Жайық қаласы

Сипаттамасы

Жайық өзенінің оң жағалауында, Жайық қаласынан оңтүстікке қарай 10 км жерде орналасқан (Батыс Қазақстан облысы).

Батыс Қазақстан облысы Қазақстан тарихи картада қоныстары мен қалалары жоқ «көшпелі тайпалар өңірі» ретінде қалған. 2001 ж. Жайық археологиялық экспедициясы ортағасырлық қалалар мен қоныстарды зерттеу мақсатында барлау-іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Экспедицияны облыстық әкімшілік, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Батыс Қазақстан тарих және археология орталығының қолдауымен Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты ұйымдастырады. Экспедицияға К.М. Байпақов жетекшілік етеді. Өңір үшін жаңа бағыт – ортағасырлық қала мәдениетін зерттеу Жайық қаласының маңындағы ортағасырлық Жайық қаласын анықтап, қазудан басталады. Жайық қаласының аумағы шамамен 7–9 га. Қаланың дуал, қабырға, ор секілді қорғаныс құрылыстары жоқ болғанымен, шекара қызметін табиғи жыралар мен өзен тарақта ры атқарған.

Қала үй-жай құрылыстарынан тұрады. Үй-жайлар бау-бақшалар, су қоймалары, каналдар және құрылыс телімдерінен еркін бөлініп орналасқан. Үш төбеге жасалғанқазба жұмыстары олардың астында жеке үй-жайлардың тұрғын үй кешендерінің қираған орындары жатқандығын көрсетеді. Құрылыстар тікбұрышты және төртбұрыш шикі кірпіштерден қаланған. Тұрғын бөлмелер әдетте үй ішінде орнатылған тандырдан шыққан түтін мен ыстық ауа жүретін арнайы құбыр – кан арқылы жылытылған. Сонымен бірге «үлкен үй-жай» мен «кіші үй-жай» үйлерінің бірінен анықталған күйдірілген кірпіштен соғылған тікбұрышты пештер де қолданылған. Тұрғын бөлмелерінде үш қабырғасының бойын жағалай орналасқан «П» тәрізді су- фалар, ұра (азық сақтайтын шұңқыр), қоқыс шұңқырлары, ташнау (санитарлық-тазалық қондырғылары) бар. Құрылыстың негізгі қабырғасының қалыңдығы – 70–80 см, кірпіштер бір-бірімен қабыстырыла қаланған. Еділ бойындағы қалалардың жоспары мен тұрғын үй құрылысының техникалық әдістерін Жайық қаласымен салыстыру Жайық өзені алабындағы қалалардың құрылыс мәдениетіне Хорезм мен Сырдария алқабындағы үй құрылысы дәстүрлерінің ықпалы басым болғанын көрсетті. Қалада зерттелген үй- жайлардың жоспары моңғол дәуірінен кейінгі Үргеніш, Отырар, Түркістан қалаларының үйлерінің жобасымен сәйкес келеді. Ерекшелігі үй ішіндегі кейбір құрылыстар мен жылыту жүйесінің орналасуынан байқалады.

Жайық қаласының орнында ХІІІ–ХVІ ғ.ғ. дамыған қала болғандығына Шығыстың ортағасырлық қалаларының негізгі ерекшелігі болып есептелетін шығыс моншасының қираған орнының табылуы куә бола алады. Өкінішке орай, қала қызметін тоқтатқаннан кейін құрылыстар толық қирап қалған. Қабырғала ры мен едендеріндегі сапалы, күйдірілген кірпіштер бұзып алынып, екінші қайтара қолданылған. Орталық Азиядағы осыған ұқсас құрылыстарды зерттеу тәжірибесі, оларды салыстыру арқылы моншаның бастапқы құрылы мын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. ХІІІ–ХІV ғ.ғ. моншалар толық қалыптасқан жоспарлық құрылымға ие болып, бірдей үлгідегі жобада (кішігірім айырмашылықтармен) мақсатына қарай тиімді ұйымдастырылып салынады. Жайық моншасының орталық залы сегіз бұрышты жобамен тұрғызылған. Шығыс және батыс жағынан жуынатын кішігірім бөлмелер жалғасқан. Монша еден астынан өтетін жүйе арқылы жылытылған. Жылу жүретін арналар барлық бөлмелердің астынан өткен. Барлық құрылыстың астыңғы бөліктері шамамен 1,4– 1,5 м жерге тереңдетіліп орналастырылған. Су жуынатын бөлмеге тармақталған қыш құбырлар жүйесі арқылы келіп тұрған.

Қыштан жасалған материалдарды талдау мен басқа да табылған заттарға қарап, қаланың өмір сүрген уақытын ХІІІ ғ. аяғы – ХІV ғ. деп мерзімдеуге болады. Топографиялық белгілері мен қазылған нысандар бұл жерде Алтын Орда дәуірінің ірі қаласы болғанын көрсетеді. Мұны табылған нумизматикалық материалдар да растайды. Жошының ұрпағы Өзбек ханның (1336–1337) кезінде соғылған теңгелер табылады. Бұл жерде қаланың болуы табиғи-географиялық жағдайлармен де негізделеді. Қаладан солтүстік-шығысқа қарай 3 км жердегі Борлы тауы маңында, Жайықтың бойында Төменгі борлы және Жоғарғы борлы атты өткелдер болған.

