Алаша хан кесенесі
Сипаттамасы
Жезқазған қаласынан солтүстікке қарай 90 км, Малшыбай ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 2 км қашықтықта, Қаракеңгір өзенінің оң жағасында орналасқан (Қарағанды облысы). Мұнда күй дірілген кірпіш пен тастан тұрғызылған көп теген кесенелер, сағаналар, ерекше қорымды құрайтын бірқатар обалар бар. Алаша хан кесенесі – бұлардың ішінде ерекше көзге түсетіні.
Ескерткіш туралы ең алғашқы мәліметтер ресейлік саяхатшылар, топографтар, әскери қызметкерлер және тағы басқалардың деректерімен байланысты. Бұл ескерткіш Ш.Ш. Уәлихановтың «О киргиз-кайсацких могилах (молах) и древностях вообще» («Қырғыз- қайсақ молалары және жалпы бұрынғы туралы») атты мақаласында айтылады. Кесененің қасиеттілігі туралы Ю. Шмидтің осы ескерткішке берген сипаттамасында кездеседі: «Егер Сарыкеңгірдің сағасынан Қаракеңгір өзенінің оң жағалауымен ағыс бойынша жоғары қарай барар болсаң, онда 15 верст шамасында, тақыр дала жазықтығында хандық дәуірдің монументалды құрылысы көрінеді. Ол – Алаша ханның моласы. Қабір, есік сияқты жасалған тар ойығы бар ауқымды және биік мешіттің ішіне орналастырылған. Шағын жер төмпешіктің үстіне жылқының бас сүйектері, түсті шүберектер мен жылқының қылы бар найзаға ұқсас ағаш сырықтар үйіліп тасталған. Құрылыстың өзі – күмбезі және бұрыштарында шағын мұнаралары бар, биіктігі 10 сажын болатын көлемді текше пішіндес. Қабырғалары күйдірілген қызыл кірпіштен тұрғызылып, ақ зертас (сырлы) кірпішпен өрнектеліп қаланған. Көк түсті зертаспен қапталған күмбездің айналасында ішіне кіретін жері бар. Оған ішкі жағынан қабырға ішіндегі тар және тік тас баспалдақ арқылы көтеріледі».
Алаша хан кесенесі туралы ұқсас мәлімет Н.И. Красовскийде кездеседі: «Алаша хан мола сы Қаракеңгір өзенінің оң жағында, Сарыкеңгірдің сағасынан 10 верст жоғарыда орналасқан. Сол маңдағы биіктеу үсті тегіс тө беде кейінгі кезде пайда болған көптеген қабір үсті ескерткіштер бар. Кірпіштен салынған ғимарат қа еш зақым келмеген, тек күмбездің көк түсті бояуы өшіп қалған және текше қабырғаларының бірнеше жеріндегі, оның жоғарғы жағын безендіріп тұрған қыш тақташалары түсіп қалған. Сыртқы қабырғаларының ұзындығы – 6, ені – 5, ал биіктігі – 4 сажын; оның үстінде тұрған күмбезі 2 сажыннан көбірек болса, қабырғалардың қалыңдығы ½ аршын шамасында». Ғимараттың ішкі жағындағы бұрыштары және қабырғаларының ортасы бойынша әрқайсысы биіктігі 3½ сажын болатын нишалармен безендірілген. Ал 3 қабырғадағы нишалардың хордасы мен 4 бұрыштық қуыстардың ұзындығы – 2 ¾ аршын. Бұл моланың ішінде де, қырғыздардың басқа да құрметтейтін қабірлерінің ішіндегідей сырықтар тұр. Оларға моланың жанынан өтіп бара жатқан көшпелілердің киімнің көптеген мата қиындылары немесе жылқының жалынан алынған қыл шоқтары ілінген».
Кесененің сипаттамасы мен кезеңделуі «Полное географическое описание России» («Ресейдің толық географиялық сипаттамасы») басылымының 18-томында: «Қаракеңгір өзенінің арғы жағында қырғыз тарихының ұлы ескерткіштерінің бірі, қырғыз ордаларының құдіретті дәуіріндегі атақты ханы – Алаша ханның моласы орналасқан (XV ғ.). Монументтің биіктігі – 10 сажын, күмбезі және бұрыштары бойынша төрт мұнарасы бар – көлемді текше пішініндегі кірпіштен салынған ғимарат. Күмбез көк зертаспен қапталып, ал қабырғалары ақ зертасты кірпіштерден өрнек түрінде жасалған. Құрылыс ішіндегі ауқымды бөлменің ортасындағы қабірдің үстіне шағын төмпешік жасалып, ол жылқының бас сүйектерімен, түсті шүберектермен, жылқы қылдары және ағаш найзалармен үйіліп тасталған» деп берілген.
Кесене күйдірілген кірпіштен салынған және ол порталды-күмбезді құрылыстардың қатарына жатады. Кесененің өлшемдері 9,8х12 м-ді құрайды. Күмбездің төбесіне дейінгі биіктігі – 10,4 м. Кесененің биік порталы мен он алты қырлы барабанға отырғызылған сүйір сфералы күмбезі бар. Күмбездің төбесінде кесененің ішіне күндізгі жарықты түсіретін дөңгелек саңылау орналасқан.
