Ешкіөлмес петроглифтері
Сипаттамасы
Қола дәуірі, ерте темір ғасыры, орта ғасыр петроглифтері. Ескерткіш Талдықорған қаласынан 30 км жерде, Алматы облысы Ескелді ауданының территориясындағы Ешкіөлмес тауының оңтүстік баурайында – Жетісу Алатауының батыс сілемінде, Көксу өзенінің аңғарына төмендеген тұсында орналасқан.
Ешкіөлмес жотасындағы петроглифтердің киелілік маңыздылығы тастағы суреттерде қола дәуірінен бастап орта ғасырларға дейінгі ежелгі тұрғындардың діни- мифологиялық дүниетанымдарының толық бейнесінің көрсетілуімен байланысты. Культтік сюжеттерінің бірқатарын ең ежелгі «Ригведа» мен «Авеста» әдеби ескерткіштердің сипаттамалары мен мифологиялық мәтіндерімен салыстыруға болады.
Ешкіөлмес жотасының петроглифтерінде скифтік-сібірлік аң стилі дәстүрінің пайда болуы анағұрлым ашық байқалады және Солтүстік-шығыс Жетісудың тас өнерінің негізгі көркемдік дәстүрі көрінеді. Жартастарға сурет салудың өзіндік ерекше тәсілдері мен жергілікті ежелгі суретшілердің көркемдік бейнелеу өнері болғандығы сөзсіз. Жартастарға граффити – қашау техникасымен ойылып салынған, кейде 1-2 см-ден аспайтын кіп-кішкентай бейнелер әсемділігімен ерекше көзге түседі. Басқа да осы типтегі ескерткіш- терге қарағанда мұндағы жартас өнері – осындай ерекшеліктерге анағұрлым бай және алуан түрлі, Ешкіөлмес ғибадатханасының суреттері саны жағынан әлемге танымал Тамғалытас кешенінен асып түседі.
Ешкіөлмес жартастарындағы суреттердің ең ежелгілері қола дәуіріне жатады. Олардың ішінде жануарлардың жекелеген суреттерімен қатар, аңшылық, құрбандық шалу, тайталас, қастерлеу, қасиетті неке сияқты көріністер берілген көп мәнерлі композициялар да кездеседі. Әсіресе, Ешкіөлмес жотасының петроглифтерінде ұрыс көріністері мен арбалары бар композициялар жүзден асады. Олардың белгілі бір мифологиялық контексті бар. Қола дәуірінің петроглифтерінде кеңінен таралған діни идеялар арасынан күн басты құдай, өрт, жауынгерлік культі және өніп-өсу мен онымен байланысты ана- жаратушы, қасиетті жануарлар және т.б. культі анықталды. Ежелгі дәуір дүниетанымының барлық элементтерінің негізгі біріктіруші желісі – бұл құдайлар бейнесімен тығыз байланысты әлемнің ұдайы жаңғыртылып отыруы мен адамдардың аман-есендігін қамтамасыз ететін жоғарғы күш – өсіп-өну культі болып табылады. Барлық дәуірлердегі негізгі рәсім құрбандық шалу болды. Қола дәуірінің ең жарқын суреттері, мысалы, үш садақшының алыпты атып тұрған бейнесі тікелей осымен байланысты. Осы сюжет Ешкіөлместің әртүрлі шатқалында жиі қайталанады және Пуруша дәудің денесінен адамдар мен әлемнің жаратылуы туралы атақты веды мифін тікелей бейнелейді. Бұл жартастағы суреттер тобы б.з.д. II мыңжылдықтың екінші жартысымен мерзімделеді.
