Айранбай (Бескүмбез) кесенесі

Сипаттамасы

ХХ ғ. басы. Тарих және культтік архитектура ескерткіші. Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 110 км жерде, Малшыбай-Алғабас тасжолы маңында орналасқан (Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы).

Қолда бар мәліметтер бойынша, Айранбай Құлшықұлы – Арқа қазақтарының ықылас-құрметі мен қолдауын көрген көпке танымал, әділ би болған. Атбасар дуаны қазақтары арасында болыстыққа сайланған. Архив құжаттарында Айранбай бидің, сондай- ақ оның жанұясы мен етжақын туыстарының да мәліметтері бар. Айранбай ақсақал көзі тірісінде өз әкесі Құлшық Исалыұлы, аға-інілері Сәбек, Түбек, Түлікбайлармен, ұлы Тулақпен бірге мамыражай Сарыкеңгір алқабында өмір кешкен. Мәліметтерге сәйкес, 1859 ж. Айран- бай бидің жасы 56-да деп көрсетілген болса, демек ол 1803 ж. туылған. Көзі тірісінде жетім мен жесірге көп көмектескен Айранбай, сонымен бірге халық арасында білім тарату, рухани тазалық пен имандылық, дін шұғыласының кемелденуіне ықпал жасаған. Оның қабірі қасиетті орынға айналып, кейіннен мұнда халық жиналып, кесене салынған.

Ескерткіш Орталық Қазақстанда сирек кездесетін көпкүмбезді кесенелер түріне жатады. Сонымен қатар кесененің жоспары бойынша крест тәрізді болып келуіне қарасақ, аймаққа жақсы белгілі осындай жоспардағы шикі кірпіш пен тастан қаланған мазарларға (Жамантай хан, Түлік, Асан сұлтандардың мазарына) ұқсайды. Ғимараттың биік тұрпаты, еңселі келбеті мен күмбездері, сондай-ақ ортағасырлық Жошыхан, Алашахан сынды тамаша кесенелерге еліктеудің қандай да бір нышандарын бойына қабылдауы ескерткішке тұтас салтанатты түр беріп тұр. Шағын құрылыс, дәліз түрінде келтірілген кіреберіс ғимараттың шығыс жағында. Осындай кіреберіс Орталық Қазақстанның XIX ғ. кеңінен тараған көптеген мазарларына тән. Ғимарат сыртында араб графикасы жазуы сақталған. Мұны А.З. Бейсенов оқыған. Байырғы «қадым» стилімен түсірілген жазу бойынша, кесенені 1911 ж мекеме бастығы Әбдікәрім Жанәділұлы салдырған. Стильдік ерекшеліктеріне қарағанда, мұны араб графикасы қадым жазуының жергілікті дәстүрін меңгерген адам түсірген. Сондықтан ол Орталық Қазақстанның көптеген құлпытастарындағы (көктас) жазуларға сәйкес келеді. Сонымен Айранбай кесенесі Орталық Қазақстанның культтік сәулет өнерінің таза жергілікті дәстүрлері аясында тұрғызылған ескерткіш болып табылады.

1974 ж. ескерткішті Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінің құрамында М.А. Маманбаев, М.К. Семби, М.С. Нұрқабаев бар Орталық Қазақстан экспедициясы зерттеген. Бес күмбезді, жоспары бойынша крест пішіндес кесененің қабырғалары шикі кірпіштен қаланып, сырты күйдірілген кірпіштен мұқият қаптал ған. Сыртқы қабырғалары ашық және күңгірттеу түстегі кірпіштермен шығарылған ромб тәрізді өрнектермен безендірілген. Мәдениет министрлігі экспедициясы деректерінде кесененің өлшемдері беріледі: 9,75х8,25 м. Қарағанды облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының деректері бойынша, орталық күмбездің, яғни кесененің ең жоғарғы жерінің биіктігі – 5,2 м, қабырғаларының қалыңдығы 0,7 м шамасында.

Қасиетті орын, Ұлытау қорығы аумағындағы тарихи-мәдени мұраның бірегей жәдігерлері санатындағы бұл ескерткішке қазіргі таңда сиынушылар мен туристер жанжақтан көптеп келеді. Республикалық маңы зы бар ескерткіштер тізіміне енген.

Дерек

  1. Аршабеков Т.Т. Жұмабеков Ж.А., Төлеуов Т.С Ұлытау-Нұра өңірлерінің тарихи-мәдени ескерткіштері. – Қарағанды: «Гласир», 2007. – 125 б.
Толығырақ

Суреттер


Кіру