Қойлық/Каялык қаласы
Сипаттамасы
Қала – араб деректері бойынша XI–XIII ғ. басындағы қарлұқ жабғуының астанасы, Қарахан қағанатындағы түрік-қарлұқтарының жеке иелігі ретінде белгілі. Қаланың қираған орнын археологтар қазіргі Қойлық ауылының шығыс шетіндегі Ащыбұлақ өзенінің жағасынан табады (Алматы облысы, Сарканд ауданы). Қаланың алып жатқан аумағы солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай 1,2 км және оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 1 км-ге созылып жатыр. Қала ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енген.
Қала қабырғаларының солтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс жақтары жақсы сақталған. Қаланың топографиясынан солтүстік-шығыс және батыс қабырғаларының бойындағы қақпалар мен Ащыбұлақ өзені жағасындағы үй-жай орындары анық байқалады. Сонымен бірге орталық бөлігіндегі бай үй-жайлар мен алқалы мешіт ерекше көрінеді. Қаланың солтүстік-батыс қабырғасы – 1200 м, оңтүстік-батыс қабырғасы – 1000 м. Қаланың сыртқы қабырғаларының кейбір тұстары, әсіресе солтүстік-батыс бөлігі 200 м-ге дейін жақсы сақталған. Мұнаралар байқалады. Қабырғаларының биіктігі – 6-8 м, сыртынан қоршаған ордың іздері білінеді. Қаланың ішкі жағында қалалық үй-жайлардың арасынан арықтардың ізі мен су қоймалары, орталық көше аңғарылады. Қала археологиялық және нумизматикалық материалдар бойынша VIII ғ. соңы–XIV ғ. басымен мерзімделеді.
Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері мен жазба деректердің мәліметтерін саралау қалада түрік ұлты өкілдерінен басқа Орта Азия қалаларынан сауда жолдары арқылы келген көптеген ұлт өкілдерінің тұрғандығын анықтады. Қаланың тұрмыс-тіршілігі мен қоғамдық өмірі жайлы Француз королі ІХ Людовиктің моңғолдың ұлы қағаны Мөңке ханға жіберген елшісі Гильом де Рубруктің жазбаларынан жақсы білеміз. Сол сапарында Қойлық қаласында 12 күн аялдаған елші ондағы базар, қала алаңы, діни ғибадатханаларда болып, оларды сипаттап жазған.
Ғибадатхананы Гильом кезінде былай сипаттаған: «Ғибадатханалар шығыстан батыс қа қарай орналасқан, ал солтүстік жағын да әншілер тұратын (клирос) тұғыры бар бөлме, егер үй төрт бұрышты болса, бұл бөлме үйдің ортасында орналасқан. Солтүстік бүйірден клиростың орнына қуыс жасап, онда ұзын да жалпақ үстел секілді сандық жайғастырады және сандықтың оңтүстік жағына Қарақорымда өзім көргендей өлшемдегі басты идол қойылады, ол Әулие Христофор салған суреттегі өлшеммен бірдей...
Үстелге ұқсаған осы сандыққа олар шырақ пен құрбандарды қояды... Біздегі пұтқа табынушылардікіндей үлкен қоңыраулары бар...».
Жоғарыда ғибадатханаға берілген сипаттама оның буддалық сипатын айқындайды. Әсіресе құрбандық үстелі дәл сипатталған. Бұл пікірді мерекені сипаттау да растайды: «Жоғарыда аталған қасиетті ғибадатханаға кіргенде, мен пұтқа табынушы абыздарды көрдім. Бірінші күннен олар ғибадатханалардың есігін айқара ашады және абыздар діни киімдерін киеді. Олар хош иісті заттар алып келіп, шамдарды көтеріп, халықтың нан мен жеміс-жидектен тұратын құрбандықтарын ұсынады». Шындығында, ай күнтізбесі бойынша жаңа айдың 1-і мен 15-ші күндерінде буддалық дін қызметкерлері күні бойы хош иісті заттарды өртеп, нанды, жемістерді, суды құрбандыққа алып келіп, шамдарды жағып қояды.