Осы кезеңде жартас өнерінде скифтік-сібірлік аң стилі дәстүрі пайда болады. Кейбір суреттерінен шарттылық байқалады, олар темірден жасалған заттардың көшірмесі тәрізді көрінеді. Ерте темір ғасырының көрнекті діни-мифологиялық сюжеті шөп қоректі жануарларды жыртқыш аңдардың аулауы мен азаптау көрінісі болып табылады. Шеберлер граффити әдісі көмегімен құрбан болатын жану- арларды жыртқыштардың торуылдауындағы үлкен жылдамдығы мен қозғалысы көрінісін бере алған. Ешкіөлмес жотасының жартас суреттері б.з.д. І мыңжылдықтағы Жетісудың сақ-үйсін тайпалары өнеріндегі аң стилі дамуының барлық кезеңін көрсетеді.
VI–XII ғ.ғ. жататын ортағасырлық суреттердің негізгі бөлігін шайқас, тұрмыстық сюжеттер мен аңшылық көрінісі құрайды. Ежелгі түрік жартас өнерінің зооморфтық бейнелерінің бірі қасқыр бейнесі болды. Қасқыр «шыққан тегі» ретінде түрік идеологиясында ерекше орын алады және батыр-жауынгер культімен байланысты суретте ту ұстаушы салт аттылар бейнеленген. Еуразияның ортағасырлық көшпелілерінің бейнелеу өнерінде ту ұстаушы әскер бейнесі қағидаға айналған сюжет болып табылып, жартас бетіне түркі әскери-саяси құрылымының өзіндік тарихи құжаты ретінде түсірілген.
Ешкіөлмес жотасы ендік бағытта 30 км-ге жуық ара қашықтыққа созылып жатыр. Жотаның батыс және орталық бөлігінде 24 шатқалда 15 мыңнан аса петроглифтер орналасқан. Жартастағы суреттер құрылымы жағынан біркелкі орналаспаған, 10, 14 және 18 шатқалдарда суреттердің анағұрлым жиі шоғырлануына қарағанда, бұл Ешкіөлместің өзіндік киелі орталығы болған. Бұл жерді олардың діни-культтік мақсатта пайдаланылғанын дәлелдейтіндей, құрылымы аспан астындағы «храм» секілді ұйымдастырылған аса жарқын және ежелгі суреттер табылды. Жартастағы суреттер жергілікті халықтың көркемдік дәстүрі мен дүниетанымын бейнелейтін ежелгі және орта ғасырлардағы археологиялық кешендердің (шатқалдың жоғарғы жағындағы және Көксу өзенінің оң жағалауында орналасқан қоныстар мен қорымдар) құрамдас бөлігі болып табылады.
Ешкіөлмес тауындағы жартас суреттерін алғаш рет 1970 ж.ж. соңында геолог Л.И. Скрынник анықтайды. 1982 – 1990 ж.ж. ескерткіште Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының археологиялық экспедициясы (жетекшісі А.Н. Марьяшев) зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі уақытта Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының әртүрлі экспедициялары зерттеу жұмыстарын жалғастырып келеді. Туризм нысаны.
Деректер
- Марьяшев А.Н., Рогожинский А.Е. Наскальные изображения долины реки Коксу. – Алма-Ата: Гылым, 1991. – 80 с.
- Tashbaeva K., Khujanazarov M., Ranov V., Samashev Z. Petroglyphs of Central Asia. – Bishkek, 2001. – P. 151– 219.
- Марьяшев А.Н., Горячев А.А. Наскальные изображения Семиречья. – Алматы: Фонд «XXI век», 2002. – 264 с.
- Байпаков К.М., Марьяшев А.Н., Потапов С.А., Горячев А.А. Петроглифы в горах Ешкиольмес. – Алматы: OO «ОST XXI», 2005. – 226 с.
- Самашев З. Петроглифы Казахстана. – Алматы: Өнер, 2006. – 200 с.
- Самашев З. Древнетюркская графика. – Астана: Prosper Print, 2013. – 316 с.
- Maryashev A.N., Goryachev A.A., Potapov S.A. Felsbilder im Siebenstromland // «Repertoire des petroglyphes d´Asie Centrale». – Paris, 1998. – 146 с.