Айбас-Дарасы археологиялық кешені
Сипаттамасы
Ескерткіш Ұлытау тау сілемінің батысындағы Едіге тауының солтүстік-батыс етегінен 1 км жерде орналасқан (Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы).
Археологиялық нысандардың басым бөлігі Айбас өзенінің оң жағалауында орналасқан. Археологиялық кешен әр кезеңге жататын ескерткіштерден – неолит дәуірінің тұрағынан бастап қола дәуірінің қорымдары мен қонысы, ерте темір дәуірінің обалары мен орта ғасыр дәуірінің құрбан шалу құрылыстары, шатқалдың аяқ жағында кейінгі орта ғасырға жататын бекіністі құрылыс – Айбас- Дарасы қаласынан тұрады.
Ескерткіш 1946 ж. Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының жұмысы барысында Ә.Х. Марғұланның басшылығымен ашылады. Кешенді жоспарлы түрде зерттеу жұмыстары 1972 ж. басталады. Ә.Х. Марғұланның басшылығымен беғазы-дәндібай мәдениетіне жататын кесене мен оған жақын орналасқан бірнеше жерлеу қорымдарында зерттеу жұмыстары жүргізіледі. 2004 ж. нысанды археологиялық тұрғыдан зерттеу жұмыстарын Ж. Құрманқұлов пен С. Ишанғали басшылығымен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы қай та бастайды. Жұмыс мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы барысында жүргізіледі.
Ә.Х. Марғұлан зерттеген археологиялық ескерткіш Айбас-Дарасы қорған-қоршау кешені болып табылады. Бұл тік төртбұрышты тас ғимарат жерлеу нысаны қызметін атқарған. Тас қабырғаларының ұзындығы – шамамен 12 м, көлденең қаланған ірі тас тақталардан тұрғызылған. Ғимарат қабырғаларының биіктігі – 0,6–1,2 м, ірі әктас блоктардан көтерілген. Құрылыстың бүйір қабырғалары дүниенің төрт тарабына бағытталған. Ортасын- да тік тас тақталардан қаланған төртбұрышты қоршау жәшік орналасқан. Тас қабырғалары мен жәшік арасындағы кеңістік жоспары бойынша тарамдалған, сәуле құрылымында тас қалқалармен секторларға бөлінген. Бөліктер екі мақсатта жасалынуы мүмкін. Бірінші жағдай да нысандар құрбандық шалу рәсімі өтетін орын болуы ықтимал. Мұндай пайымдауға еденнен табылған ғұрыптық ошақ пен күлдің іздері және құрбандыққа шалынған мал сүйектері дәлел. Сонымен қоса бұл жерден көптеген қыш ыдыстар да табылады. Нысандардың екінші мақсатының жоспарлы мәні бар. Аталған секторлар, мұндағы қалқалар құрылыс қызметін атқарған, яғни олар барлық жабындылар орнатылатын орталық тірек бағаналардың орнын ауыстырған. Секторлардың бір-біріне қиюластырылған көлемді сопақша келген құмтастардан тұратын көлденеңінен жабындысы болған. Зерттеу жұмыстары бұл құрылыстардың өкінішке орай көп бөлігі бұзылып кеткендігін анықтады.
Ә.Х. Марғұланның пікірі бойынша аталған құрылыстар – тек Орталық Қазақстанның кейінгі қола дәуірінің тас қалау техникасына тән. Жерден бастап тастардың арасындағы жігіне саз балшық ерітіндісі пайдаланылып қаланған. Төменгі қатарына ірі тақта тастар орналастырылған. Ғалымның пайымдауынша құрылыстың бұрыштарын байланыстыру үшін ұзын жұмыр тастарды қолданған. Құрылыс материалдарына жергілікті шикізатты пайдаланған. Қабырғасы, жалпы құрылыс құрылымы өте берік болу үшін қоршаудың негізі қиыршық таспен тығыз тапталған және лайлы саз балшық құйылған. Мұндай техника Орталық Қазақстанның кейінгі қола дәуірі кезеңінде кең таралған: құрылыстарда төменгі жағы қатаң түрде бекітіліп жоғарылаған сайын олар орталыққа қарай қисайыңқыраған. Жалпы алғанда Айбас-Дарасы кесенесін Ә.Х. Марғұлан беғазы-дәндібай мәдениетінің таралуының батыс шекарасы деп анықтайды.
Зерттеу нәтижесінде табылған қыш ыдыстар ең үлкен коллекциялар қатарына жатады. Табылған барлығы 28 қыш ыдыстардың пішіндері әртүрлі. Жұқа қабырғалы және бай өрнектелген қыш ыдыстар Орталық Қазақстанның беғазы-дәндібай тайпаларының қыш технологиясы жоғарғы деңгейде дамығанын көрсетеді. Сонымен қатар зерттеу барысында, мұнда адам қаңқасы мен жануарлардың сүйектерінің қалдықтары табылды.
Айбас-Дарасы қорған-қоршауындағы ең маңызды олжалардың бірі – күрделі құрамды әшекейленген алтын білезік. Оны ежелгі өнердің көрнекті үлгісі деп атауға болады. Алтын білезіктің қайырылған іші қуыс келген екі шеті (ұзын және қысқа бөлігі) бір-бірімен өзара қалыңдатылған бастиек арқылы біріктірілген. Түтікше ұштарының екі жағында кішкентай алтын шеге сақталған, олар бәлкім ағаш немесе сүйектен жасалған білезіктің негізін бекітуге арналған. Білезіктің ұштары сызылған үшбұрыш түрінде өрнектеліп әшекейленген. Мүмкін, бұл өрнектің дала мен таулы өлкенің ежелгі тұрғындарының қолданысында таны мал болуы да кездейсоқ емес шығар. Ол – күн мен оның мәңгілік қозғалысын, қараңғылық пен жарықтың, өмір мен өлімнің ұласуын білдіруі мүмкін. Металдың өзі – алтын түстес қола және жарқыраған алтын – бұл мағынаны айқындап тұрғандай. Ертедегі мал өсірушілер мен металлургтар бұл металды жоғары бағалап, оған өз бағасын берді. Білезікті спектрлік талдау оның құрамы 83% алтыннан, 13% күмістен және 1% мыстан тұратынын көрсетті.
Айбас-Дарасы археологиялық кешені туризм нысаны болып табылады.
Деректер
- Курманкулов Ж.К., Ишангали С.К. Отчет о полевых исследованиях курганного отряда Центрально-Казахстанской археологической экспедиции в 2004 г. Археологическое изучение могильника Айбас-Дарасы. 67 с., с прил. // Архив Института археологии им. А.Х. Маргулана.
- Маргулан А.Х. Сочинения. В 14 томах. – Т. 1. Бегазы-дандыбаевская культура Центрального Казахстана. – Алматы: Атамұра, 1998. – 400 с. – С. 207–216.
- Источник фото (1) к статье.http://worldmap.org.ua/Pages/ Asia/Kazakhstan/Map_of_Kazakhstan_rus_0031.html__