Тақсай археологиялық кешені
Сипаттамасы
Орал қаласынан шығыс, оңтүстік-шығыс бағытта 50 км жердегі Тақсай теміржол стансасы (Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы) маңында орналасқан. Тақсай-1–5 деп аталған обалар тобын құрайтын ескерткішті алғаш 2012 ж. Я.А. Лұқпанова басқарған археологиялық отряд ашады. Сол жылы Тақсай-1 қорымында қазба жұмыстары басталады.
Тақсай 1–3 тобындағы обалар 2015–2017 ж.ж. аралығында зерттеледі. Зерттеу нәтижелері оба үйіндісінің астында бұрынғы жер бетінде ағаштан салынған күрде лі шатырлы құрылымның барын және жерлеу орнында рәсім өткізуде пайдаланылған заттардың көп болғандығын көрсетеді. Бұл жерлеу орындары ерте темір дәуірінде Батыс Қазақстан жеріне қоныстаған көшпелілердің әскери ақсүйек, абыз және тайпа көсемі өкілдеріне тиесілі болған.
Тақсай-1 – ерте көшпелілер мен кейінгісармат кезеңдерінің жерлеу дәстүрі мен заттай мәдениетінің тамаша материалдарын берген сирек кездесетін ескерткіштердің бірі. Қорым алты топырақ үйіндісінен тұрады, №1, 2 обалар үлкендері, олардың биіктіктері шамамен – 4 м, диаметрлері – 70 м. №3–6 обалар апатты жағдайда, үсті жыртылған, жойылып кету сатысында тұрған ескерткіштер. №6 обаға жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесі әлемдік деңгейдегі жаңалық болды.
Тақсай-1 қорымының №4 обасы өзінің топырақ үйіндісінің және қабір шұңқырының үлкен көлемімен ерекшеленеді. Обаның биіктігі 2 м-ден асады, қабір шұңқырының тереңдігі 3 м-ден астам. Кейінгі сармат мәдениеті үшін қабір құрылыстарының мұндай өлшемі сирек және бірегей болып табылады. Оба үйіндісінің астындағы материк қабатынан қабір үсті ғұрыптық алаңқай анықталады. Жерлеу орнынан салт атты жауынгерге тиесілі: жылқы жүгені, ұзын семсер, қанжар, қола сапты қоян-қолтық айқасу пышағынан тұратын жүзді қарулар жинағы мен қола қазан табылады. Аталған жерлеу орны кейінгі сармат мәдениетінің элиталық жерлеу кешеніне және кәсіби жауынгерлердің жерлеу орындары қатарына жатады. Табылған заттарды сараптау нәтижесі жерлеу орнын б.з. ІІІ ғ. екінші жартысымен мерзімдеуге мүмкіндік береді. Мұндай әлеуметтік саты кейінгі сармат қоғамында б.з. ІІ ғ. соңы–ІІІ ғ. бірінші жартысында қалыптасты.
№6-шы обаның биіктігі – 1 м, диаметрі – 41 м. Жерлеу құрылымы ортасында орналасқан қабір шұңқырының үстіндегі ағаштан салынған құрылыстан, оның айналасындағы қызыл түске дейін күйген саз дуалдан және обаның шетіндегі материктік топырақтан жасалған екі шеңберлі жалдан тұрады. Обаның ежелгі қабат деңгейінде екі әйел адам жерленген. Үшіншісінің жерлеу орны ерекше күрделі жасалынған. Оның қабір шұңқырының үсті екі қатар бөрене жабындысымен мұқият жабылғандығы анықталып, Күн ғибадатханасы мен о дүниелік арбаға еліктеген қатты өрттің қалдықтары табылады. Металл, ағаш, сүйек пен шыныдан жасалған ерекше сәнді заттар бұл обаның дәрежесі жоғары әулеттен шыққан әйелге тиесілі екендігін білдіреді.