Бұл Будда ғибадатханасы болғандығын дін қызметкерлері мен сиынушылардың киімін сипаттауы дәлелдейді: «...Барлық абыздар басы мен сақалын толық қырған, олар тазалықты сақтаған және бір қауымда бірден жүз немесе екі жүзі өмір сүру керек. Олар ғибадатханаға кірген уақыттағы күні екі орындық қойып, клирос бағытында қарап отырғанымен, оған қарсы жердегі кітапты қолына ұстайды... Олар қайда барса да, әруақытта қолдарына жүз немесе екі жүз өзек тізілген қандай да бір жіп болады, біз ұстап жүрген таспиқ сияқты және үнемі «Оmmani bессаm» сөзін қайталайды, яғни «Құдай, сіз барлығысыз» деп олардың бірі маған мұны аударып берді және ол Жаратушыдан қанша рет ризашылық күтсе, сонша рет мұны Құдайды еске алу үшін айтады».
Гильом де Рубрурк барған ғибадат- ханалардың бірі былай сипатталады: «Жоғарғыда сипатталған Қойлық қаласында үш пір бар. Солардың біріншісінен мен бір адамды көрдім, оның қолындағы сия мен крестке қарап мен оның христиан екенін түсіндім. Мен одан сұрадым: сен христиансың ба деп? барлық сұрақтарға ол христиандарша жауап берді. Мен одан тағы да сұрадым неге мұнда крест пен Иса Мәсіхтің бейнесі жоқ? деп. Ол былай деп жауап берді: Біз үшін бұл салтымызға жатпайды. Осыдан мен олардың христиан екеніне сендім, бірақ олар діни білімінің төмендігінен оны елемейді. Алтарь орнына қызмет атқарған сандықтың артынан қанаты бар әулие Михаилге ұқсас бейне мен саусақтарын бата беріп жатқан кейіпте ұстаған епископқа ұқсас тағы бір бейне көрдім». Қолындағы крест әулиелердің бейнесі және киген киімі, бұл шіркеудің манихейлік дінге сыйынатын адамдарға тиесілі екендігін көрсетеді. Манихейлік түріктер арасында, оның ішінде қарлұқтарда кең тараған.
Қойлықтың жанында шығысқа қарай 3 км жерде Рубрук Қойлықта аялдағаннан кейін жүріп өткен ауыл бар. Бұл қоныс, шамасы Қойлық қаласынан 6 км орналасқан Лепсі қаласының орны. Өкінішке орай, ол қирағандықтан археологиялық жұмыстар жүргізу қиындық туғызып, христиан шіркеуінің қалдықтары әзірге табылмады.
Қойлық пен Жетісудың басқа аудандарында ислам діні кеңінен таралған. Ол Жоңғар Алатауы маңына Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісудың оңтүстік-батысына, Талас, Шу өңірлеріне қарағанда едәуір кеш тараған. Қарахан қағанатында ислам діні ресми түрде Х ғ. бірінші жартысында мемлекеттік дінге айналады. Тарихшы жазып алған аңызға сәйкес, исламды алғаш қабылдаған Сатұқ Қараханның түсінде, көктен түскен адам, түркі тілінде: «Өзіңді осы және арғы дүниеде құтқару үшін исламды қабылда», – деп аян берген. Қарахан мемлекетінде Ислам дінінің қабылдануы мұсылман мәдениетінің жылдам таралуы мен қалаларда мешіттердің, мұсылмандар Қойлық/Каялык. Будда ғибадатханасы. XII–XIII ғ.ғ. мазарының және кесенелердің пайда болуына ықпал етеді.
Түркістаннан көшіп келген Қожа Ахмет Яссауидің шәкірттері мен ізбасарлары Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу қалаларына исламды негізгі таратушылар болды. Жазба деректерде олардың қатарында дін уағыздаушы қожалардың Қойлық қаласында да тұрғаны жайлы айтылады. Дәл осы қалада 1281 ж. Түркістан қожалары шежіресі нұсқаларының бірі жазылған. Жазба деректерде айтылған мәліметтерді Қойлық қаласындағы мұнаралы мешіт, кесене, ханака орындарында жүргізілген қазба және зерттеу жұмыстары растайды.
Қала орталығындағы мешіт қазбаға дейінгі көлемі 35х30 м болатын төртбұрышты биік төбе күйінде болды. Қазба жұмыстары мешіт ғимаратының көлемі – 34х28 м, қабырғасының қалыңдығы 2 м болғанын көрсетті. 1,5-1,6 м биіктікте сақталған ғимараттың қабырғалары төрт бұрышты қам кірпіштен тұрғызылған. Қабырғасының ішкі жағы сыланған, ал сылақтың астында ошақтан шыққан ыстық түтін мен ауа жүретін құбырлар болған. Суық мезгілде мешіт осылайша жылытылған.