Кесененің бас фасады пилондары бар портал мен кіруге арналған терең аркалы ойықтан тұрады. Бас фасады оңтүстік-батысқа бағытталған. Кіруге арналған ойықтың аркасы сәнді бұрыштық бағаналармен бірге «П» тәрізді белдеуді құрайды. Ол «өрме» түріндегі геометриялық өрнектері бар терракоталы тақтайлармен толтырылған. Кесененің қапталындағы және артқы фасадтары жоғарыдан және төменнен ірге мен фризді ленталарымен белдеуленген. Олардың арасында кірпішті тігінен және көлденең қою арқылы өрнекті қалау әдісі қолданылған. Фриздің қаптамасы ірі сегізбұрышты жұлдыздардан құралған геометриялық өрнегі бар терракоталы тақталардан жасалған. Фриз жоғарыдан және төменнен көгілдір кірпіштен жасалған жіңішке жолақтармен көмкерілген. Оның үстінен сәл шығыңқы ернеу жасалған.
Алаша хан кесенесінің ең басты айрықша ерекшелігі ретінде оның шартты түрде «текшедегі сегіз қырлы» деп аталатын көлемдік-кеңістік композициясы және жоғарғы деңгейіндегі айналма галереясы саналады. Кесененің кіреберісінің сол жақ бұрышында галереяға шығатын биік сатылы баспалдақ жасалған. Кесененің едені жалпағынан бір қатарға қойылған кірпіштен төселген.
Ескерткішті ғылыми тұрғыдан зерттеген академик Ә.Х. Марғұлан оны ХІ ғ. салынған қарахандық сәулет ескерткіштерімен ұқсастығына сүйене отырып, бұл кесененің салыну уақытын моңғол кезеңіне дейінгі Х–ХІ ғ.ғ. жатқызады. Академик Ә.Х. Марғұлан Алаша ханға қатысты аңыздар ежелгі дала тайпаларын біріктіріп, алғашқы ірі мемлекет құрған тұлғаның қызметін бейнелейді деп көрсетеді. Сонымен қатар ол қазақ шежіресінің мәліметтерін келтіре отырып, халық Алаша ханды «Алты алаш» деп аталатын ежелгі тайпалардың ұрпағы ретінде санағанын айтады. «Алты алаш» атауы киелі мағынаға ие. Мысалы, башқұрттар, тывалықтар, алтайлықтар және т.б. ұлттар өздерін «алаш ұлдарына» жатқызатыны секілді, қазақтар бұл атауды «қазақ» сөзінің синонимі ретінде қабылдайды. Аңызда айтылған: «Алаш – алаш болған- да, Алашахан – хан болғанда» деген сөздерде Ала ша хан бейнесінің ұлылығы суреттелген. Ә.Х. Марғұлан Алаша ханның ата-тегін оғыздармен байланыстырып, ол туралы аңыз дар топтамасын VI–XII ғ.ғ. тайпалардың тарихына жатқызады. Академик Ә.Х. Марғұланның пікірінше, жазба деректерде Алаша хан – Аланча, Абулджа хан деп берілген. Халықтық аңыздарға сүйене отырып, Ә.Х. Марғұлан Алаша хан тұлғасын Ұлытауда орналасқан Алаша хан қала орнымен байланыстырады.
Алаша хан кесенесі – мемлекет қорғауына алынған, республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші. Ескерткіш тәуап ету және туризм нысаны болып табылады.
Деректер
- Альджанов О. Предание об Алаш-хане и об его сыне Джачи-хане // Киргизская степная газета, 1897, №№ 13, 14, 18.
- Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах / Отв. ред. академик А.Х. Маргулан. – Алма-Ата: гл. ред. Казахской сов. энциклопедии, 1985. – Т. III. – 415 с. – С. 34.
- Герасимов Г.Г. Памятники архитектуры долины реки Кара-Кенгир в Центральном Казахстане. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1957. – 60 с. – С. 13–23
- Казахская советская энциклопедия. – Алма-Ата, 1972.– Т. 1. – С. 248–249.
- Красовский Н.И. Область Сибирских киргизов // Материалы для географии и статистики России. – СПб.: Тип. Департамента Генерального штаба, 1868. – Ч. III. – 1203 с. – С. 259.
- Маргулан А.Х. Архитектурные памятники в долине реки Кенгир (из отчета экспедиции 1946 г). // ВАН КазССР. – 1947. – № 11. – С. 65–67.
- Маргулан А.Х. Археологические разведки в Центральном Казахстане (1946 г.) // Известия АН КазССР. Сер. историч. – 1948. – № 49. – Вып. 4. – С. 140–142.
- Маргулан А.Х. Джезказган – древний металлургический центр // Археологические исследования в Казахстане: сб. научн. ст. – Алма-Ата: Наука, 1973. – С. 3–42. – С. 38.
- Мендикулов М.М. Некоторые данные об исторической архитектуре Казахстана // Известия АН Каз ССР. Сер. архитек. – 1950. – № 80, вып. 2. – С. 11–14.
- Россия. Полное географическое описание нашего Отечества. Киргизский край. – СПб.: Изд-во Девриена, 1903. – Т. ХVIII. – С. 355.
- Сатпаев К.И. Доисторические памятники в Джезказганском районе // Избр. труды. – Т. 5. – Алма-Ата: Наука, 1970. – С. 43–49.
- Сембин М.К. Исторические справки по памятникам архитектуры. Домбаул и Алаша-хан. // Архив РГП «Казпроектреставрация».
- Хорош Е.Х. Мавзолей Алаша-хан // Роль номадов в фор- мировании культурного наследия Казахстана: матер. научн. чт. памяти Н.Э. Масанова. – Алматы, 2010. – С. 359–382.