Жаркент мешіті
Сипаттамасы
1892–1895, 1903 – 1905 ж.ж. Алматы облысы Панфилов ауданы Жаркент қаласы У. Юлдашев көшесі 40- үйде орналасқан.
1887 ж. Жаркент қаласы мұсыл- мандарының бас қосуы барысында бірінші гильдия көпесі Уали Ахун Юлдашевтан жаңа мешіт салу туралы ұсыныс түседі. Ол алғашқы жарнаны өзі салып, мұсылмандардан садақа жинауды да өз мойнына алады. Мешіттің құрылысы және фасады мен ішкі көрінісінің безендірілуіне жетекшілік ететін бас архитектор ретінде қытай шебері Хон Пике (Мұқан) шақырылып, оған көмекші ретінде ұйғыр шеберлері Хасан Иманов, Ушурбаки, Таир Исмаилов, Насретдин Кары, Зайнутдин, Абдукадыр және т.б. бекітіледі. Аңызға сүйенсек, қытай архитекторы Уали Юлдашевтың ұсынысын еш қайтарымсыз орындауға келісіпті, себебі ол бұрыннан қытай үлгісіндегі мұсылман мешітін салуды армандаған, алайда Қытайда жергілікті билік оған рұқсат етпепті.
1892–1895 ж.ж. Жаркент қаласында мешіт және мұнарасы бар бас порталды кіру қақпасы, одан кейін 1903–1905 ж.ж. кішірек мешіт, медресе мен қоршауы салынады. 1910 ж. өңірде орын алған қуатты жер сілкінісі (жер сілкіну магнитудасы Рихтер шкаласы бойынша 8,2) мешіт порталының біршама бүлінуіне алып келеді. Екі бірдей сәнді мұнарасы қирайды, күмбездерінің сүйір төбелері құлайды, күмбездерде жарықтар пайда болды және т.с.с. Кеңес билігі жылдарында мешіт ғимараты түрлі қызметтер атқарған: қойма, астық сақтайтын орын, шекарашыларға арналған казарма, одан соң – кинотеатр және шайхана болған.
1948–1949 ж.ж. арнайы комиссияның зерттеулерінен кейін кешенге мемлекет қорғауындағы архитектуралық ескерткіш мәртебесі беріледі. 1965 ж. Панфилов (қазіргі Жаркент) қаласында қатты дауыл болғанымен, кешенге ешқандай зиян келмейді. 1969 ж. мешітті кешенді зерттеу аясында инженерлік коммуникациялар және құрылыс құрылымы мен көркемдік безендіру жұмыстары жүргізіледі. 1975–1978 ж.ж. Панфилов мешітінде қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп біткен соң, музей құру туралы ұсыныс түседі. Панфилов қаласындағы архитектуралық-көркемдік музей Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы Б. Әшімовтің қол қоюымен бекітіл ген Министрлер Кеңесінің 1978 ж. 24 наурыздағы қаулысына сәйкес ашылады.
«Жаркент мешіті» музей кешені төмендегідей құрылыстардан тұрады: мешіт, мұнарасы бар бас кіру порталы, кіші мешіт, медресе (оң жағында), қапталдарындағы кіру қақпалары, тас қоршау, солтүстік-шығыс жағында орналасқан кішкентай алаңқай. Мешіттің жалпы алаңы – 28×54 м, биіктігі – 14,5 м, мұнарасының биіктігі – 19 м. Мешіт Орта Азия үлгісінде, бірақ буддалық храм элементтерін қолдану арқылы салынған. Мұнара 52 бағанамен қоршалған. Мешіт кешені 2,3 м биіктіктегі тас қоршаулармен қоршалған. Оңтүстік және солтүстік жағында қақпалары бар.
Музей кешенінің құрылысы барысында көбіне жергілікті материалдар: тянь-шань шыршасы – мешіт, бағаналар, мұнаралар және бас кіру порталының мұнаралары құрылысына, қам кірпіш – медресеге, күйдірілген кірпіш – портал мен оған жалғастырылған үш күмбезді бөлмеге, қоршауға, қаңылтыр – шатыр құрылысына қолданылған. Деректер бойынша, культтік ғимараттың ағаш компоненттерін бекіту кезінде шегелер қолданылмаған. Негізгі құрылыс материалы болған тянь-шань шыршасының діңі Ақсу және Кетмен тауларынан шабылып алынып, Жаркенттің ағаш кесетін орындарында кептіріліп, өңделген. Құрылыс орнықты болуы үшін тегістелген жерден мықты тұғырбет (стилобат) жасалып, көлемді бағаналар орналастыру кезінде жегілген өгіздер қолданылған.
Қытай архитектуралық дәстүрлерінің ықпалы ғимаратқа ерекше таңғаларлық көрік беріп тұрған шеттері жоғарыға қайырылған шатырынан білінеді. Мешіт екі қабаттан тұрады. Галереяны қалыптастырған капительсіз 52 цилиндрлі бағаналары мен үлкен бұғаты ғимаратты құрсаулап тұр. Арқалық және қондырма жүйесі арқылы бекітілген 112 ағаш бағана мешіт ғимараты керегесін құрайды. Мешіттің ерекшелігі діндар мұсылмандарға арналған негізгі залдың аркасы мен қабырғалары, сәнмаңдайшаны жандандырып тұрған өрнектерінің (ағашты ою, түрлі қанық түстегі жазулар) көптігі болып табылады. Интерьерінің өрнектерінде өсімдік нақышы, арабтың өрме жазуы, ұйғыр өрнек элементтері көп қолданылған болса, аң-құс, балық және қиялды жануарлар бейнесі де кездеседі.
Жаркент мешіті – Жетісудың мұсылмандық және архитектуралық белгілі ескерткіші, сонымен бірге ХІХ ғ. соңы–ХХ ғ. басындағы ағаш сәулет өнерінің бірегей ескерткіші болып табылуы нысанның киелілігін көрсетеді. Салыну барысында Жетісу құрылыс тәжірибесінде көптеген нәрселер алғаш рет жүзеге асырылған Қазақстанның культтік архитектурасының көрнекті үлгілерінің бірі. Мінәжат ету және діни туризм орны. Музей кешенінің алаңында тәуап ету туризмі нысанына айналған өте үлкен көне ағаш өсіп тұр.
«Жаркент мешіті» музейі – республикалық маңызы бар тарихи, қала құрылысы және архитектуралық ескерткіш. 1982 жылдан бері мешіт республикалық маңызы бар архитектуралық және тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қорғауында.
Деректер
- Жаркент мешіті // Жетісу. Энциклопедия. – Алматы: Арыс, 2004. – 703 с. – С. 296.
- Лухтанов А. Город Верный и Семиреченская область: справочник. – Алматы: [б. и.], 2009 . – 220 с.
- Петровский А. Чудо-мечеть в казахстанском Жаркенте. Китайский архитектор Хон Пик превзошел самого себя (страницы истории). URL: http: // www. centrasia. ru/newsA.php?st=1108449420.
- Постановление Совета Министров Казахской ССР от 26 января 1982 года № 38 «О памятниках истории и культуры Казахской ССР республиканского значения».