Тастөбе шайқас орны
Сипаттамасы
И. Тайманұлы мен М. Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс тарихында орын алған Тастөбе шайқасына арналған ескерткіш-белгі 2013 ж. 18 қарашасында Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында орнатылады.
1836–1838 ж.ж. Бөкей ордасында ірі ұлт-азаттық көтеріліс болады. Оның негізгі қозғаушы күші малшылар болды, сонымен бірге көтерілісшілер қатарына кейбір старшындар да қосылады. Сұлтандар мұның ақыры не болар екен деп, әліптің артын бағып, бейтарап қалып, соңынан көтерілісшілерге қарсы шығады. Халық көтерілісін елге белгілі беделді батырлар Исатай Тайманұлы (1791–1838) мен Махамбет Өтемісұлы (1803–1845) басқарады. Оның екеуі де беріш руының жайық тармағынан шыққан.
Исатай Тайманұлы 1791 ж. дүниеге келген. 1808 ж. Жайықтың сол жағалауында қатты ашаршылық болған кезде оның руы жақсы жай іздеп, Ішкі Ордаға өтіп кетуге мәжбүр болған еді. Исатай 21 жасында өз руының жайық атасына старшын болып тағайындалады. Ол өз қандастарының арасында орасан зор бедел мен сый-құрметке бөленеді. Исатай Тайманұлының ең жақын серігі ақын Махамбет Өтемісұлы болған. Ол татар және орыс тілдерін жақсы білген. Біраз уақыт Орынбор қаласында тұрған. Махамбет Өтемісұлы белгілі орыс жазушысы, әрі этнографы В.И. Дальмен жақсы таныс болады. В.И. Даль Орынбор генерал-губернаторы жанындағы ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік қызметін атқарған. Махамбет саяхатшы ғалым Г.С. Карелинмен де тығыз қарым-қатынас жасап тұрған. Г.С. Карелин бір кездері Ішкі Ордада және Орынборда қызмет істеген. Оның қаламынан патша әкімшілігінің өкілі Баймағамбет сұлтан мен оның айналасындағыларға қарсы жалынды шумақтар шыққан.
1837 ж. 15 қарашада Тастөбе деген жерде көтерілісшілер мен жазалаушы отрядтар арасында кескілескен қанды шайқас болады. Көк сүңгіні шебер пайдалана білу, жарамды жақсы аттарды таңдап міну, шайқас өткен жер жағдайымен бес саусақтай жақсы таныс болу нәтижесінде көтерілісшілер ұрыстың алғашқы жартысында басымдық танытып, едәуір жеңіске жетеді. Алайда жазалаушылар көтерілісшілерді зеңбірекпен толассыз атқылай бастайды. Көтерілісшілер бұған шыдай алмай, кейін шегінуге мәжбүр болады. Шегінгендердің артынан бірнеше шақырымға дейін қуғыншылар ілеседі. Ондаған адам қаза тауып, қуғын кезінде көтерілісшілердің біраз малы жау қолында қалады. Тастөбе түбіндегі жеңілістен кейін көтерілісшілер шағын топтарға бөлініп, Ішкі Орда аумағына тарап кетеді. Көтерілісшілердің күші әлсіреп, рухы төмендейді. Жазалаушы әскер барлық күшті көтерілістің басшысын қолға түсіруге жұмсайды. Исатайдың басына 500, ал тірідей ұстап әкелгені үшін 1000 күміс рубль тігіледі.
1838 ж. 12 шілде күні Қиыл және Ақбұлақ өзендерінің бойында көтерілісшілер мен жазалаушылар арасындағы шешуші шайқас тың барысында көтерілістің басшысы Исатай Тайманұлы қаза табады. Көтерілісшілердің қалған тобы кейін шегініп, дала қойнауына сіңіп кетеді. Жазалаушы әскер олардың соңынан қуғын ұйымдастырады. Шайқаста көтерілісшілерден 80-ге жуық адам қаза табады. Исатай Тайманұлының қазасынан кейін көтеріліс бәсеңдей бастайды. Жекелеген жасақтар Төменгі Жайық шебіне таяу жерлерде, Ойыл өзенінің бойында ғана іс-қимыл көрсетіп жүреді.
Махамбет Өтемісұлы біраз уақыт бой тасалап, жасырынып жүруге мәжбүр болады. Кейінірек қазақтарды Жәңгір ханға және патша үкіметіне қарсы көтерілуге үгіттейді. 1845 ж. билеуші Баймағамбет сұлтан Айшуақұлының адамдарымен қақтығыс кезінде қапылыста қазаға ұшырайды. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басқарған көтерілістің тарихи маңызы зор болды. Бұл патша үкіметі құрған жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында қазақтардың отаршылдыққа қарсы ірі бас көтеруі еді. Ол көтеріліс ұлт-азаттық сипатта болды.
Ескерткіш Тастөбе шайқасының 175 жылдығына арналып ашылады. Бұл белгіде Исатай мен Махамбеттің бейнесі, қос қанжар, сонымен қатар қайсарлықты, батылдықты сомдайтын көк бөрі бейнеленген. Ескерткіш белгіде шайқасқа қатысқандардың тізімі мен рулары қашап жазылған.
Деректер
- Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени және табиғат мұралары ескерткіштері / Памятники природного и историко-культурного наследия Западно-Казахстанской области. – В 14 томах. – Орал: «Полиграфсервис», 2007. – Т. 8. Жаңақала ауданы / Жангалинский район. – 276 б.
- Жаңақала ауданы. Энциклопедия. – Орал: «Полиграф-сервис», 2006. – 376 б.
- История Западного Казахстана. В 2 томах. – Актобе: «ПринтА», 2006. – Т. I. – 436 с.