Талғар/Талхир

Сипаттамасы

Ұсталар қаласы. Ол қазіргі Талғар қаласының оңтүстік бөлігінде, өзімен аттас өзен жағалауында орналасқан (Алматы облысы). Талхир туралы қызықты мәліметтер 982 ж. парсы тілінде жазылған белгісіз автордың «Худуд әл-Алам» («Әлем шекаралары») атты шығармасында кездеседі. Онда Жетісудың солтүстік-шығыс жағындағы елді мекендердің арасынан Талхирді де атап өтеді. Ол – түріктердің жікіл және қарлұқ тайпаларының аралығындағы шекарада, тау ортасында орналасқан. «Оның тұрғындары – ортағасырлық автордың сипаттамасы бойынша – жауынгер, батыл және айбынды». Елді мекеннің атауын талдай келе ғалымдар шығарма түпнұсқадан көшірілгенде бұрмаланып, басқаша – Талхир деп аталып кеткен деген қорытындыға келеді.

Одан атаудың қазіргі Талғар қаласы екендігін оңай білуге болады, сонымен бірге Іле Алатауының ең жоғары шыңдарының бірі, одан бастау алатын өзен мен ортағасырлық қала да осылай аталады. Бүгінгі таңдағы Талғардың негізін қалаушы қала өзеннің оң жақ құлама жағалауында, өзеннің тау шатқалынан шыға берісінде орналасқан. Қазіргі таңда ғалымдардың ешқайсысы қала орны деректердегі Талхиз елді мекеніне сәйкес келетініне күмән келтірмейді.

Ортағасырлық Талхир қаласының орны, қазіргі уақытта барлық жағы шөккен дуалдармен (жал) қоршалған төртбұрышты жоспардағы биіктеу төбе күйінде сақталған. Бұл – цитадель, оның алып жатқан алаңы – 9 га. Дуалдарының бұрыштарында және периметрі бойынша мұнаралар орналасқан. Дуалының сыртында айнала ор жатыр. Төрт қақпа бірбіріне қарама-қарсы қамал қабырғаларының ортасында орналасқан. Оларды қаланың бүкіл аумағын төрт бөлікке бөліп тұрған жолдар байланыстырып тұр. Қаланың бекініс бөлігіне бар лық жағынан өзіндік сауда-қолөнер және егіншілік телімдерді құраған құрылыстар жалғасады.

Қаланың пайда болу уақыты, оның өмірінің гүлдену және құлдырау кезеңдері, жойылып кету себептерін анықтау, сонымен бірге нақты топографиялық көрінісін ұсыну мақсатында көптеген жылдар бойы археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Ортағасырлық Талхир қаласының тарихын жан-жақты қамтитын материалдар көптеген ғалымдардың арнайы еңбектерінен көрініс тапқан (И.И. Копылов, С. Жолдасбаев, Т.В. Савельева, К.М. Байпақов, К. Чанг).

VIII ғ. аяғы – IX ғ. басында болашақ қаланың орнында бекіністі орда бой көтерген. Осы кезеңде оның қабырғасының сыртына саудагерлер мен қолөнершілер қоныстана бастайды. Бастапқыда олар қаланың билеушілерімен оның ауласындағыларды қамтамасыз етсе, уақыт өте тауарды маңайындағы отырықшы ордалар мен көшпелі халықтарға арнап өндіре бастады. Осылай біртіндеп әкімшілік билік орталығы, сонымен бірге қолөнер мен сауданың даму орталығы ретінде қала қалыптасады. Қала қалыптасуының мұндай жолы Қазақстан мен Орта Азияның көптеген елді мекендерге тән құбылыс.

Қаланың өркендеуінде Жетісу арқылы өткен Ұлы Жібек жолы маңызды рөл атқарады.

IX ғ. соңы – X ғ. басында Талхир ірі қалалық орталыққа айналады. Карахан мемлекетінің жекелеген аймақтармен экономикалық және мәдени байланыстардың күшеюі қолөнер мен сауда, егіншілік пен мал шаруашылығының дамуына алып келеді. Осындай жағдайда қалалардың саны артады. Олардың аумағы айтарлықтай кеңейеді. Әсіресе Іле өңірінде отырықшы-егіншілікпен қалалық мәдениет қарқынды дамиды. Біршама ертерек өмір сүрген қалалар үлкен географиялық және экономикалық аудандары бар астаналық орталықтарға айналады. Осындай астаналардың бірі Талхир – Іле өзенінің сол жақ жағалауындағы ірі қала болады. XI – XII ғ.ғ. Талхирдың аумағы кеңейіп, көптеген жаңа құрылыстар бой көтереді.