Әйелдің құнды жерлеу заттары күнмен байланысты символдар түрінде орындалған алтын әшекей бұйымдар болса, басына символикалық өмір ағашы мағынасын білдіретін конус тәрізді бас киім (шошақ сәукеле) кигізілген. Бас киімнің ұшар басында таутекенің бейнеленуі марқұмның «патша» биілігі дәрежесін және жоғары мәртебелі болғанын білдіреді. Көршілес жатқан парсы тілді халықтарда осы жануарға қатысты культ сақталған және ол тау культімен, «ағаш» және өсіп-өну циклімен байланысты. Белгілі археолог Кемел Ақышевтың пайымдауынша, шошақ бөрікті тек тиграхауда-сақтары ғана емес, өзгеде сақ тайпалары, тіпті еуропалық скифтердің өкілдері де киген.
Қабірден бес жүген, түйенің ақсиған басы сомдалған қола қазан мен алтын қаңылтырмен қапталған ағаш тостағанның сынығы, жаңғақ ағашынан жасалған қабы бар тұтқалы зооморфты айна, таба мен шыны ыдыстар, көзді моншақ тастары, пышақтар, сонымен бірге әлдебір абыздық рәсімдерді жасауда қолданылған заттар салынған ғұрыптық қорап табылады. Бұл – екі қасқырдың тырнақты табан сүйектері, өте кішкентай ыдыс, келі келсабымен, қасқырдың азу және жақ тістері, арба үстіндегі парсылар мен көшпелілер арасындағы теке-тірестер бейнеленген ағаш тарақ. Осы Тақсай тарағында салынған бейне Татарлидегі (Анатолия, қазіргі Түркия) қабірдің түрлі түспен боялған ағаш панеліндегі көрініске ұқсас. Олай болса, осы №6 оба б.з.д. VI ғ. соңы – V ғ. басымен мерзімделеді.
Тақсай-2 қорымы – ерте кезеңмен мерзімделетін кешен. Бұл жерден қола дәуіріне жататын ең көне жерлеу орындары анықталып, оның маңындағы ордан біршама жерден шақпақ тастан жасалған жебенің ұшы табылады. Б.з.д. IV ғ. бұл жерде сармат молалары болған. №2 оба үйіндісі астынан шеңбер тәрізді етіп топырақ блоктарды қалау түріндегі құрылым анықталады. Оба үйіндісі астынан әртүрлі кезеңге жататын тоғыз (жеке және жұп) жерлеу орындары ашылады. Төртбұрышты, тікбұрышты, лақатты, катакомба түрінде келген жерлеулер орындарының барлығы орталық шұңқырды қоршай орналасқан.
Обаның ортасында орналасқан аркалы кіретін жері бар катакомба түріндегі №3 жерлеу орнынан анықталған адам сүйектері – ерте темір ғасыры қоғамының жоғарғы тап өкілі болған ер адамға тиесілі. Шұңқырының тереңдігі – 6,6 м. Қабір ежелгі уақытта-ақ тоналып, ер адамның сүйегі бір-бірінен ажырап қалған. Кешендегі бірге қойылған заттар: жапсырма тоғалар, түйрегіш, алтын қапсырма, күміс ыдыстардың сынығы, жебелерді салмақты ететін өзекшесі мен темір заттың бөлшектері болып келеді.
Тақсай-3 ескерткіші Тақсай-1 кешенінен солтүстік-шығысқа қарай 5 км жерде орналасқан. Осы жерден жалдарға тірелген шатыр түріндегі күрделі ағаш құрылым табылып, ортасынан тікбұрыш пішіндегі немесе ежелгі жер бетіндегі жерлеу орны бар дромосты қабір шұңқыры анықталады. Жерлеу рәсімінде отты қолдану байқалады және көмілген жүгендеулі жылқылар табылады. Қабірлерге қойылған заттар кешені: әдемі қорамсап, ақинақтар, ат жүгені, алтынмен қапталған ыдыс сынықтары, аң стилінде орындалған сүйектен жасалған бұйымдар, умбона, жауынгерлік асатаяқ және сүйек қасықтардан тұрады. Кешен алдын ала б.з.д. V ғ. мерзімделеді, ал скифтік үш тағанының: қару-жарақ, ат-әбзелдері, аң стилі нақышындағы сары түсті асыл металдан жасалған заттардың, сонымен қатар асатаяқтың болуы мұнда жерленген кісі әскери элитаға жататындығын айғақтайды.