Жайық өзенінің иреңінде ірі қаланың болуын (Х ғ. өзен Джаха немесе Джаик-Жайык- Яик деп аталған) 1367 ж. италияндық ағайынды көпестер Пицигендердің, сонымен бірге 1562 ж. яғни одан 200 ж. кейін ағылшын капитаны Антони Дженкинсонның жасаған карталары растайды. XVI ғ. картада қаланың атауы бұрмаланып «Шакафни» деп көрсетіледі. Жайық қаласының ашылып, зерттелуі – оның жерлеу орындарын анықтап, зерттеу мәселесін алға қояды. Қалаға жақын маңдағы Ысқырық тау жотасының үстіндегі ені 3 км болатын жазықтан қала зиратының орны анықталған. Бұл күнде жыртылып тасталған оба тәрізді төбелердің маңынан күйдірілген кірпіштердің сынықтары табылады. Зерттеу жүргізілген осы жердегі оба тәрізді төбенің астынан жорамалданғандай мемориалдық құрылыстың құландылары шығады. Екі бөлмелі кесененің қиранды қалдықтары толықтай ашылды. Төртбұрышты күйдірілген кірпіштен тұрғызылған кесене бастапқыда полихромды сырлы тақталармен қапталған.

Кесененің сырт жағы параллелепипед пішінде, көлемі – 9×12 м, екі күмбезбен жабылған. Оңтүстік-батыс қабырғасы кесененің порталы болса керек. Порталды ниша ортасындағы есіктен зияратхана деп есептелетін бірінші бөлмеге кіреді. Бөлменің сол және оң жағында, шығыс және батыс қабырғалары бойымен аса биік емес суфалар салынған. Одан ары қарай көлемі 5,5×5,5 м болатын екінші бөлме – қабірханаға (гурхан -көрхана) өтеді. Осы бөлменің ішкі жағы алтын түстес эпиграфикалық өрнегі бар көк түсті сырлы тақталармен безендірілген. Көрханадағы жалғыз жерлеу орны орта тұсында, солтүстік қабырғаның бойындағы суфаның алдында орналасқан. Ол сол кездің өзінде-ақ толығымен тоналған, тіпті сағана кірпіштерінің көп бөлігі алынып тасталған. Сондай-ақ жерленген мәйіт сүйектерінің басым бөлігі жоқ. Тек бас сүйегі, аяқ-қолдарының ұзын сүйектері, жамбас сүйектері ғана анықталды. Кесененің қираған орнынан күйдірілген кірпіш сынықтары, шіріген ағаштың қалықтары шығады. Еден үстінен темір орындық, табыттың темірден жасалған шегелері, қола сылдырмақ, кішкентай темір пышақ, конус тәрізді темір қоңырау табылған. Белгілі болғандай, кесенелердің осындай түрі (порталды-күмбезді, екі бөлмелі) XIV ғ. екінші жартысында пайда болып, сол ғасырдың соңына қарай осындай құрылыстар салған сәулеткерлердің шығармашылық ізденістері шарықтау шыңына жеткен кезең болатын.

Келесі төбеден осы сияқты нашар сақталған, кесененің орны анықталады. Ондағы порталдың негізі тазартылып, ғимараттың батыс қабырғасының қалдықтары аршылады және төртбұрышты күйдірілген кірпіштер төселген порталдың алдындағы аула деңгейі тазартылып, порталды тіреу үшін кейіннен салынған шикі кірпіштен қаланған контрфорстың қалдығы шығады. Құрылыстың күмбезбен жабылған орталық бөлмесінің ауданы 100 м2 кем емес. Күшейтілген порталы, шамасы құрылыстың басқа қабырғаларынан едәуір биік тұрған, ал оның екі бұрышында мұнара болса керек. Ғимарат сыртының қаптамасында көгілдір түс басым болған болса, портал көк-ақ-көгілдір түсті өрнектермен безендірілген.

XIII ғ. соңы–XIV ғ. бірінші жартысы Алтын Орда тарихында едәуір тұрақтылық және қала мәдениетінің гүлденген кезеңі ретінде сипатталады. Шапқыншылық кезінде зардап шеккен кейбір маңызды сауда-экономикалық орталықтар қайта жанданады, ондаған жаңа қалалар мен ірі елді мекендер пайда болады. Бұл қысқа мерзімді қарқынды өсу кезеңі негізінен Өзбек және Жәнібек хандардың (1312–1357) билігі кезінде орын алған.

Белгілі болғандай, Өзбек ханның (1313– 1339) тұсында Алтын Ордада ислам ресми түрде мемлекеттік дін мәртебесін алады. Шамасы, дәл осы уақыттан бастап Алтын Орда империясының әр аймағында, оның ішінде Орта Азияда исламдық діни-мемориалдық құрылыстар жаппай пайда бола бастаған. Қалада жүргізілген қазба жұмыстары барысында табылған теңгелердің Өзбек хан соқтырған теңгелер (1336–1337 ж.ж.) болуы жайдан жай емес.

Әрине, Жайықтың қарапайым мазарлары мен әсем безендірілген кесенелері сол заманның өзінде қасиетті орын болған, сол мәртебесін осы күнде де жоғалтқан жоқ. Ескерткішке жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, қала тұрғындарының рухани орталықтары болған мешіт, ханака секілді қоғамдық құрылыс орындары әзірге табылмады. Мұндағы қала зиратында атақты адамдар жерленген. Жайық өңіріндегі ірі саяси- экономикалық және рухани орталық болған қала XIV ғ. мерзімделеді.

Деректер

  1. Байпаков К.М. Урбанизация в XIII – первой половине XV в. // Древняя и средневековая урбанизация Казахстана (по материалам исследований ЮККАЭ). – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2016. – Кн. III, ч. 1. – С. 247–270.
  2. Байпаков К.М., Смагулов Е.А., Ахатов Г.А. Средневековое городище Жайык. – Алматы: Credo, 2005. – 220 с.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Кіру