Хан Ордасы

Сипаттамасы

ХІХ ғ. Республикалық маңызы бар тарихи қала құрылысы және монументтік архитектура ескерткіші (Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы).

1801 ж. Жайық пен Еділ аралығында Бөкей хандығы (немесе Ішкі Орда) құрылады. Оны сұлтандар мен хандар басқарады және Орданың 1801–1815 ж.ж. аралығындағы алғашқы билеушісі – Бөкей Нұралыұлының есімімен байланысты. Хандық құрылған кезде Кіші Жүзден шыққан 5 мың отбасы болса, ал ХІХ ғ. 50-ші ж.ж. Бөкей Ордасында 300 мыңға жуық адам (50 мың түтін) тұрады.

Бөкей хан мен оның ұлы Жәңгір тұсындағы Бөкей хандығында хан билігі институты 45 жылға жуық өмір сүреді. Бөкей хандығы Ресейді мал, ет және жүнмен қамтамасыз етіп отырды. Хандық Ресейдің «ішкі жағында» орналасқандықтан, сол кезеңдегі тарихи әдебиетте «Ішкі Орда» деген екінші атауға ие болады. Бөкей хандығының дамуы Ресей экономикасы мен мәдениетінің арта түскен ықпалында болғандықтан, Қазақстанның өзгеөңірлеріне қарағанда бұл үдеріс белсендірек жүреді. Сонымен қатар хан қазынасын толықтыру үшін халыққа салық салудың қатаң жүйесі орнығады.

1815 ж. 21 мамырда Бөкей хан ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін дүние салады. 1815 ж. 8 маусымда император І Александрға Бөкейдің екінші әйелі Атан ханымның жазған хатында келтірілген қайтыс болған ханның ауызша өсиетіне сәйкес Ішкі Ордадағы хан билігінің заңды мұрагері ретінде оның туған ұлы Жәңгір сұлтан жарияланады, ал ол кәмелет жасына толғанға дейін хандықты басқару міндеттері уақытша, жас сұлтанның қамқоршысы, Бөкей ханның кіші інісі Шығай Нұралыұлы (1815–1824 ж.ж.) сұлтанға табысталады.

1824–1845 ж.ж. Бөкей хандығын Бөкейдің ұлы Жәңгір басқарады. 1824 ж. 24 маусым- да, Орал қаласында Орынбор әкімшілігінің жоғары шенділерінің қатысуымен Жәңгірді хан көтерудің салтанатты рәсімі өтеді. Осы сәттен бастап Ішкі Орданың экономикалық және әлеуметтік-мәдени өміріндегі биліктің орталықтандырылу үдерістерінің дамуы мен белгілі бір инновациялық өзгерістерді сипаттайтын Бөкей хандығының тарихында жаңа дәуір басталады. Бұл – көшпелі қазақ қоғамын жаңа тарихи жағдайға бейімдеуге бағытталған түбегейлі өзгерістер мен реформаларға толы және сол себепті де қазақ халқы үшін маңызы зор кезең болды.

Жәңгір хан бастапқы білімді мұғалім- молданың үйінде алады. Сосын 7-8 жасқа толған шағында әкесі оны жоғары білімді патша шенеунігі, ХVІІІ ғ. соңы – ХІХ ғ. басындағы Оңтүстік Ресейдің белгілі мәдениет қайраткері, астраханның азаматтық губер наторы С.С. Андреевскийдің (1760–1818) үй тәрбиесіне бергендіктен, осы отбасыда балалық және жасөспірім жылдарының бір бөлігін өткізеді. Табиғи дарындылығы мен жан-жақты алған білімінің арқасында Жәңгір орыс, парсы және араб, орта-азиялық түркі жазба (ХVІІІ–ХІХ ғ.ғ. «татар тілі» атанған) тілдерін тәуір меңгеріп, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдардан белгілі дәрежеде тағылым алады. Сондай-ақ сол дәуірдегі орыс дворяндығының бірқатар дәстүрлі талғамдары мен дағдыларын меңгереді.

Жәңгір ресейлік жоғары биліктің геостратегиялық талпыныстарына өзара үйлесімділік негізінде және неғұрлым ықпалды қазақ сұлтандары мен старшындары арасындағы таптық-бірлескен тартыстарға, сондай-ақ бұл екі жақтың өздерінің жеке-дара атаққұмарлықтары мен шамданушылықтары на негізделген мүдделеріне сүйене отырып, Ішкі Ордада хандық билікті нығайту мен күшейте түсуге тырысты. Алайда Жәңгір хан түрлі саяси мүдделердің тиісті арасалмағын ұстап тұра алмағаны өз алдына, ол ел басқарып тұрған белгілі бір кезеңдерде хан билігі Ордадағы қазақтардың түрлі топтары арасындағы әлеуметтік қайшылықтарды дер кезінде шешіп отыруға қабілетсіз болып, нәтижесінде оның өзі Жайық даласындағы ірі ішкі саяси қайшылықтардың негізгі қозғаушы күшіне айналады. Осыдан келіп 1836–1838 ж.ж. Ордада ішкі қайшылықтардың шиеленісіне әкеліп соқтырған отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының басшылығымен ұлт-азаттық көтеріліс басталады.

