Сырым шыққан төбе, мемориалдық кешені

Сипаттамасы

Орал қаласынан 89 км жерде Самара-Шымкент автожолының бойында орналасқан (Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы). Ескерткіштің тұрған жері – Тоғанас ауылының шығысынан 12 км жердегі Аңқаты-Ерсары өзендерінің бойы.

Сырым Датұлы (1712–1802) – қазақ халық тарихындағы белгілі есім. Байбақты руының старшинасы, отарлау саясатына қарсы және ұлт-азаттық қозғалыстарында Кіші жүз қазақтарын басқарған. Жайылымдық жердің жетіспеуі, патшалық биліктің Жайық өзенінің оң жағалауына малды өткізуге тыйым салуы, ру старшиналарының құқығына шетеу қоюы, сондай-ақ сұлтандар, Орал казактарының әскері мен патшалық әкімшілік тарапынан қысымшылық көруі қазақтардың көтеріліске шығуына себеп болады. Халық қозғалысы жетекшілерінің арасында Барақ батыр мен Тіленші батырдың есімдері де аталады. Осы уақытта Сырымның 60 жасқа келіп қалған, ел арасында құрметке бөленген, даналығы және ерлігімен беделге ие шағы. Сырым бастаған көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін Хиуаға көшуге мәжбүр болады.

Ескерткіш орнатылған жердегі төбені (Сырым төбе) Сырым және оның сарбаздары 1790 ж. үйген. Ашық күндері оның үстіне шығып 10–15 км аймақты шолуға болады. Сырым бұл төбенің басына бақылаушыларды қойған. Ел аузындағы әңгімелер бойынша, Сырымның сарбаздары жасақтың санын көп етіп көрсету үшін төбенің ең биік жеріне тоқтамастан көтеріліп, төменге жүгіріп түсіп, жауларына сес көрсетіп, қорқыныш тудырған. 1992 ж. төбенің басына ескерткіш орнатылады.

2007 ж. Сырым Датұлының туғанына 265 жыл толуына орай Өзбекстандағы оның жерленген моласынан капсулаға салынған топырақ әкелініп, осы жерге мемориалдық кешен тұрғызылады. Бұл жұмыстар тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Н. Сдыковтың жетекшілігіндегі ғылыми экспедицияның нәтижесінде жүргізіледі. Сырым Датұлының моласы Гурлен ауданы орталығынан 9 км Майлышеңгел жерінде жатыр. 2007 ж. Хорезм облысы Гурлен кентіндегі кесене маңына батырдың әруағына құрмет көрсету ретінде «Ғайып ата Сырым Датұлы» деген жауы бар қара мәрмәрден жасалған құлпытас қойылады.

Кешен – мықты төрт тіреуі бар ротонда түріндегі және үсті киіз үй секілді үлкен орталық күмбезбен, ал төрт бұрышы шағын шың сияқты күмбезшелермен жабылған құрылыс. Орталық күмбезді шығыстың найзасы түрінде жасалған биік сүмбі аяқтайды. Бағаналар арасы бүйірлік аркалармен аяқталады. Құрылыстың ортасында ойылып жазылған мемориалдық тас орналасқан. Ғимараттың артқы жағында биіктіктері бірдей үш найза бекітілген тұғыр қойылған. Назаларға С. Датұлы қалқанының белгісі ретінде бекітілген қалқан бар. Найзалардың екі жағында қанаттары қайтарылған түрінде жасалған екі бетон қабырға қаланған. Мемориалдық тасқа бару үшін келушілерге арнап бетон баспалдақтар салынған. Құрылыс төбенің басындағы монолитті темір бетонды тақтаға орнатылған. Құрылысқа кіре берістің оң жағында тағы бір тұғыр орналастырылған. Онда ертоқым мен домбыра бейнесіндегі мүсіндер қойылған. Мемориалдық кешеннің күмбезі көгілдір, бағаналары ақ, қаптаған тақталары сұрғыш көгілдір, мемориалдық тасы сұр түсті. Сүмбі алтын немесе күміс түспен көмкерілген. Құрылыс өзінше біртұтас монолиттік құрылымды құрайды.

Бұл жер туристер, тарихқа қызығушылар, мамандар мен автотрассадан өтіп жатқандардың көңілін өзіңе аудартады.

Деректер

  1. Батыс Қазақстан энциклопедия. Энциклопедия Западного Казахстана. – Алматы: Арыс, 2002. – 592 б.
  2. Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени және табиғат мұралары ескерткіштері / Памятники природного и историко-культурного наследия Западно-Казахстанской области. – В 14 томах. – Орал қ., 2006. – Т. 2. Сырым ауданы / Сырымский район. – 320 б.
  3. Жанаев Б.Т. Малоизвестные источники о Сырыме Датове // Вопросы истории и археологии Западного Казахстана. Научный журнал. – Уральск, 2006. – № 2. – С. 3–8.
  4. Мәшімбаев С.М. Сырым Датұлы – дала қазақ демократиясының негізін қалаушы // Вопросы истории и археологии Западного Казахстана. Научный журнал. – Уральск, 2006. – № 2. – С. 3–8.
  5. Сдыков М.Н. Экспедиия в Узбекистан (поиск захоронения СырымаДатова) // Вопросы истории и археологии Западного Казахстана. Научный журнал. – Уральск, 2006. – № 2. – С. 49–61.
  6. Сырым баба ізімен. По следам Сырыма / Под ред. М.Н. Сдыкова. – Уральск, 2007.
  7. Тилеумуратов М.Т. Сырым Датов – национальный герой народов Центральной Азии // Вопросы истории и ар- хеологии Западного Казахстана. Научный журнал. – Уральск, 2006. – № 2. – С. 62–65.
Толығырақ

Суреттер


Кіру