Қырықоба (Қырық-Оба) қорымы

Сипаттамасы

Б.з.д. VI–V ғ.ғ. жататын археология ескерткіші. Орал қаласынан шығысқа қарай 80 км жерде орналасқан. Ол географиялық тұрғыдан Жайықтың орта ағысы бассейініне жатады. Ол аттас екі топтан, Қырықоба – I, II тұрады. Жалпы алғанда оларда 40-тан астам обалардың болуы ескерткіштің атауына себеп болған (БҚО,Бөрлі ауданы). Көне көз қариялардың айтуы бойынша олардың аталарының өзі бұл жерді Қырықоба деп атап, қасиетті орын санаған.

Данилякөл ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 4 км жерде, Қараоба өзенінің сол жағалауындағы суайырық үстіртінде орналасқан Қырықоба-І обалар тобы – ежелгі тарихтың бірден-бір ерекше ескерткіші. Ол үш ірі обадан тұрады: 1 және 2 оба қатар жатқан ұзын да жіңішке үйінділерден тұрады. Қос оба бірін бірі айна қатесіз қайталайды (оның бірі екіншісінен кіші), оба үйінділері оңтүстігінен, солтүстік-оңтүстік сызығы бойынша шектеседі. Олар ескерткіштің айтарлықтай ерекшелігін және Еуразия даласындағы обалар арасында ешқандай ұқсастығының кездеспейтінін көрсетеді. Барлық обалар құрылысы тек ерте темір дәуірінің ерекше жерлеу орны ғана емес, біртұтас жерлеу кешенін құрайды.

1970-ші ж.ж. ескерткіштің алғашқы сипаттамасын берген Б.Ф. Железчиков Қырықоба обалар тобы көлемі мен масштабы жағынан маңызды, ерекше ескерткіштердің бірі екендігін атап өтеді. Осы архитектуралық құрылыстарды салу кезінде ландшафттың ерекшеліктерін ескерген ерте көшпелілер жер бедерін жақсы пайдаланып, кең далада орналасқан үлкен обаларды тек жақындағанда ғана көрінетіндей етіп тұрғызған. Ең ірі обаның биіктігі – 18,6 м, диаметрі – 208 м. Обаның көлемі мен үлкендігі, далалық жазықтықтағы монументалдық көрінісі оны «патша» оба деп атауға негіз болады.

2003 ж. негізгі обаға В.А. Демкин жетекшілігімен палеотопырақтық зерттеулер жүргізеді. Нәтижесінде оба ашық әктасты тақталармен қапталып, үйіндісінің беті құмтасты жұқа тақталардан тұратын тас «сауытпен» жабылып, үстіне топырақ үйілгендігі анықталады. 2009 ж. «ұзын үйінділердің» стра- тиграфиясы бойынша зерттеулерді Р.А. Сингатуллин Н.Г. Чернышевский атындағы Саратов мемлекеттік университетінің мамандары – А.И. Юдин, Р.С. Мергалиевпен бірге жүргізеді. 2016 ж. Батыс Қазақстанның тарих және археология орталығының мамандары Д.В. Марыксин мен Я.А. Лұқпанова №2 обаға барлау шұңқырын салады. Нәтижесінде олардың болмашы хронологиялық үзіліспен үш кезеңде салынғаны анықталады. Олардың құрылыс жүйесінің бірдей болуы бір уақыттағы құрылыс екендігін растайды.

Қырықоба-II обалар тобы Жайық өзенінің сол жағалауында Данилякөл ауылынан оңтүстікке қарай 5 км жерде, Қырықоба-I үлкен обасынан солтүстікке қарай 5 км жерде орналасқан. Көптеген обалар тобынан тұратын бұл кешен Бөрлі ауданының батыс жағында (БҚО), Теректі ауданының шекарасында орналасқан. Кешеннің обалары Орал-Бөрілі автокөлік жолының екі жағына жайғасқан. Ол батыстан шығысқа қарай 5 км жерге созылған қашықта шашыла орналасқан 30-дан астам топырақтан үйілген обалардан тұрады. Қорым шартты түрде екі бөлікке бөлінген: шығыс – Қырықоба-II (А), оған 8 оба кіреді, соның ішінде тізбектегі ең үлкенінің биіктігі – 7 м, диаметрі – 80 м және батыс Қырықоба-II (Б) жолдан оңтүстік-шығысқа қарай 100 м жерде орналасқан 21 нысанды құрайды. Ондағы ең үлкен обаның диаметрі – 30 м, биіктігі – 2 м-ге дейін. Қорымда 15 шақты обаға қазба жұмыстары жүргізілген.

