Жолбарыс батыр кесенесі

Сипаттамасы

1996 ж. Алматы облысы Қаратал ауданы Оян ауылының маңында орналасқан.

Жолбарыс батыр (1671–1761) – XVIII ғ. қазақтардың жоңғар шапқыншылығына қарсы соғысына қатысқан қазақ батыры, би. Ұлы жүздің жалайыр тайпасының күшік руынан тарайды. Жолбарыс жалайырлардың атақты байы Жылқыайдардың отбасында дүниеге келген. Аңыз бойынша Жолбарыс бидің анасы жүкті кезінде ерекше түс көреді. Түсінде үйіне бір қария келіп баланың атын Жолбарыс қой деп аян береді. Бала туылғанда арқасында мөр сияқты қалы болады. Халық оны Жаратушының белгісі деп түсінеді. Оны ешкім атымен атамай Жолбарыс – Шұбар ата деп атап кеткен. Оның сәуегейлік қасиеті болады, елін жоңғарлардан қорғауда Ескелді, Балпық, Қабылиса билермен бірге жүрген. Тарихи деректерде қазақ- орыс қатынастарының дамуына үлкен үлес қосқандығы жөнінде айтылады.

1996 ж. салынған Жолбарыс батыр кесенесі Орта Азия дәстүріне тән порталды- күмбез түріне жатады, оның орталық сфералы күмбезі мен екі жағындағы мұнараларында көлемі кіші қосымша екі күмбезі бар. Кесененің биік іргетасы алты бұрышты болып келген. Кесененің қабырғасы силикат кірпіштен салынып, еденіне мәрмәр тас төселген. Жалпы көлемі – 8х7,5 м, биіктігі – 8 м.

Нысанның киелілігі Жолбарыс батырдың жоңғар шапқыншылығына қарсы белсенді шайқасқандығымен байланыстырылады. Жолбарыс батыр кесенесі республикалық маңызы бар тарихи және архитектуралық ескерткіш болып табылады.

Жолбарыс батыр кесенесі зиярат ету мен туризм нысаны.

Деректер

  1. Доспанбетов У. Абылайдың ақ туы. – Алматы: Томирис 21, 2016. – 400 с.
  2. Жолбарыс би // Қазақстан. Ұлтық энциклопедия / Бас редактор: Ә. Нысанбаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2002. – Т. 4. – 720 Б. – Б. 22.
  3. Жолбарыс би // Жетісу. Энциклопедия. – Алматы: Арыс, 2004. – 703 С. – С. 318.
  4. Жолбарыс би. URL: http://atababa.kz/ru/famous/ Zholbarys_bi_
Толығырақ

Суреттер


Кіру