Тақсай заттар кешеніндегі зооморфтық бейнелер шынайы немесе қиял-ғажайып жануарлар түрінде көрініс тапқан. Олар соншалықты көп те емес. Көбінде бірін-бірі толықтыратын жеті түрлі кескінде берілген. Бұл жануарлардың бейнесі көзге көрінбейтін ақпараттық өрнектерді құрап, ерте көшпелілердің наным-сенімі мен діни дүниетанымын қайта жаңғыртуға септігін тигізеді.
Батыс Қазақстан аумағындағы күрделі этносаяси үдерістердің нәтижесінде бірнеше ірі-ірі этникалық топтардың өзара са бақтастығында өрбіген Жайық өңірі көшпелілерінің мәдениеті қалыптасты. Бұл аймақтың тұрғындары ерте темір дәуірінде скиф, сақ, савроматтар мен далалы орман тұрғындары мәдениетінің бір бөлігін бойына сіңіріп, өзіндік сипаттағы және қайталанбас мәдениет үлгісін қалыптастырған.
Тақсай қорымынан табылған заттар кешені бойынша, ерте көшпелілер металл мен ағаш өңдеу, сүйек бойынша көркемдік ою өнерінде айтарлықтай жетістікке жеткен. Керемет әшекейлерді, тұрмыстық заттарды, қару-жарақтарды, ат-әбзелдерді жасаушы шеберлер тек өнім дайындаушы ғана емес, әрбір жасалған затынан көшпелілердің дүниетанымымен қа тар, оның ерекшеліктерін көрсете білген. Табылған заттардың арасында жергілікті, сондай-ақ өзге импорттық өндірістен шыққандары да бар. Олардың көбі бірегей және ежелгі тұрғындардың көркем мәдениетінің жоғары деңгейін көрсететін нағыз өнер туындысы болып табылады.
Ескерткіш материалдарының Қырықоба-2, Бесоба, Үйғарақ, Түгіскен, Филипповка, Пятимары, Покровка, Сара сияқты танымал қорымдардан шыққан заттармен ұқсастығы бар. Оның ерекшелігі жерлеу орнынан табылған заттарда ғана емес, мұқият құрастырылған обаның құрылыс архитектурасы мен жерлеу ғұрпының түрлерінде, жерлеу әдіс-тәсілдерінің әр алуандығында, б.з.д. I мыңжылдықтың басынан б.з. III ғ. дейінгі кезең аралығын қамтитын жерлеу орындарының түрлі уақыттарға жатындығында жатыр.
Кешеннен табылған заттар оны киелі орын қатарына жатқызуға мүмкіндік береді. Бұл жер бірнеше жүз жылдар бойы қола дәуірінен бастап қазіргі этнографиялық кезеңге дейінгі аралықта осында қоныстаған тайпалардың дүниетанымында әлдеқандай киелі қорым түсінігінде өшпестей болып орныққан. Осы маңда ХІХ ғ. жерлеу құрылыстары мен құлпытастарының болуы да соған дәлел.
Тақсайдың айналасындағы жерлер – Жайық маңы даласын қоныстаған ұлы көшпелілердің мыңдаған жылдар бойы мекен етіп, өздерінің жерлеу ескерткіштерін қалдырған киелі орын. Бұл ескерткіштер ежелгі тұрғындардың саяси-экономикалық, мәдени және рухани өмірінің куәсі болып табылады. Жергілікті тұрғындар осы жерге әр кездері қайта оралып, ата-баба рухына арналған өз салттық жоралғыларын жасап отырған.
Деректер
- Алтынбеков К. Возрожденная из пепла. Реконструкция по материалам погребения жрицы из комплекса Таксай-1. – Алматы: «Остров Крым», 2013. – 64 с.
- Влияния ахеменидской культуры в Южном Приуралье (V–III вв. до н.э.) / Ин-т переднеазиат. археологии Свобод. Ун-та (Берлин), ФГБУ ИА РАН; под ред. М.Ю. Трейстера и Л.Т. Яблонского. – М.: ТАУС, 2012. – Т. 2. – 468 с.
- Лукпанова Я.А. Реконструкция женского костюма из элитного погребения Таксай-1: взгляд археолога // Поволжская археология. – 2017. – № 1 (19). – С. 145–156.
- Сдыков М.Н., Лукпанова Я.А. Ранние кочевники Западного Казахстана (на примере комплекса Таксай-1). –Уральск: «Полиграфсервис», 2013. – 292 с.