Жәңгірдің саяси қызметінің басты бағыты Бөкей ордасының шаруашылық өміріндегі және көшпелілер арасындағы әлеуметтік-экономикалық қатынастардың инновациялық шаралары болып қала берді. Оған аймақтағы бастапқы отырықшы елді-мекендердің: 1827 ж. Хан Қаланың немесе Нарын құмындағы Жасқұс жайлауында «Хан ордасы» атанып кеткен қоныстың, 1841 ж. Тарғын өзенінің бойына орналасқан жазғы Торғынқала ордасының негіздері қалануын жатқызуға болады. Екі орда да қысқа мерзім ішінде негізгі әкімшілік, экономикалық және мәдени орталықтарға айналады. 1833 ж. Хан ордасында жәрмеңке ұйымдастырылып, оған жыл сайын орыс көпестері мен қазақ саудагерлері келіп, өзара тиімді тауар алмасулар жүргізеді және мұнда бір-бірімен ірі сауда келісімшарттарын жасасады.

Жәңгірдің әлеуметтік-мәдени салалардағы жүргізген түбегейлі өзгерістері анағұрлым ізгілікті және өміршең болды. Хан билігінің бұл бағыттағы неғұрлым маңызды жетістіктерінің қатарына 1841 ж. Хан ордасында қазақ балалары үшін екі тілде – қазақ және орыс тілдерінде жалпы білім беретін, ауқаттыларға арналған мектептің негізі қалануын, 1842–1844 ж.ж. қазақ балаларының Орынбордағы Неплюев кадет корпусына оқуға жіберілуін, Ішкі Ордада медресе мен бастауыш ауыл мектептерінің салынуын жатқызуға болады.

1844 ж. қазақ жастарын Ресейдің басқа да оқу орындарына оқытуға мүмкіншілік туады. Осы кезеңдерде көшпелі және жартылай көшпелі қазақ халқына қызмет ететін емдеу бекеттері мен дәріханалар пайда болып, ғажап экспонаттары бар қару-жарақ музейі жасақталады.

Осы жаңғыртулардың нәтижесінде Ішкі Ордада алғашқы жан-жақты білім алған қазақтың басқарушы кадрлары пайда болып, қазақтың зиятты және әкімшілік-саяси зиялыларының қалыптасу үдерісіне жол ашылады. Алайда бұл жаңғыртулар көшпелілер қоғамының тек қана үстем тап өкілдерін қамтыды.

Жәңгір хан бар болғаны 40 жас өмір сүріп, 1945 ж. 11 тамызда Тарғын өзенінің бойындағы жазғы қонысында дүниеден озады. Жәңгір хан өлгеннен кейін Бөкей хандығы дербес саяси бірлестік ретінде жойылады. Орынбор әскери губернаторына бағынатын Бөкей Ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңес билігі орнатылады.

Бөкей хандығынан көптеген атақты адамдар шыққан: соның ішінде қазақтың күйші-композиторы Дәулеткерей, этнограф Мұхамбет-Салық Бабажанов, ақын Махамбет Өтемісұлы бар. Бұлар – Қазақстанның мәдени және қоғамдық сананы қалыптастыру тарихында маңызды рөл атқарды.

Хан Ордасына XIX ғ. бір топ тарихи және мәдени ескерткіштері кіреді. «Хан Ордасы» тарихи-мәдени ескерткіштері біртұтас ансамбль ретінде мемлекет қорғауына алынған.

Аурухана ғимараты 1852 ж. қаланған. Аурухана ғимараты – тұтқындарға арналған бір қабатты ағаш үй. Қазіргі уақытта – Орда учаскелік ауруханасы. Ғимарат – қайта қалпына келтірілген бір қабатты ағаш үй.

Ғұсман Әзербаевтің үйі 1905 ж. салынған. Ғұсман Әзербаев өлкеде Кеңес өкіметін орнатуға, азамат және Ұлы Отан соғысына белсенді қатысқан. 1943 ж. қайтыс болған.

