Қабылиса жырау кесенесі
Сипаттамасы
Алматы облысы Көксу ауданы Көкбастау ауылына жақын жерде орналасқан.
Қабылиса жырау Асанұлы (1733–1824) – қазақ жырауы, қоғам қайраткері, ақын, жоңғар шапқыншылығына қарсы шайқастарға қатысушы. Қабылиса жалайыр тайпасынан шыққан, әкесінің аты – Асан. Ақындық дарыны ерте кезден оянып, 15 жасында Тұмарша атты ақын-келіншекпен айтысады. Жылдар өте ақындық шеберлігі шыңдалып, ата ғы халық арасында кеңінен тарала бастайды. Жоңғарлармен соғыс кезінде Қабылиса жырау Ескелді би, Балпық би және Орақ батырлармен бірге жалайырларды Сыр бойынан Іле және Қаратал өзендері бойына, Жетісуға көшіруге басшылық етеді.
Қабылиса жырау ел арасында жалынды жыр- лары мен ойраттарға қарсы соғыстарда көрсеткен батылдығы үшін Қабан ақын деген лақап атқа ие болады. Қабылиса жырау жоңғарлардың тұтқынынан босап шығып, Түркістандағы Абылайдың хан сайлануына қатысады. Қазақтың атақты биі ретінде қырғыздармен шиеленіскен жағдайды және ру арасындағы даулы мәселелерді әділ, бейбіт түрде шешіп отырған. Қабан ақын артында тәрбиелік мәні зор қанатты сөздер қалдырған. Қабылисаның ақындық шығармалары – философиялық мәні зор халыққа қарапайым тілде жеткізілген өсиет сөздер. Өзінің «Бақыт қайда барасың?» және «Бақыт қайдан келесің?» деген шығармаларында сұрақ-жауап ретінде өмірдің маңызды мәселелеріне тоқталған. Қабылиса жырау көптеген айтыстарға қатысып, терең мағыналы сөз тізбектері мен шығармалары арқылы кез-келген қарсыласын жеңіп отырған. Ақын домбырада да шебер ойнай білген.
Көптеген Жетісу ақындары Қабылисаны өзінің ұстазы ретінде санап, оның ұшқыр ойы мен сөз шеберлігіне тәнті болған. Мұндай бағаны Ақын Сара, Кенен Әзербаев өз өлеңдеріне қосып айтып жүрген. Сүйінбай, Сарбас, Бақтыбай сияқты мықты ақындар Қабылисаны ұстаз тұтқан. Сәкен Сейфуллин Қабылиса мен Қоян ақынның айтысын жазып алып, өңдеген. Ақынның шығармашылығын Мырзатай Жолдасбеков, Ораз Исмаилов, Сәрсенбі Дәуітов және басқа да қазақстандық ақын-жазушылар зерттеді. Филолог А.М. Қанағатова өз зерттеулерінде Қабан жырау мен Бұқар жыраудың ортақ ұқсастықтарын ашып көрсетеді.
Халық аузындағы аңыз бойынша Қабан жырау нағыз абыз болған. Көзі тірісі кезінде Өтеген және Райымбек батырларға қабірінің қайда болатының айтып берген. Өтегенге айтқандай батырдың зиратын ұрпақтары Іле бойынан Қапшағайдың су қоймасы астында қалмас үшін жоғары биіктікке ауыстырған. Қабылисаның Райымбекке айтқаны да тура келді, оның бейіті адам көп жүретін жерде қалатыны айтылған. Шындығында Райымбек батыр Алматы– Ташкент тас жолы бойында жерленген. Ал Қабанның өзіне Іле бойындағы қамысты жердің топырағы бұйырыпты.
1993 ж. Алматы облысы Көксу ауданында Қабылиса жыраудың 300 жылдық мерейтойы тойланады. Кеңес дәуірі кезінде, 1954 ж. ақынның ұрпағы ескерткіш тақта орнатып, ағаш отырғызады. Ал 1977 ж. Қабан жыраудың басқа ұрпағы мәрмәр тақта орнатады. 2010 ж. Көкбастау жотасы, Іле өзені жағасында Қабылиса жыраудың кесенесі салтанатты түрде ашылады.
Қабылиса жыраудың кесенесі монументалды мемориалды кешен болып табылады. Биіктігі 15 м құрайтын кесене көкке шарықта- ған күмбезді, жоспары бойынша негізі дөңгелек келген порталды-күмбезді құрылыс түріне жатады. Ақ тастан салынған көрнекті кесенеге гранит баспалдақтар алып барады. Қабірде ақынның аты жазылған мемориалды тақта орнатылған. Кіреберіс алып аркада ашылған кітап тәрізді тақтаға ұлы ақынның ұрпақтарға қалдырған өсиеті жазылған. Қабан жырау бұл сөздерді тоқсан жасқа келіп, дүниеден өтер алдында «Түнек мәңгі емес, жарық әрқашан менің халқымда» деп айтқан екен. Қабылиса жыраудың (Қабан ақын) ақындық мұрасы мәдени қазынаны толықтырып, қазіргі кездегі жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды орын алуы нысанның киелілігін арттырады.
Атақты ақын, батыр және сәуегейдің кесенесі тәуап ету мен туризмнің белгілі нысаны болып табылады.
Кесене республикалық маңызы бар тарихи және архитектуралық ескерткіш (республикалық тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне кірмейді) болып табылады.
Деректер
- Березин А. Летописец души народной. URL: http:// zhardem.kz/news/8079
- Жолдасбеков М., Төреқұлов Н. Тоқсан толғау. – Алматы: Өнер, 1992. – 232 б.
- Қабан жырау Асанұлы Қабылиса // Қазақстан. Ұлтық энциклопедия / Бас редактор Б. Аяған. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2003. – Т. 5. – 719 б. - Б. 174.
- Канагатова А.М. Преемственная связь этических воззрений Бухар жырау и Кабан жырау и их значение в духовной культуре казахского народа: автореф. дис. … канд. филос. наук. – Алматы, 1996. – 22 с.