Ақсу-Аюлы-2 археологиялық ескерткіші

Сипаттамасы

Ақсу-Аюлы кентінен солтүстікке қарай 3 км жерде, Аюлы тауының етегінде орналасқан (Қарағанды облысы, Шет ауданы).

1940 ж. Шерубайнұра өзенінің сол жағалауында орналасқан көне дәуір ескерт- кіштерінің басым бөлігін алғаш рет Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (Ә.Х. Марғұлан) ашқан.

1952 ж. Ақсу-Аюлы-2 қорымында ОҚАЭ қазба жұмыстарын жүргізеді. Қазба жұмыстарына Ә.Х. Марғұлан, Г.И. Пацевич, К.А. Ақышев қатысады. Ескерткіш туралы қысқаша мәліметтер Ә.Х. Марғұлан мақалаларында келтіріледі, материалдары К.А. Ақышевтің диссертациялық еңбегіне кірген. Кейіннен бұл деректер 1966 ж. шыққан қазақ ғалымдарының бірлескен монографиясында жарияланады.

Қорым 36 құрылыстан тұрады. Ә.Х. Марғұланның пікірінше, ескерткіштер андрон уақытына жататын ерте кезеңнің және кейінгі кезеңнің нысандарына бөлінеді. Ә.Х. Марғұлан кейінгі уақыттың жерлеу орындарын андрон мәдениетінің аяқталу кезеңі мен беғазы-дәндібай мәдениетінің қалыптасу уақытындағы өтпелі саты ескерткіштері ретінде қарастырады. Жалпы қазба жұмыстары жүргізілген №1, 2 және 3 обалар осы өтпелі кезеңнің элитарлы нысандары ретінде қарастырылады.

Қорым аумағында №2 обадан солтүстік- шығысқа қарай 17 м жерде тас мүсін орнатылған. Сипаттамалары бойынша антропоморфты стеланың биіктігі – 1,2 м. «Бел тұсы нашар шығарылған, адам дене мүшесінің белгілерінсіз» жасалған стела обаға қаратып қойылған. Мүсін жанында биіктігі – 1,2 м, жалпақтығы – 0,69 м, қалыңдығы – 0,30 м болатын ауыр тақтатас-меңгір орнатылған. Ақсу-Аюлы-2 обаларынан шыққан үй жануарларының сүйектерінің ішінде түйе сүйектері кездеседі, сонымен қатар бала жерленген №4 кішкентай қоршаудан қой, қозы мен ботаның сүйектері табылды. Зерттелген нысандардың ең ірісіне кесене типтес құрылыс – №3 оба жатады.

2003–2011 ж.ж. аралығында ҚарМУ мамандары тобы (Ж.Е. Смаилов, В.Г. Ломан, И.А. Кукушкин және т.б.) қорымға жаңа зерттеулер жүргізеді, оның ішінде №3 обада қайта тазалау жұмыстары жасалады. Бұрынғы ОҚАЭ мәліметтері, сонымен қатар ескерткіш құрылысының ерекшеліктері бойынша алынған жаңа материалдардың негізінде 2013 ж. нысанда жаңғырту жұмыстары атқарылады.

№3 оба төрт шеңберлі қоршауы мен ортасында үлкен тас жәшігі бар дөңгелек пішінді құрылыс болып келеді. Үйінді шетінде орналасқан бірінші қоршау тігінен орнатылған, ішке қарай сәл еңкейтіліп қойылған ірі тақта тастардан тұрады. Үш ішкі қоршаудың ірі тастары жатқызылып қаланған. Тік бұрыш пішінді тас жәшік өлшемдері 2,5×1,45 м шұңқырда орналасқан. Жәшік өлшемдері 1,85×1,2×0,14 м и 1,46×1,36×0,2 м болатын екі үлкен тақтатаспен жабылған. Ә.Х. Марғұланның пікірінше, адам жерленген соң құрылыстың орталық бөлігінің үстіне жерлеу камерасын жауып тұратын ағаш құрылыс тұрғызыл ған. Бұл – күрделі архитектуралық тас құрылыстың пирамидалы-сатылы пішінге ие үстіңгі бөлігі болуы мүмкін. Қазба барысында табылған жанған ағаш бөліктеріне қарағанда құрылыс өртенген болуы керек.