2001 ж. ескерткіште алғашқы археологиялық зерттеу жұмыстарын Ж. Құрманқұлов жетекшілік еткен экспедиция жүргізеді. Алынған материалдар мен жерлеу ғұрпының ерекшеліктері аймақтағы ерте көшпелілердің елеулі және элиталық әлеуметтік топтарының қалдырған ескерткішін, солардың керек-жарақтарын куәландырады. 2002–2013 ж.ж. аралығында үзіліспен жүргізілген зерттеулер ді С.Ю. Гуцалов, А.А. Бисембаев, Ж.Е. Смаилов, Е.А. Смағұлов, М. Сейтқалиев, А. Кнутов жетекшілік еткен экспедициялар жүзеге асырады.

Оба үйінділері дөңгелек пішінде келген. Обалардың топырақ үйінділерінің астында жерлеу шұңқырлары орналасқан, дуалға тірелген ағаштан шатырлы және қима типіндегі күрделі құрылыстар анықталады. Жерлеу салтында отты пайдаланғаны барлық жерден көрінеді. Қабірдің үстінен қабырғалары 1 метрге дейін жететін балшықтан салынған сағана, сонымен қатар саз балшықты дуал және бастары солтүстікке қаратыла жерленген жүгенделген жылқылар анықталды. Жерлеу орындары төртбұрышты, тікбұрышты және кең дромосы дөңгелек келген, сонымен бірге ежелгі жер бетінен ұжымдық жерлеу орындары да табылды.

Қырықоба қорымының жерлеу орындарынан шыққан материалдар ат әбзелдері, алтарьлар, қола қазандар, қару-жарақтар, айналар және салттық бұйымдардан тұрады. Олардың көбі аң стильде орындалған. Бейнелердің арасында жыртқыш аңның және шөп қоректі жануарлардың бейнесі кездеседі. Кең таралған бейнелердің ішінде қасқыр мен жыртқыш құс бейнесі бар. Қырықоба-ІІ олжаларындағы аң стилі скифтік-сібірлік аң стилінің жергілікті нұсқасын байқатады. Ежелгі өнердің жоғарғы көркемдік үлгілері аймақтың ежелгі көшпелілерінің дүниетанымын, идеологиясын, аймақтағы ерте көшпелілердің қолөнерлік өндірісінің деңгейімен байланысты мәселелерді зерттеу бойынша археологиялық дерек болып табылады.

Зерттелінген барлық обалар б.з.д. І мың-жылдықтың ортасында қалыптасқан тайпалық одақтардың әлеуметтік және этникалық күрделі құрамы жөнінде және саяси орталығында аталған қорымға жерленген көсемдер мен оның айналасындағылар болғандығы туралы құнды ақпараттарды береді. К.А. Ақышевтың пікірі бойынша б.з.д. І мыңжылдықтың ортасында Қазақстанның ерте темір дәуірі тайпалары мемлекеттілік алдындағы жағдайдың сатысында тұрған. Жерлеу орындарында сырттан келген бұйымдардың көп болуы сақ тайпаларының бүкіләлемдік үрдістерге араласқандығын көрсетеді. Мұнда үш компоненттің қатысы айқын байқалады – Аралдың оңтүстік маңындағы массагеттік; Қара теңіз маңындағы скифтік және сармат уақытында қалыптасқан жергілікті. Скифтік компонент негізгісі ретінде біріктіруші, яғни Батыс Қазақстан мен Оңтүстік Орал маңындағы саяси үдерістердің жылдамдатушысы болып табылғандығын С.Ю. Гуцалов өз еңбегінде дәйекті түрде айтып өткен. Қорымдағы негізгі нысан құрылысының үлкендігі адам ресурсының айтарлықтай шоғырланғандығын, бұл тек әлеуметтік ұйымның жоғарғы деңгейінде ғана мүмкін болатындығын көрсетеді. Қырықоба-ІІ обасын зерттеу барысында топырақтан, саз блоктардан ағаш жабындыларды, бағана тіреулерді, шатырлық элементтерді және т.б. қолдану арқылы тұрғызылған жерлеу орны құрылымының бастапқыда күрделілігі жөнінде, ал бүгінде жалпайып кеткен, үлкен төбе күйінде сақталған оба туралы шынайы материалдар алынды.

