Әулиетау (Ақмешіт)
Сипаттамасы
Қарағанды облысы Ұлытау ауылынан батысқа қарай 2 км қашықтықта орналасқан. Теңіз деңгейінен биіктігі – 1134 м.
Ел аузында айтылатын аңыздарға сәйкес, Әулиетаудың шыңы көкке жақын тұр, дәл сол жерде Аспан мен Жер ұштасады және адамның табиғатпен байланысында діни-ғұрыптық жоралар жүргізілетін, тылсым күштердің үнемі білінетін, құдайлар мен әруақтардың өмір сүретін орындары деп саналғандықтан, ежелгі уақыттан бері қасиетті жер деп есептеліп келген.
Наным-сенімдерге байланысты Әулиетау шыңы шипалық және жамандықтан қорғайтын қасиеті, ерекше энергетикасы бар тау болып саналған. Аңыз бойынша Әулиетау үңгірінде дала пайғамбары Заратуштра (Зооастризмнің негізін қалаушы) өзінің алғашқы аянын алған. Ал келесі бір аңыз бойынша, Әулиетау шыңында XV ғ. өмір сүрген қазақ философы, ақын Асан қайғы жерленген. Академик Ә.Х. Марғұлан Әулиетаудың шыңында Ақмешіт әулие ғибадатханасы немесе Этли қамалы болған деген пікір айтады. Осы жерде сақталған құрылыс қалдықтары жоспары бойынша төртбұрыш болып келеді, өлшемі – 42х42 м. Ғимарат саз балшық ерітіндісімен тастан қаланған. Құрылыс іргетасы өлшемі 30х40 см болатын гранит тақталардан тұрғызылған. Жанында тас обалар орналасқан.
Әулиетау тауы (Ақмешіт) көптеген аңыздарда кездесетіндіктен, халық арасында танымал болып, маңызды орын алады. Ұлытауға Әлемдік тау ретінде тағзым етудің бастауы ежелгі дәуірге тереңдеп кетеді. Бұған Ұлытау аймағында орналасқан көптеген археологиялық ескерткіштер – обалар, ғибадатханалар, қалалардың болуы дәлел. Зерттеушілердің пікірі бойынша таудың киелілік сипаты қола дәуірінде-ақ болған. Орта ғасырлар кезеңінде Жошы хан мен оның ұрпақтары Әулиетаудың басын (Ұлытау) Әулеттік тау ретінде құрметтеген. Келесі бір аңыз желісі бойынша, таудың басына жеті әулие сопы – шипагердің жерлеу орындары, сонымен қатар ырым бойынша сиқырлы қасиетке ие үңгірдің орналасқандығы айтылады.
Киелі жерлерге, оның ішінде Ұлытауға деген қастер құрметтен туындайтын салт-дәстүрлер мен ғұрыптар тек қазақ халқында ғана емес, барлық түркі жұртында да бар және олар бүгінге дейін жалғасып келеді. Жан қуатын жаңғырту мақсатында адамдар сарқылмас қасиетті күштің бастауы саналатын осы бабалар бесігіне, киелі жерге жиі оралып отырған. Сондықтан Ұлытауға тәуап ету күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
Әулиетау – халық құрмет тұтатын, кеңінен танымал табиғи ландшафт нысаны. Ел тұрғындары мен ТМД елдерінен келетін зиярат етушілер үшін қасиетті жер болып табылады.
Деректер
- Археологическая карта Казахстана. Реестр / сост. Е.И. Агеева, К.А. Акишев и др. – Алматы: Изд-во АН КазССР, 1960. – 487 с. – С. 143.
- Қазақ Кеңес энциклопедиясы. – Алматы: Қазақ КСР ғылым академиясы құрастырған, 1974. – Т. 1. – С. 211.
- Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының бас редакциясы , 1999. – Т. 1. – 719 с. – С. 190.
- Маргулан А.Х. Археологические разведки в Центральном Казахстане (1946 г.) // Известия АН КазССР. Сер. историч. – 1948. – № 49. – Вып. 4. – С. 119–145. – С. 134.
- Шуптар В.В. Улытау // Туристский путеводитель. – Караганда: Историко-географическое общество «Авалон», 2016. – 100 с. – С. 42.