«37 батыр қорымы» ғұрыптық жерлеу кешені
Сипаттамасы
Ескерткіш Көрпетай аулынан 2 км батысқа қарай Нұртай өзенінің оң жағалауында орналасқан (Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Жидебай ауылдық округі).
Ескерткіш атауының қалыптасуы –Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы қызметінің ерте кезеңімен байланысты. Ескерткішке бұл атауды Ә.Х. Марғұлан жергілікті тұрғындардан алған ақпараттың негізінде берген деген пікір бар. Бұл пікір біздің уақытымызда да дәлелденіп отыр, себебі ел арасында «37 жауынгер», «37 жауынгер қорымы» деген атау әлі де қолданыста.
Алдыңғы буын көнекөз қариялардан қалған әңгімелердің бүгінде сақталып қалған үзінділері бойынша ескерткіштің қазақ дүниетанымындағы мәні өзінің бастапқы мағынасын әлі де жоғалта қоймаған сияқты. Осыған сәйкес, бұл жерде Көрпетай етегінде жауға өліспей беріспейміз деп қасқайып тұрған көне дәуір жауынгері мен оның 37 нөкері жерленген деседі. Үнсіз қатып тұрған тас меңгірлер – байырғы жауынгерлердің мәңгілік ұйқысы мен тыныштығын қорғап тұрған сақшылар. Сонымен бірге бір кездерде бұл тастардың түнгі уақыттарда қозғалып, таңға қайта өз орындарына жайғасады деген алып-қашты әңгімелер айтылып отырған. Мұндай әңгімені ат үстінде түңгі мезгілдерде осы маңайдан жүріп өткен адамдар айтқан делінеді. Соғысқа қатысқан колхозшылар осындай әңгімелерді әскерде бастықтар түні бойы қарауылдарды тексереді деген ұғыммен ұштастырады екен.
Қысқа, әрі мардымсыз ғана сақталған үзік-үзік әңгімелерді есептемегенде, көне аңыздарды білетін Нұртай-Көрпетай өлкелерінде туып-өскен адамдардың көбі бүгінде арамызда жоқ. Совхоз құру кезіндегі ауыл тұрғындары өмірінде болған өзгерістер жаңа оқиғалар мен жаңа пайымдауларға алып келеді. Жаңа зерттеулердің барысында меңгірлер маңайынан мата қалдықтары табылды. Жергілікті тұрғындар арасында жүргізілген сауалдама барысында меңгірлерге мата байлау дәстүрі 1960 ж.ж. дейін сақталып келген.
Ескерткіш 1940 ж. ОҚАЭ зерттеулері барысында ашылады. 1952 ж. қазба жұмыстары жүргізіледі. Ә.Х. Марғұланның басқаруымен жүргізілген қазба жұмыстарына К.А. Ақышев қатысқан. Үлкен оба түбегейлі тоналған және қазбадан оның нақты мерзімін анықтайтын материал табылмаған. Маңайындағы қазылған бес кішігірім құрылысты қазу барысында да заттай айғақтар кездеспеген. Зерттеу жұмыстарының қысқаша сипаттамасы М.Қ. Қадырбаевтың мақаласы мен Ә.Х. Марғұланның Қазақстандық сәулеткер мамандарымен бірлесіп жазған кітабында келтіріледі. Қосымша зерттеулер бұл тұста атқарылмады, алайда кешеннің күрделі құрылымына сол кездің өзінде назар аударылған. Бұл өте маңызды ескерткіштің ғалымдардың назарынан тыс қалуының басты себептерін 1950 ж. соңында Орталық Қазақстан ерте темір дәуірі ескерткіштерін жоспарлы зерттеу ісінің солтүстікке қарай, яғни тасмола мәдениетінің көптеген обалары ашылған Шідерті өзенінің төңірегіне ауысуымен байланыстыруға болады. 1952 ж. зерттеу кезінде түсірілген кешеннің жобасы және қағазға түсірілген нұсқасы К.А. Ақышевтің жеке мұрағатында сақталып келіп, 1996 ж. А.З. Бейсеновке берілген. 1997 ж. А.З. Бейсенов ескерткішті қысқаша тексеріп, нәтижесінде 2004–2006 ж.ж. Қарағанды облысының мәдениет департаментінде аталған кешенде қорғау жұмыстарын атқару жөнінде мәселе көтерген болатын.
2012–2013 ж.ж. бұл қорымда жаңа зерттеу жұмыстары атқарылады (А.З. Бейсенов, А.Е. Қасеналин). Жұмыстың басты міндетіне қорым төңірегін тазарту, абаттандыру, қазба жасалған нысандарды рекультивациялау мен қайта қалпына келтіру жұмыстары кіреді. Бұл іс-шаралармен қоса кешеннің құрылымын анықтау бойынша жаңа зерттеу жүргізілді, кішігірім қазбалар салынды. Ізденістердің толық кешенін атқару әлі де болса жоспар жүзінде екенін айтумен қатар, жарияланған еңбектердің бұл бірегей кешендегі зерттеудің тек қана алғашқы нәтижелерін қамтитындығын ескерте кеткен жөн.
Қазіргі уақыттағы зерттеу нәтижелері «37 жауынгер қорымы» кешені б.з.д. VIII–V ғ.ғ. мерзімделетін Орталық Қазақстанның тасмола мәдениетіне тиесілі екендігін көрсетеді.