Мешітке кіретін есік шығыс қабырғаның бойында орналасқан, оған қарсы батыс қабырғаның ортасында Мекке қаласының бағытын көрсететін күйдірілген кірпіштен қаланған ойық түрінде михраб жасалынған. Бұл – мұсылмандар намаз оқыған кезде бет бұратын мешіттің ең қасиетті бөлігі. Қойлық мешіті – сәулет ескерткіштерінің бағаналы түріне жататын құрылыс. Бұл мешіттің ішінде қосымша қабырғалары болмағанын және оның шатырын көптеген ағаш арқалықтар ұстап тұрғандығын білдіреді. Бағаналар шіріп кеткенімен, олардың астына қойылған тас тұғырлар сақталған, олардың жалпы саны – 54. XII–XIII ғ.ғ. салынған мешіт өзінің көлеміне қарағанда тек қалаға ғана емес, бүкіл Қарлұқ жабғулары еліне белгілі болған басты мешіт болса керек.
Мешіттің жанында XII–XIIІ ғ. бірінші жартысында салынған кесенелер кешені болған. Бастапқыда әдейі бұзылған кесенелер уақыт өте келе біржолата қирап төбеге айналған. Кесенелердің бірінің қабырғаларының бұрыштары сақталған. Еденіне төртбұрышты күйдірілген кірпіштер төселген. Еденнің астынан төрт қабір: екі ер адамның, әйел мен баланың қаңқа қалдықтары табылған. Олар мұсылман салты бойынша жерлеген. Ислам заңдарына сәйкес, қабірге жерленген адаммен бірге заттар қойылмайды, кейде ол ережелер сақталмайтын да кездер болады. Әйелдің қабірінен іші қуыс дөңгелек алтын моншақтар мен екі алтын сақина табылған.
Кесене орнына жүргізілген қазба кезінде күйдірілген кірпіштердің үйінділері анықталады. Кірпіштердің бірсыпырасы кейінірек пайдаланылған. Оймышты тақталар мен кірпіш сынықтарына қарағанда кесенелердің фасады арнайы өрнектелген кірпіштермен қаланған, қабырғасын безендірген геометриялық және өсімдік өрнектерінің арасында арабша жазулардың да болғаны анықталды.
Қойлықтың тұрғын үйлер орналасқан орамдарында, қаланың дәулетті тұрғынының үй-жайын қазу жұмыстары қызықты нәтижелер берді. Үй-жайлардың арнайы пештен шыққан түтін мен ыстық ауаның еден астынан өтетін желісі арқылы жылытылғандығы белгілі болды. Үй-жайлардың біріндегі дәулетті қала тұрғыны үйінің алдыңғы жағы оймышты өрнектермен безендірілген. Үй-жайды қазу кезінде табылған қытайлық керамика, ирандық аспа шамы (алтын қоңыр түсті сырмен боялған керамика) және шыны, сонымен бірге орта-азиялық қолаға қарағанда мұнда шеттен әкелінген қымбат заттарды сатып алуға мүмкіндігі бар дәулетті адамның тұрғандығы белгілі болды.
Олай болса, өңір арқылы өткен Ұлы Жібек жолының бойында IX–XIV ғ.ғ. аралығында өмір сүрген Қойлық қаласының орны ашылып зерттелді. Ол өз заманында Қарлұқтардың аса маңызды сауда-экономикалық және мәдени, ру- хани орталығы болған. Қазба кезінде табылған күміс және мыс теңгелер қала Еуразияның байтақ даласын алып жатқан моңғол империясының Шағатай ұлысының астанасы болып тұрған кезде жергілікті теңге сарайында соғылғандығын көрсетеді. Қала XIII ғ. будда, христиан, манихей және ислам діндері бейбіт қатар өмір сүрген рухани, қасиетті орталық болған. Бұған Гильом де Рубруктің жазбалары мен будда ғибадатханасы, манихейлік шіркеу мен мешітте жүргізілген қазба жұмыстары дәлел болады. Қойлыққа исламның таралуы жергілікті топоним- дермен, атап айтқанда Арабсай және араб- мұсылман уағыздаушысы туралы аңыздармен де расталады.
Деректер
- Байпаков К.М., Воякин Д.А. Средневековый город Каялык. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2007. – 224 с., ил. (на каз., рус., англ. яз.)
- Байпаков К.М. Воякин Д.А. Выдающиеся археологические памятники Казахстана. – Алматы: Издат. «Асыл сөз», 2014. – 504 с. – С. 283–289.
- Железняков Б.А. Мавзолеи и ханака средневекового Каялыка: о процессах исламизации в Северо-восточном Жетысу в XIII в. // Культурное наследие Евразии. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2016. – С. 154–178.