б.з.д. І мыңжылдықтағы Еуразия даласы мен таулы алқаптардағы көшпелі өркениеттің ішкі бірлігін, тұрақты қарым-қатынастың болғанын айқындайды. Белгілі қазақстандық археолог-ғалым К.А. Ақышевтың пікірінше Есік мәдениеті, бір жағынан Оңтүстік Сібір тайпаларымен шығармашылықта, екінші жағынан Ахеменидтік Иран мен Бактрия- мен өнер саласында байланыста болған. Есік обасы Орталық Азия үшін Жетісудағы көптеген элиталық обаларының қайталанбас көріністерінің бірі ретінде белгілі. К.А. Ақышев бұл әлеуметтік дамудың жоғарғы деңгейі, оның билік құрылымы, әскери-саяси жүйесінің мықты ұйымдастырылуы, діни-идеологиялық догмаларға жаппай берілуі арқасында ғана мүмкін болатын құбылыс деп бағалады.

Жетісу сақтары қоғамының жоғарғы деңгейде дамуының тағы бір белгісі – күміс тостағанға жазылған белгілер. Мамандардың пікірі бойынша, бұл – ежелгі үнділік кхароштхи жазбасының негізінде немесе оны- мен ортақ прототипте жасалған. Жетісуда, Ауғанстанда және Орта Азияның оңтүстігінде табылған жазба ескерткіштер б.з.д. ІІІ ғ.–б.з. ІХ ғ. аралығымен мерзімделіп, әртүрлі сипатта беріледі (патшаның жорықтары туралы мәліметтер; күнтізбелік мәліметтер; заңнамалық құжаттар; әдет-ғұрыптық жазбалар).

Есік обасынан табылған материалдар далалық өркениет мәселесін күн тәртібіне қоюды алға тартқан, Еуразия даласындағы көшпелі мәдениетті зерттеудің негізгі болды. Скиф-сақ әлемі – өзінің шаруашылығы, әлеуметтік жүйесі, идеологиясы бар ежелгі мемлекеттердің жүйесі болғандығын дәлелдеуге мүмкіндік беретін факторлардың бірі.

Есік обасы темір дәуіріндегі сақ тайпаларының әлеуметтік микро және макро ғарыш жүйесі және мифтік поэтикалық түсінігі, ділдік мәдениеті материалданған киелі ескерткіш ретінде бірегей болып табылады. К.А. Ақышевтың пікірі бойынша «Алтын адам – бүкіл әлеммен үйлесім тапқан, қоғам көз тігіп отырған, әлемнің кіндігі» [Акишев А., 1984, 53 б.]. Есік қорымы тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік белгісінің бір бөлігі болып халықаралық кеңістікте Қазақстан Республикасының мәдени брендінің біріне айналды.

Деректер

  1. Акишев А.К. Идеология саков Семиречья (по материалам кургана Иссык) // КСИА. –1978. – Вып. 154. – С. 39-48.
  2. Акишев А.К. Искусство и мифология саков. – Алма- Ата: Наука, 1984. – 170 с.
  3. Акишев К.А. Курган Иссык. – М.: Искусство, 1978. –132 с.
  4. Акишев К.А. Феномен элитарных курганов Северного Тянь-Шаня // Элитные курганы степей Евразии в скифо-сарматскую эпоху. – СПб., 1994. – С. 8–11.
  5. Акишев К.А. Археологические ориентиры прогнозирования структуры древних обществ степной Евразии // Комплексные общества Центральной Евразии в III–I тыс. до н.э.: матер. междунар. конф. (25 августа–2 сентября 1999, Челябинск–Аркаим). - Челябинск, 1999. – С. 55–59.
  6. Акишев К.А. Иссыкское письмо и руническая письменность // Древнетюркская цивилизация: памятники письменности. – Алматы: Ғылым, 2001. – С. 389–394.
  7. Акишев К.А., Акишев А.К. Происхождение и семантика головного убора // Археологические исследования в Казахстане. - Алма-Ата: Наука, 1979. – С. 28–39.
  8. Акишев К.А., Хабдулина М.К. Казахское государство: этническая территория, памятники культуры // Евразийское сообщество. - Алматы, 1998. - № 1. - С. 130–142.
  9. Мартынов А. Проблемы изучения евразийской степной цивилизации // Номады казахских степей: этносоциокультурные процессы и контакты в Евразии скифо- сакской эпохи. – Астана, 2008. – С. 10–19.
  10. Нурмуханбетов Б., Мухтарова Г.Р. Могильник Иссык – Некрополь Иссык – археологический комплекс Есик-Рахат – Республиканский государственный историко-культурный заповедник-музей «Иссык» // Сакская культура Сарыарки в контексте изучения этносоциокультурных процессов степной Евразии: тез. докл. Круглого стола, посвящ. 20-летию независимости Республики Казахстан. – Караганды, 2011. – С. 54–57.
  11. Юматов К.В. Отражение индоевропейской эпической формулы «неувядающей славы» в каменных изваяниях степной Евразии // Древние культуры Центральной Азии и Санкт-Петербург: матер. Всерос. научн. конф., посвящ. 70-летию со дня рождения А.Д. Грача. – СПб., 1998. – С. 211–214.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Кіру