1842 ж. салынған Сейтқали Меңдешовтің үйі. Көлемі – 18х14х10 м болатын ағаш үй. Бұл үйде 1916–1920 ж.ж. партия, кеңес және мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешов тұрған. С. Меңдешов Қазан мұғалімдер семинариясын 1903 ж. бітіргеннен кейін, 13 жыл бойы Бөкей даласының ауылдарында мұғалім болып қызмет етеді. 1918 ж. Кеңестердің Бөкейлік съезінде губерниялық атқару комитетінің мүшесі, ал 1919 ж. оның төрағасы болып сайланады. С. Меңдешов қазақтың бірінші атты әскер полкын жасақтауға және алғашқы комсомол ұйымдарын құруға қатысады. 1920 ж. ол ҚАКСР ОАК тұңғыш төрағасы, 1924–1925 ж.ж. ҚАКСР ОАК Төрағалық мүшесі, Коминтерн нің бесінші конгресінің делегаты, 1930–1937 ж.ж. республикалық Халық ағарту комиссары, ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы болады. 1937 ж. С. Меңдешов саяси қуғын-сүргінге ұшырайды. С. Меңдешовтың өмірі мен қызметі жөнінде қамтылған жиырмадан аса тарихи еңбек бар. Дәрігер А.А. Сергачевтің үйі 1832 ж. қаланған. Бір қабатты үй ағаштан салынған. Бұл үйде Жәңгір ханның жеке орыс дәрігері А. Сергачев тұрып, жұмыс істеген. Қазіргі кезде бұл ескерткіш қайта қалпына келтіріліп, Бөкей Ордасы ауданының тарихи-музейі кешеніне енгізілген.

Хан сарайы 1827 ж. салынған. Жәңгір хан өзіне тұратын қоныс салуға көк желекті «Жасқұс» мекенін таңдайды. Құрылыс 1826 ж. басталады. Бастапқыда ханның үйі бас корпуста және одан бөлек қосалқы бөліктерде де болды. Кейін тұрғын-жайлардың жеткіліксіздігі салдарынан екі аралық құрылысты жалғастырып салуға тура келіп, қосалқы бөліктер үймен біріктіріліп тұтас ғимаратқа айналдырылады. Хан үйінің ішінде 23 бөлме болды. Бас корпуста жеті және оның төбесіндегі үйшікте екі бөлме; бір бөлме сол жақ қосымша жалғамада, бесеуі оң жақ жалғамада, бес бөлме қосалқы шығыс бөлікте, үшеуі қосалқы батыс бөлікте орналасқан. 2002 ж. (Бөкей Ордасының 200 жылдығына орай) түбегейлі жөнделіп, қайтадан қалпына келтірілген шығыс жақ қанат (қосалқы бөлік) сақталып, ежелгі көрінісіне ие болады. Қазіргі кезде Хан Сарайының басқа бөліктерінде қайтадан қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазына үйі ғимаратының іргесі 1867 ж. қаланған. Тарихи және архитектуралық ескерткіш. Ғимарат кірпіштен бір қабатты тікбұрышты жоспармен салынып, ағашпен жабылған. Ағаш арқалықтарға қаңылтыр шатыр төселген. Қызыл кірпіштен қаланған. Ғимаратқа кіреберістегі босағалар, маңдайшалар, биік жақтаулар да кірпіштен салынған. Аумағы – 17,5х14,3х6,2 м. Ғимарат Қазынашылық мекемесіне жатады. Кеңес заманында ғимаратқа Губерниялық (Бөкей Губерниясының), сосын КСРО Мемлекеттік банкінің аудандық бөлімшесі орналасады. 1960-шы ж.ж. Орда тарихи-өлкетану музейіне беріледі. 1981–1983 ж.ж. қалпына келтіріледі. 2001 ж. бері ғимаратта «Бөкей Ордасының тарихы» музейінің экспозициясы орналасқан.

Педтехникум ғимараты 1868 ж. қаланған. Оның құрылысына 3.901 рубль 46 тиын бөлінеді. Мұнда бастапқыда 1868 ж. ашылған Тарғын бір сыныптық бастауыш мектебі орналастырылады. Мектепте жыл сайын 40 бала оқиды. Кейін 1918 ж. мұнда Қазақстандағы бірінші комсомол ұйымы ұйымдастырылады. 1920 ж. осы ғимаратта Жәңгір училищесінің негізінде Бөкей Халық ағарту институты ашылады. 1923–1928 ж.ж. бұл педагогикалық техникум болып қайтадан салынып, Қазақстандағы алғашқы арнаулы оқу орындарының бірі болады. Онда Ғ. Қараш, Ғ. Бегалиев және басқалар сабақ береді.

1835 ж. қабырғасы қаланған Хан мешіті Хан ордасының әсем ғимараты болды. Мешіттің жоспары мен фасадын Жәңгір ханның өзі жасаған. Биік күмбез тәрізді мұнарасы бар – еуропалық сәулет дәстүріндегі ғимарат. Шатыры қаңылтырдан жасалып, жасыл бояумен сырланған. Шатырдың ортасынан әсем мұнара көтеріледі. 1938 ж. мешіт өртеніп кетеді. 2001 ж. сақталып қалған фотосуреті негізінде мешіт қайтадан салынып, бұрынғы қалпына келтіріледі. Қазіргі кезде онда тәуелсіз Қазақстанның даму жолдарынан сыр шертетін «Тәуелсіздік» музейі орналасқан.

