Текелі стеласы, Кеменшектас
Сипаттамасы
Талдықорған қаласынан 35 км жерде, Текелі қаласының шығыс жағында, Қора өзенінің шатқалдан шығар тұсындағы оң жағалауында орналасқан. Ескерткіш платформаға орнатылған. Оның диаметрі – 8 м., биіктігі – 1,5 м.
Бұл ескерткіш ойрат халқының тарихы мен мәдениеті бойынша дерек ретінде құнды және кейінгі орта ғасырлардағы буддизм тарихымен байланысты киелі ескерткіш болып табылады.
Текелі стеласы алғаш рет 1898 ж. белгілі болады. Ол жайында Н.Н. Пантусов мәлімет береді. 2008 ж. ескерткішті И.Е. Ерофеева мен А.Е. Рогожинский зерттеді.
Тегіс беті өзенге қараған көлемі 73х60х51 см болатын тасқа «тарих дөңгелегі» символы мен тибет тілінде дұға жазулары қашалып түсірілген. Бейнеленген белгі адам ның өзінің жеке табиғаты мен қоршаған болмысының түрленуінің үш деңгейін көрсететін Калачакра (уақыт дөңгелегі) будданың тантралық ілімінің символын білдіреді. Тастың бетіне отырған Шакьямуни Буддасы салынған. Ол буддистер пантеонының басты кейіпкері. Шакьямуни Буддасы монахтың киімімен жасанған. Оның оң қолы жерге тиіп тұрған, ал сол қолында садақа жинайтын тостаған ұстаған кейіпте бейнеленген. Ол нирвана (дүниеден баз кешіп, рахат күйде болу) жағдайында тұр. Бұл Будданың ісін көрсететін, отырған және тұрған жағдайындағы символдарға толы Будданың әдеттегі кейіпі. Будда суретінің астында оны ұстап тұрған арыстан бейнеленген.
Ескерткіштің құрылысы Қазақстан аумағынан жоңғар тайпаларының жылжуымен байланысты.
XVII ғ. 70-80-ші ж.ж. жоңғар тайпалары Тибетпен тығыз байланыстар орнатқан кезеңде, яғни Қалдан қонтайшының басқарып тұрған уақытында Іле өзенінің оң жағалауына будда монастырын салады. Алғашқы салынған монастырьлердің бірі қазіргі Текелі қаласының ауданында, Қора өзенінің жағасында, Қора мен Қаратал өзендері аралығына болған. Монастырь сақталмаған.
Кейінгі буддизм – тантризм Үндістандағы белгілі буддизмнен айтарлықтай ерекшеленеді, сондықтан да кейбір әулие-бодхиствтің екі атауы бар. Олар тибет және ойрат тілдерінде жазылған.
Ескерткіш – отандық және халықаралық туризм нысаны.
Деректер
- Археология Семиречья. 1857–1912 гг.: сб. док. и матер. / Отв. ред. Б.Т. Жанаев, сост. И.М. Самигулин. – Алматы, 2011. – 663 с.
- Ерофеева И.В. Памятники тибетского буддизма в Семиречье: Текелийская стела и иконографическая панорама Тамгалытас // ИАС. – 2017. – Вып. 5. – С. 174–189.
- Yerofeeva I. Lamaist Buddism in Kazakhstan (Seventeenth to Mid Nineteenth Century) // Kazakhstan. Religions and Society in the History of Central Eurasia / Ed. by Gian Luca Bonora, Nicolo Pianciola and Paolo Sartori. – Turin–London–Venice–New York: Umberto Allemandi & C, 2009. – P. 137–151.