Райымбек батыр кесенесі
Сипаттамасы
Алматы қаласы Жетісу ауданы Райымбек даңғылы 196а ғимаратында орналасқан.
Райымбек (1705–1780 ж.ж.), Ұлы жүздің албан руынан шыққан қазақтың батыры, оның әкесі – Төке, атасы – Ханкелді. Ол 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы шайқастарда ерлігімен көзге түседі. Райымбек батыр Жетісу және Қаратау жерлерін жаудан азат етіп, қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас және т.б. батырларын жекпе-жекте жеңген.
1729 ж. атақты Аңырақай шайқасында Кіші Жүз ханы Әбілқайыр хан басқарған біріккен қазақ жасағы құрамында соғысып, Қалдан Серен қоңтайшы басқарған жоңғар әскеріне жойқын соққы береді. Райымбек батырдың есімі Албан руының ұранына айналған. 1733 ж. қазақтың Ұлы Жүз тайпаларының елшісі ретінде Жоңғарияда болады. Райымбек кемеңгер елші ретінде Қытаймен келісімдер арқылы бейбіт қарым- қатынас орнатып, соның нәтижесінде қытай- қазақ шекарасы анықталады. Өз кезегінде Абылай хан Райымбек батырдың көрсеткен ерлігі үшін қазақ әскері қолбасшыларының бірі етіп тағайындайды.
Қазақ халқында атақты батырдың есіміне байланысты оны «әулие» деп атауға негіз болған көптеген аңыздар сақталған. Бірде жоңғарлардан жасырыну кезінде Райымбектің әскері буырқанған өзеннен өте алмай қалады. Сол кезде Райымбек Жаратқанға дұға жасап өзеннің ағысын тоқтатқан екен.
ХХ ғ. Азамат соғысы кезінде батырдың моласы қиратылса, ал 1960-шы ж.ж. осындағы мұсылман зиратын ысырып тастауға талпынған. Көпшіліктің айтуына қарағанда зиратты ысыру барысында көптеген құрылыс техникалары сынып және көп кедергіге ұшырағандығы белгілі болды. Нәтижесінде зиратқа еш зиян келмей, сақталып қалған. 1981 ж. Райымбек батыр моласының басына гранит тақта орнатылады.
1994 ж. «Райымбек» тарихи-этногра- фиялық қоғамның бастамасы бойынша атақты батырдың бейітіне сәулетті кесене тұрғызылады. Ол Алматы қаласының халық көп жүретін үлкен көшенің бойында орналасқан (1991 ж. бастап Райымбек даңғылы деп аталды). Кесене архитекторлары Б. Ибраев, Ш. Өтебаев, С. Ағытаев. Кесене шатыр құрылымдағы конус тәрізді күмбезді болып орындалған, оның басына исламның белгісі – жарты ай орналастырылған. Ескерткіштің архитектуралық формасы жоғарғы жағы гофрленген күмбезі бар цилиндрлі мұнара күйінде келген. Кешеннің кіреберісінде шөккен түйенің мүсіні орнатылған. Халық аңызы бойынша «менің мәйітімді ақ түйенің үстіне артып, түйе қайда шөксе сонда жерлеңдер» деп өсиет еткен екен. Кешеннің ішкі ауласында биографиялық тақтасы бар стела орнатылған. Мазардың жанынан құрбандық шалатын бөлме және шырақшының үйі салынған. Культтік кешен периметрі бойынша қоршалған.
Кесененің киелілігі Райымбек батырдың Жетісу және Оңтүстік Қазақстан жерлерін жоңғарлардан азат етуде алатын орнының маңыздылығымен байланысты. Райымбек батыр кесенесі республикалық маңызы бар тарихи, архитектуралық және монументалдық өнер ескерткішіне жатады. Батырдың жерленген жері тәуап ету мен туризм нысаны болып табылады.
Деректер
- Мәдени Мұра. URL: http://www.madenimura.kz/ru/culturelegacy/ memorials/
- Памятники истории и культуры Алматы. Каталог документов / Состав. Л.А. Матвеева. – Алматы: Өнер, 2003. – 208 с.
- Свод памятников истории и культуры города Алматы – Алматы: Казахская энциклопедия, 2006. – 360 с.
- Энциклопедия Алматы. URL: http://almatykala.info/ thesaurus/rayymbek-batyr.html