Кешен бірнеше құрамдас бөлік: «мұртты» оба, оның айналасындағы ғұрыптық құрылыстар жүйесі мен меңгірлері бар 37 тас үйіндіден тұрады. «Мұртты оба» кешеннің ортаңғы бөлігінде орналасқан. Негізгі обаға шығыс жағынан кіші оба, ал кіші обадан шығыс бағытта екі тас тізбек қаланған. Планиграфиялық ерекшеліктеріне сәйкес, бұл ескерткіш Орталық Қазақстандағы «мұртты обалардың» 2-типіне жатады (А.З. Бейсеновтың типологиясы бойынша).
Негізгі оба – яғни жерлеу құрылысы – дөңгелек пішіндес, тас үйіндісі бар, диаметрі – 35 м, сақталған биіктігі – 1,3–1,5 м. Кіші обаның тас үйіндісі де дөңгелек пішіндес, диаметрі – 12 м, биіктігі 0,8 м-ге дейін. Тас тізбектердің бас жағында және соңында үйінді тас пен топырақтан тұратын кішігірім сопақтау құрылыстары бар. Солтүстік тас тізбектің ұзындығы – 140 м, оң- түстіктікі – 120 м.
Тас тізбектің соңындағы құрылыстардың арасындағы арақашықтық – 135 м. Тас тізбектерді бойлай меңгірлер орналасқан, олардың орташа биіктігі – 0,6–1 м.
Негізгі оба мен кіші обаны орташа көлемдегі тастардан тұратын дөңгелек ғұрыптық құрылыстар қоршай орналасқан. Олардың диаметрі 1,2 м-ге дейін жетеді. Барлығы 70 ғұрыптық құрылыс бар. Ғұрыптық құрылыстардың сыртында, яғни негізгі обаның солтүстігінде бір топ меңгірлер жүйесі бар. Олар 2-3 тастан топтасып, бір сызық бойына тізбектеле орналасқан. Аталған меңгір топтарының солтүстігінде доға тәріздес шағын ғұрыптық құрылыстар бар. Меңгірлердің биіктігі 1,2 м мен 2,1 м аралықты қамтиды. Барлығы бұл жерде 20 меңгір бар.
Ансамбльдің солтүстік бөлігін сопақтау пішіндегі тас үйінділердің доға тәріздес орналасқан жүйесі құрайды. Нысандардың орташа диаметрі – 6-8 м, биіктігі 0,3 м-ге дейін. Барлығы 37 үйінді тіркелген. Әр үйіндінің солтүстігінде бір тізбектің бойымен 3-6 тастан тұратын меңгірлер тобы бар. Негізгі оба тұсындағы меңгірлер тобына ұқсас бұл жерде де меңгірлердің солтүстігінде доға тәріздес ғұрыптық құрылыстар бар. Меңгірлердің биіктігі – 1-2 м. Ғұрыптық құрылысы бар бұл меңгірлер тобы семантикалық тұрғыдан негізгі обаның солтүстігіндегі құрылыстарға жақын.
Жалпы кешен орналасқан аумақта барлығы 100 меңгір бар. Алайда олардың барлығы 1960–1970 ж.ж. аралығындағы құрылыс жұмыстарының салдарынан бұзылып, толықтай сақталмаған. Сондықтан, меңгірлер саны бұдан едәуір көп болғандығына күмәніміз жоқ. 37 үйіндінің екі құрылысында қазба жұмыстары жүргізіледі. Оның біреуінде жерлеу құрылысы жоқ екендігі анықталды. №11 оба деп белгіленген екінші құрылыстан дромосы бар қабір ішінен тоналған адам жерлеуі табылды. Мерзімдеуге негіз болатын бұйымдар сақталмаған. Дегенмен көміртегілік сараптама бұл жерлеудің мерзімі б.з.д. VIII–V ғ.ғ. аралығын қамтитынын дәлелдеп берді. Палеоантропологиялық зерттеулерге сәйкес, бұл жерде 35-45 жастағы ер адам жерленген.
Сонымен 37 жауынгер қорымының орталық элементі, яғни тастан қаланған үлкен оба тасмола мәдениетінің жерлеу құрылысына жатады. Обаның бастапқы биіктігі 3-3,5 м болуы ықтимал, ал диаметрі – 35 м. Ансамбльдің басқа да құрамдас бөліктері, яғни кішірек обалар мен ғұрыптық құрылыстар ұзақ мерзім ішінде, бірнеше рет өткізілген шаралар барысында салынуы мүмкін. Үлкен еңбек шығынын қажет ететін мұндай кешендер қысқа мерзім ішінде жылдам салынбайды. Кешен орналасқан жердің табиғи жағдайы, оның ішінде кең жазықтық, өзен мен тас қырқалардың болуы бұл жерлерде көп адам қатысатын ғұрыптық рәсімдер өткізуге мүмкіндік береді.
Деректер
- Бейсенов А.З. Погребально-поминальный комплекс «Курган 37 воинов» // Вестник ЮУрГУ. Социально-гуманитарные науки. – 2015. – Т. 15. – № 1. – С. 6–12
- Бейсенов А.З., Исмагулова А.О., Китов Е.П., Китова А.О. Население Центрального Казахстана в I тыс. до н.э. Монография. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2015. – 188 с.
- Кадырбаев М.К. О некоторых памятниках ранних кочевников Центрального Казахстана // Известия АН КазССР. Серия истории, археологии и этнографии. –1958. – Вып. 1 (6). – С. 95–104.
- Маргулан А., Басенов Т., Мендикулов М. Архитектура Казахстана. – Алма-Ата: АН КазССР, 1959. – 171 с. (на рус. и каз. яз.)