Әйелдер мектебінің ғимараты 1883 ж. қаланған. Ағаш үй. Бұл мектепте көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Алма Оразбаева оқыды. Қазіргі кезде ескерткіш түбегейлі жөндеуден өткен және Бөкей Ордасы тарихи музейі кешеніне кіреді. 2002 ж. бері ол халық ағарту бөлімінің музейі.

Бірінші баспахана орналасқан ғимарат 1818 ж. қаланған. Ағаштан салынған үй. 1967 ж. оған гипстен жасалған, көлемі 50х70 см мемориалдық тақта орнатылады. Онда «Бұл үйде 1918 ж. жазда қазақтың тұңғыш кеңестік баспаханасы ашылды» деген мәлімет жазылған. Ғимараттың аумағы – 25х17х10 м. 1918 ж. қараша айынан бастап Ордада «Киргизская правда» және «Қазақ дұрыстығы» газеттері шыға бастады. 1919 ж. ақпаннан бастап «Дұрыстық жолы» газеті шығарыла бастап, «Мұғалім» педагогикалық журналының шығарылымы ұйымдастырылады.

Ескерткіштер кешеніне Хан Ордасы ауылынан 3 км жердегі Дәулеткерей, Жәңгір хан және Мұхамед-Салық Бабажановтың кесенелері кіреді.

Дәулеткерей кесенесі – белгілі күйші-сазгер, XIX ғ. қазақ музыкасындағы лирикалық бағыттың негізін қалаушы Дәулеткерейге арналып салынған. 2000 ж. ақ тастан тұрғызылады, биіктігі – 7,8 м. диаметрі – 4,5 м.

Жәңгір хан кесенесі 1997 ж. қайта жөндеуден өтіп, ақ тастан салынады. Кесене ішіндегі жаңғыртылған қабір үстіндегі тас тақтада Жәңгір хан мен оның әйелі Фатимаға арналған жазбалар, сондай-ақ Жәңгір ханның құлпытасы орнатылған.

М.С. Бабажановтың кесенесі – қазақ халқының ежелгі тарихи ескерткіштерін, аңыздары мен қиссаларын, ауыз әдебиетін зерттеген этнограф, қоғам қайраткері және ағартушысына арнап тұрғызылған. 2001 ж. салынған, биіктігі – 7,8 м, диаметрі – 4,5 м.

Барлық кесенелердің авторы халық суретшісі және мүсінші Маңғыстау архитектуралық өнер мектебінің төрағасы Көпбол Демесінов.

Туризм нысандары.

Деректер

  1. Ажигали С.Е. Памятники мемориально-культовой архитектуры Западно-Казахстанской области // Вопросы истории и археологии Западного Казахстана. – Уральск: Полиграфсервис, 2005. – Вып. 4. – С. 313–327.
  2. Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени және табиғат мұралары ескерткіштері / Памятники природного и историко-культурного наследия Западно-Казахстанской области. В 14 томах. Ред. М.Н. Сдыков. – Орал: Полиграфсервис, 2009. – Т. 2: Бөкейорда ауданы / Бокейординский район. – 192 б.
  3. Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени және табиғат мұралары ескерткіштері / Памятники природного и историко-культурного наследия Западно-Казахстанской области. В 14 томах. Ред. М.Н. Сдыков. – Орал: Полиграфсервис, 2010. – Т. 1. – 448 б. – 76–110-бб.
  4. Букеевской Орде 200 лет. Издание из 6 книг. – Алматы: Арыс, 2001. – Кн. 4. – 216 с.
  5. Букеевской Орде 200 лет. Издание из 6 книг. – Алматы: Арыс, 2001. – Кн. 5. – 304 с.
  6. Ерофеева И.В. Внутренняя, или Букеевская, Орда в первой половине XIX в.: История и историография //История Букеевского ханства. 1801–1852 гг.: сб. док. и матер. Сост. Б.Т. Жанаев, В.А. Инночкин и др. – Алматы, 2002. – 1120 с.
  7. Зиманов С.З. Россия и Букеевское ханство. – Алма-Ата: Наука, 1982. – 171 с.
  8. Мукатаев Г.К. Хан Жангир – Великий преобразователь степи: сб. док. и матер. – СПб., 2001. – 87 с.
  9. Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Западно-Казахстанская область. Ред. М.Н. Сдыков. – Алматы: Аруна, 2010 – 488 с. – С. 139–158.
  10. Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингисхана. – Алматы: Арыс, 2001. – 312 с.
Толығырақ

Суреттер


Кіру