Табыну, ғұрыптық рәсімдер өткізу циклдерінің аяқталуы бойынша жерлеу құрылысының үстіне диаметрі – 30 м, биіктігі – 1,8 м болатын үлкен топырақ оба үйілген. Жорамал бойынша, ең шеткі қоршау осы топырақ үйіндіні салу кезінде тұрғызылған. Зерттеушілер сол кездерде-ақ Ақсу-Аюлы-2 кесенесіне ұқсас құрылыстар Ортау-2, Беласар, Бесоба және Беғазы қорымдарында кездесетіндігі жайлы пікірді атап өткен болатын. Ол пікірлер бойынша, әсіресе, Ақсу-Аюлы-2 жерлеу орнының Дәндібай қорымындағы 11- обамен көп ұқсастығы бар. Сол жылдары қолданыста болған Қазақстан қола дәуірі мәдениеттерінің хронологиялық- кезеңдемелік кестелеріне сәйкес, Ә.Х. Марғұлан №3 обаны б.з.д. II мыңжылдықтың аяғымен (б.з.д. XII–XI ғ.ғ.) мерзімдеді. Ғылыми айналымда беғазы-дәндібай мәдениеті шамамен б.з.д. I мыңжылдықтың басымен мерзімделген еді. Осыған байланысты, Ә.Х. Марғұлан Ақсу-Аюлы-2 ескерткіштерін құрылыс техникасы мен құрылым ерекшеліктерін, сондай-ақ қыш ыдыстардың пішіні мен өрнектерінде кейбір «ертебеғазылық» белгілердің болуын есепке ала отырып, беғазы-дәндібай мәдениетінің алдындағы уақытпен байланыстырады. Қазіргі заман талабына сай, Ақсу-Аюлы-2 қорымындағы №3 оба б.з.д. II мыңжылдықтың екінші ширегімен мерзімделеді, яғни бұрынғы айтқаннан ертерек уақытты көрсетеді. Қорымдағы басқа да құрылыстар тәрізді ол да Орталық Қазақстан қола дәуірінің нұра мәдениетіне жатады.

Ақсу-Аюлы-2 қорымының орналасқан жері көне дәуір, ортағасырлық ескерткіштердің неғұрлым көп шоғырланған аймағы болып табылады. Бұдан 1 км-ге толмайтын жерде қола дәуірінің белгілі Ақсу-Аюлы-1 қорымы орналасқан. Сондай-ақ осы төңіректе соңғы қола дәуірінің беғазы-дәндібай мәдениетінің, ерте темір дәуірінің бас кезіне жататын тасмола мәдениетінің жерлеу құрылыстары орналасқан. Ж.Е. Смаиловтың мәліметтері бойынша, осы төңіректе, ұзындығы бірнеше километр жерде сегіз тас тізбекті («мұртты») обалар орналасқан. Ақсу-Аюлы-2 қорымынан 15 км қашықтықта орналасқан XVIII ғ. өмір сүрген тарихи тұлға Жидебай батыр Қожаназарұлының кесенесі – осы маңдағы Қазақ мазарларының ішіндегі ең белгілісі.

Аюмен байланыстырылатын Аюлы таулары бөктерлерінде көне замандарда андрон қауымдастығының тайпалары мекендеген. Ескерткіштер өлшемдері бойынша үлкен, ал құрылымдық тұрғыдан күрделі болып келуі Шерубайнұра өзенінің сол жақ алқабы ежелгі дәуірде бұл жерді жайлаған тұрғындардың тұрмысына өте қолайлы болғандығын дәлелдейді. Ақсу-Аюлы қорымындағы №3 обада осы қауымдастықтың көсемдерінің бірі жерленген, басқа зерттелген құрылыстар да ақсүйек билеушілердің жерлеу орындары болуы мүмкін. Ә.Х. Марғұлан Шерубайнұра алқабының ескерткіштерін зерттеу барысында Бұғылы тауының етегінен қола дәуіріне жататын аю бейнелі тас мүсінді (аютас) тапқан. Демек, Орталық Қазақстанның басқа аймақтары тәрізді, осы маңда да тұрғындардың табиғи ортасында ежелден аю, бұғы (Аюлы, Аюшат, Бұғылы, Семізбұғы) мекен еткен. Аса маңызды артефактілердің бірі – Ақсу-Аюлы-2 қорымынан түйе сүйегінің табылуы. Осындай археологиялық деректер Сарыарқадағы қола дәуірінің нұра тайпаларының шаруашылығы нда аталған жануардың болғандығын дәлелдейді.

Қазіргі кезде Ақсу-Аюлы-2 қорымына зиярат етушілер мен көптеген туристер жиі келеді. Туризмді дамыту үшін қолайлы жағдайларға республикалық және халықаралық маңызға ие Алматы–Астана–Екатеринбург автожолының болуы, сонымен қатар жақын маңайда инфрақұрылымы жақсы дамыған ірі елдімекендердің бар болуы жатады.

Деректер

  1. Ломан В.Г., Кульмаганбетова Г. Отчет о научно-исследовательской работе: «Проведение реставрационных работ мавзолея эпохи бронзы Аксу-Аюлы, Шетский район». Караганды, 2013 // Фонды ГУ «Управление культуры, архивов и документации Карагандинской области».
  2. Маргулан А.Х. Сочинения. В 14 томах. Т. 1. Бегазы-дандыбаевская культура Центрального Казахстана /составители Д.А. Маргулан, Д. Маргулан. – Алматы: Атамұра, 1998. – 400 с., ил.
  3. Маргулан А.Х. Бегазы-дандыбаевская культура Центрального Казахстана. – Алматы: Наука, 1979. – 360 с.: ил.
  4. Маргулан А.Х., Акишев К.А., Кадырбаев А.М., Оразбаев А.М. Древняя культура Центрального Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1966. – 435 с.
  5. Смаилов Ж.Е., Казизов Е., Абильдин А., Кульмаганбетова Г. Отчет ТОО «Казархеология» об археологических исследованиях за 2009 год. Алматы, 2009 // Фонды ГУ «Управление культуры, архивов и документации Карагандинской области».
Толығырақ

Суреттер


Кіру