Қаланың орталық және қала түбі бөлігіндегі құрылыстар бір-бірінен ерекшеленеді. Жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары оның орталық бөлігіндегі құрылыстар тығыз, тұрғын үйлер бір-біріне жалғаса салынғанын көрсетеді. Тұрғын үй алабы басты, сонымен бірге орам ішіндегі және тұйық көшелермен бөлінген. Қалаға батыстан және шығыстан кіретін басты қақпаларды жалғастыратын бетіне тас төселген басты көшенің кейбір бөліктері тазаланады. Тас төселген көшенің ұзындығы – 300 м, ені – 3 м, оларды жағалай бір жағынан жаяу жүргіншілерге арналған жол салынған. Жаяужолдың деңгейі көшенің деңгейінен 15-20 см-ге дейін биік орналасқан және оларды қатарластыра тығыз орнатылған тас жиектеме бөліп жатыр. Басты көшелер мен қала орам- дарын байланыстырған кішкене көшенің де бетіне тас төселген, оның ені 1,8-2 м болады. Ортағасырлық Талхир қаласында тас төселген көшелерден басқа, су құбыры тармақтары да болған. Құмырашылар шеберханасын тазалау барысында суды өндірістік кешенге тікелей әкелетін су құбыры анықталды. Қазба барысында ашылған ұзындығы 12,5 м су құбыры 32 жеке қыш құбырдан тізілген, әр құбырдың ұзындығы 42-43 см, диаметрі 15-16 см. Қала маңы аймақтарындағы үйлерде шаруашылық және мал ұстайтын құрылыстар болған.

«Талхирдің тұрғындары кімдер?» деген сұрақ толығымен шешімін тапқан. Жазба деректер олар қарлұқтар мен жікілдер деген нақты жауап береді. Түрік тайпаларына жататын оларға VІІІ ғ. Іле өңірі тиесілі болған. XIII ғ. басына дейін олар Жоңғар Алатауы жотасының етегінде орналасқан Қойлық қаласы астанасы болған Қарлұқ қағанаты деп аталатын мемлекеттің құрамында болады. Тіпті, Қарахан әулетінің үстемдігі орнағаннан кейін де қарлұқтар өз автономиясын сақтап қалады. Қалада қарлұқтармен қатар үйсіндердің ұрпақтары, Соғдыдан келгендер (Бұхара мен Самарқан аудандарынан) және Иран мен Қытайдан келген көпестер де тұрған.

Басқа да үлкен қалалар сияқты, Талхир тұрғындары құрамы жағынан алуан түрлі еді. Қаланың орталық бөлігіне жеке орамдар салынған. Алайда қолөнершілер негізінен қаланың шеткі аймағы рабадты мекендеген. Бұл жерден құмырашылар шеберханалары, ыдыстарды күйдіруге арналған пештер, шеберлердің құралдары: құмырашы шарығының тастан жасалған негіздері, төстер, сипая, минералдық бояулар жиынтығы табылады. Шеберлер өз өнімдерімен қала мен оның айналасындағы ауыл тұрғындарын қамтамасыз етіп отырғаны анықталады.

Осы кезеңде металдан жасалған бұйымдарды өндіру дамып, ұсталық жұмыстар, темірден түрлі заттар жасау, қымбат металдардан жасалған зергерлік бұйымдарды шығару жоғары деңгейге жетеді. Ұсталық қолөнер ерекше жетістікте дамыды. Қазба жұмыстары барысында жүздеген темір бұйымдар: ауылшаруашылық құралдары, қару-жарақтар (қылыш, қанжар, пышақ), керемет темір шырақ, ұстаның әр түрлі құрал-саймандары (төс, балға, қысқаш) және құрылыс заттары (балға, ара, шеге, қашау, қайшы) табылады. Темірден жасалынған заттарды макро- және микроқұрылымдық талдау көмегімен зерттеуде ғалымдар темір, шойын және болаттың әр түрлі сұрыбын, оның ішінде болат немесе дамаскілік тигельді анықтады. Мыс ұсталары көлемді шамдалдар мен әшекейленген шырақтарды дайындаған. Шыны ісінде көркем графиндермен құмыраларды үрлеп жасаған. Қолөнердің дамуы және қала экономикасының өсуі Талхирде сауда рөлінің күшеюіне ықпал етеді. Қала отырықшы және көшпелі халықтарға да қызмет көрсетеді.

