Сарыбай би мемориалдық кешені
Сипаттамасы
Алматы облысы Жамбыл ауданы Қайназар ауылында (Қарасу ауылдық округі) орналасқан.
Сарыбай Айдосұлы (1821–1890 ж.ж.) – қазақтардың қоқандықтарға қарсы ұлт-азаттық күресінде аты шыққан қазақ қолбасшысы, биі. Ол Ұлы жүздің шапырашты тайпасы, екей руынан шыққан. 15 жасынан бастап қоқандықтармен болған қақтығыстарға қатысып, әскери тәжірибесі мен өзінің жауынгерлік өнерін жетілдіреді. Кейін оған батыр атағы беріліп, қоқандықтарға қарсы халық жасағын басқарады.
1850 ж. аяғында Ресей империясы Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанды жаулап алу үшін Қазақстан мен Қырғызстан аумағындағы қоқан билеушілерін әскери күшпен ығыстыру саясатын жүргізе бастайды. 1860 ж. орыс әскері Шу даласына кіріп, одан кейін Әулиеата, Шымкент және Ташкенттегі қоқан бекіністерін басып алады. Сонымен қатар Қырғызстан аумағындағы Тоқмақ және Пішпектегі бекіністерді алады. Шегінген қоқандықтар 1860 ж. қазан айында Верныйға шабуыл жасайды. Алатау округі және Ұлы жүздің приставы, майор Г.А. Колпаковскийдің бұйрығымен оларға қарсы Сарыбай бастаған қазақ жасағы аттанады.
1860 ж. қазан айында Ұзынағаш шайқасында қазақтар мен орыс әскерлері бірлесіп, қоқандықтарға қарсы соққы береді. Одақтастар қарсыластарын талқандап, шешуші жеңіске қол жеткізеді. Осы шайқаста әскерді шебер басқарғаны үшін Патшалық Ресей Сарыбайға патша әскерінің полковник атағын және «Святая Анна» алтын медалін береді. Сонымен қатар Алатау дуанының биі болып сайланады.
Халық аузындағы аңыздарда Сарыбай би әділ және байсалды адам болған. Ел арасындағы «Сабыр түбі – сары алтын» нақылы Сарыбайдың сөзі болып есептеледі. Билік жүргізуімен қатар керемет шешен болған. Алатау дуанының биі ретінде көптеген даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешіп отырғандықтан, болыстар мен қырғыз рулары арасында құрметке ие болған.
Сарыбай бидің мемориалдық кешені өрнектелген аласа қоршаумен қоршалған. Ортасында Сарыбай биге бюст орнатылып, жанына қойылған кітап секілді жасалған гранит тастың бетіне дұға жазылған. Кесене қарапайым өзіндік архитектуралық сипатқа ие: аласа сфералы күмбезді ұстап тұрған үлкен төрт төртбұрышты пилон-бағаналар қазақтың ұлттық өрнегімен өрнектелген.
Нысанның киелілігі Сарыбай бидің қоқандықтарға қарсы соғыста көрсеткен ерлігімен байланыстырылады. Сарыбай бидің жатқан жері тәуап ету мен туризм нысаны болып табылады.
Сарыбай би мемориалдық кешені жергілікті маңызы бар тарихи және монументалды өнер ескерткіші болып табылады.
Деректер