Қырықоба – өңірде ешқандай ұқсастықтары жоқ, республикалық маңызы бар, б.з.д. І мыңжылдықтың ортасымен мерзімделетін ескерткіш. Ерте темір ғасырының біршама кейінгі жерлеу орындары б.з.д. IV–III ғ.ғ. кезеңіне сәйкес келеді. Сонымен қатар қорымда айтарлықтай кейінгі, ортағасырлық кезеңнің жерлеу орындары да болуы мүмкін.

Қырықобаны Батыс Қазақстандағы ерте темір дәуірінің ең негізгі жерлеу нысаны және онда аймақтағы үстем ірі тайпалық одақтың көсемдері жерленген деп есептеуге болады. Нысан кіріп-шығуға өте қолайлы аймақта орналасқан, маңынан болмашы жерден тас жол өтіп жатыр. Осыған дейін алынған материалдар негізінде орталық пункті Қырықоба-І қорымы болып, ондағы негізгі обаның жерлеу құрылысын және кешен аумағындағы экспозициялық павильон құрылысын қалпына келтіріп, ашық аспан астындағы «Далалық пирамида» қорық-музейін жасау жобасы дайындалды.

Деректер

  1. Алексеев А.О., Борисов А.В., Сдыков М.Н., Алексеева В.А., Ельцов М.В., Демкин В.А. Палеопочвенные и магнитные исследования археологического комплекса Кырык-Оба в Западно-Казахстанской области // Вопросы истории и археологии Западного Казахстана. Научный журнал. – Уральск, 2003. – Вып. 2. – С. 219–231.
  2. Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени және табиғат мұралары ескерткіштері. Памятники природного и историко-культурного наследия Западно- Казахстанской области. В 14-ти томах. – Орал, 2008. – Т. 4: Бөрлі ауданы / Бурлинский район. – 276 б.
  3. Бисембаев А.А. Исследование археологических памятников кочевников скифо-сакской эпохи Западного Казахстана: некоторые итоги и перспективы // Номады казахских степей: этносоциокультурные процессы и контакты в Евразии скифо-сакской эпохи: сб. матер. междунар. научн. конф. – Астана, 2008. – С. 155–168.
  4. Гуцалов С.Ю. Погребальные памятники кочевой элиты Южного Приуралья середины I тыс. до н.э. // АЭАЕ. – 2007. – № 2 (30). – С. 75–92.
  5. Джубанов А.А. Останки собаки из могильника Кырык-Оба // Вопросы истории и археологии Западного Казахстана. Научный журнал. – Уральск, 2004. – Вып. 3. – С. 329–333.
  6. Железчиков Б.Ф. Археологические памятники Уральской области. – Волгоград: Изд-во Волгогр. госуниверситета, 1998. – 136 с.
  7. Курманкулов Ж.К., Ишангали С., Раймкулов Б.Т. Исследования курганного отряда № 2 УКАЭ в 2001 г. на могильнике Кырык-Оба II // Вопросы истории и археологии Западного Казахстана. Научный журнал. – Уральск, 2002. – Вып. 1. – С. 87–92.
  8. Лукпанова Я.А. Звериный стиль на предметах конского снаряжения могильника Кырык-Оба-2 // Вопросы истории и археологии Западного Казахстана. Научный журнал. – Уральск, 2008. - № 1 (8). – С. 245–252.
  9. Мергалиев Р.С., Сингатуллин Р.А., Юдин А.И. Исследования на курганной группе Кырык-оба в 2009 году // Вопросы истории и археологии Западного Казахстана. Научный журнал. – Уральск, 2009. – № 2. – С. 221–238.
  10. Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Западно-Казахстанская область. – Алматы: Аруна, 2010 – С. 487.
  11. Сдыков М.Н., Гуцалов С.Ю., Бисембаев А.А. Сокровища скифов Западного Казахстана. – Уральск, 2003. – 124 с. с цв.ил. (на каз., рус. и англ. яз.).
  12. Сейткалиев Ж.К. Ближневосточные импорты в погребениях ранних кочевников Западного Казахстана (по материалам кургана № 2 некрополя Кырык-Оба II) // Известия НАН РК. Сер. обществ. наук. – 2009. – № 1. – С. 62–69.
  13. Смаилов Ж.Е. Қырықоба қорымындағы археологиялық зерттеулер // Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2005 жылғы Археологиялық зерттеулер жайлы есеп. – Алматы, 2006. – 68–70-бб.
Толығырақ

Суреттер


Кіру