Ұлы Жібек жолы бойындағы халықаралық сауда арқылы қалаға қымбат тауарлар, сондай-ақ басқа алыс-жақын шетелдердің үлкен талғаммен жасалған бұйымдары келіп тұрған. Талхирден табылған заттардың арасында әсем қола құмыралар, тостағандар, табақтар бар. Мұндай өнімдер Орта Азия мен Иранның оңтүстік аймақтарынан бастау алады. Осы жерден қазба жұмыстары кезінде қоладан жасалған жарты-сфералық пішінді, гүлді ою-өрнектермен безендірілген тостаған табылады. Мыс табақтың ортасында геральдикалық қалыпта орындалған, екі сфинкс бейнеленген медальон үлкен қызығушылық тудырады. Қытайдан Талхирге фарфор ыдыстар мен қола айналар, тіс щеткалары және тамақ жейтін сүйек таяқшалары әкелінді. Үндістаннан піл сүйегінен жасалған шахмат және сүйектен жасалған Будданың бейнесі, ал Афрасиабтан қыштан жасалған бұйымдар сауда байланыстары арқылы жеткен.

Сауданы жүргізу үлкен қаражатты қажет етеді. Сондықтан көптеген мыс пен күміс тиындардың Талхирден табылуы таңқаларлық жағдай емес. Олардың көпшілігі ХІ–ХІІ ғ.ғ. Орта Азияның түрлі қалаларында соғылған. Дегенмен Талхирде теңге соғатын сарай болғаны жайлы толық анықталмаған болжам бар.

1856 жылы Шоқан Уәлихановтың Ыстықкөлге барған сапарында жазылған күнделігінде Талхир қаласының қиранды орны сипатталған. Ол былай деп жазады: «Талғардың жоғарғы жағынан біз қорғанның қалдықтарын көрдік. Қырғыздар оны Рүстемовтікі деп атаған. Бұл қорған өз уақытында өте берік болған, қазір де екі қақпасы бар. Оның тереңдігі 6 сажен болатын үш тік оры бар. Қорған орналасқан алаң – жердің бетінен 8 сажын биік. Ордан алаңға дейін көптеген алма ағаштары, сонымен бірге бөріқарақат пен басқа да бұтақтар өскен».

Ортағасырлық Талхир қаласы – Ұлы Жібек жолы бойындағы әртүрлі этникалық топтар: түріктер мен соғдылар мекендеген қала. Мұнда ирандық және орта-азиялық көпестер мен қытай саудагерлерінің сауда-саттық орындары болған. Қалада сауаттылық болғандығын араб, парсы, қытай тілдеріндегі жазулардың табылуы растайды.

Қала орнынан мешіт, несториандық шіркеу, будда храмы секілді діни ғимараттар әзірге табылған жоқ. Алайда буддалық культтік бұйымдардың болуы, керамикада крест бейнелерінің болуы орта ғасырда ірі сауда мен қолөнердің орталығы болған Тальхир қаласының рухани киелі мекен болғандығын куәландырады.

Қала республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына жатады және мем- лекет қорғауында. Ескерткіш ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген.

Деректер

  1. Байпаков К.М., Воякин Д.А. Выдающиеся археологические памятники Казахстана. – Алматы: Издат. «Асыл сөз», 2014. – 504 с. – С. 299–303.
  2. Байпаков К.М., Савельева Т.В., Чанг К. Средневековые города и поселения Северо-восточного Жетысу. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2005. – 188 с., ил.
  3. Валиханов Чокан. Избранные произведения. – Алма-Ата: Казахское государственное издательство художественной литературы, 1958. – 644 с. – С. 280.
  4. Зиняков Н., Савельева Т., Воякин Д. Кузнечные и чугунные изделия средневекового Тальхира. Saarbrücken: Lambert Academic Publishing, 2013. – 480 p. URL: http://dnb.d-nb.de
  5. Худуд ал-Алам. Материалы по истории киргизов и Киргизии. – М.: Наука, 1973. – Вып. 1. – 280 с. – С. 13.
Толығырақ

Суреттер


Кіру