Байғозы мазары
Сипаттамасы
Культтік-архитектуралық, тарихи ескерткіш. XIX ғ. бірінші жартысы. Жыланды ауылынан 2 км жерде, Жаман Сарысу өзенінің жағасында, ел арасында «Батыр басы» деген атпен белгілі жерде орналасқан (Қарағанды облысы, Шет ауданы).
Қазақтың даңқты батырларының бірі Байғозы батыр Наймантайұлы (1705–1803) жас кезінен-ақ әкесі Наймантай батырь Сүтемгенұлының сарбаздары қатарында жауға қарсы шайқасқан. Тәуке ханның жолбарыс жүректі қолбасшыларының бірі болған Наймантай батыр Түркістандағы Ахмет Яссауи мазарының жанына жерленген. Байғозы батыр Түркістан түбінде, Аңырақай, Талқы, Бұланты, Хантау, Қарқаралы маңында жоңғарлармен болған кескілескен шайқастарға қатысқан.
Байғозының жаужүрек батырлығы, көзсіз ерліктері туралы халық оның көзі тірісінде-ақ айтқан, кейін де аңыз болып тараған. XIX ғ.ортасында Ш. Уәлиханов Байғозы батыр төңірегінде айтылып жүрген сөздердің біразын жазып алып, оларды өзінің «Исторические предания о батырах XVIII в.» атты ғылыми очеркінде жариялады. Бұл дерек бойынша, Байғозы батыр Абылай хан мен Шақшақұлы Жәнібек қолының құрамында торғауыттарға қарсы шығады. Азғантай қазақ әскерін өкшелеп қуып келе жатқан жаудың қолбасшысын құралайды көзге атқан мергендігімен атып өлтіреді, жаудың сасқалақтап қалған сәтін ұтымды пайдаланған қазақтар дереу қайта шауып, жеңіске жетеді. Ш. Уәлихановтың тағы бір жазбасына сүйенсек, батыр хан Абылайдың қырғыздармен болған шайқасына қатысқан. Ұрыста Теміржан манап мерт болады. Ол үшін тұтқынға түскен қазақтардан біреуін өлтіреміз деп, жеребе Байғозыға түседі. «Теміржанды өлтірген кім» деп мылтық тірегенде «мен ешкімге айғақ болмаймын» деп жауап берген Байғозы шімірікпестен, кірпік қақпай отыра беріпті. Сонда қырғыздың мәрт батыры «ағам қан майданда шейіт болды, мен қан алмаймын, сен, қазақ, боссың» деп Байғозыны босатып қоя беріпті.
Ұзақ өмір сүрген Байғозы батыр әбден жасы келіп, қартайғанда өзінің «Алладан берілген» екінші өмірін сүріп жатқанын айтып отырады екен. Оның пікірінше, бұл екінші мәуліт «қасиетті Түркістанда жатқан, шайқас та өліп, құдайдың кәрілігіне жете алмаған марқұм әкесі Наймантай батыр үшін» түскен-міс.
Орталық Қазақстан территориясын мекен еткен Байғозы батырдың жаз жайлауы Жаман Сарысу (Жаманның Сарысуы) өзенінің бойы болған. Бұлай аталу себебі, бұрынырақта бұл өзенді Жаман деген адам жайлаған екен. Халық Байғозы батырды «Жаман бейіті» деп аталатын кішкене қорымға жерлепті. Содан ескі атауы ұмыт болып, «Байғозы бейіті», «Батыр басы» деп аталған екен (ақпар беруші Жыланды ауылының байырғы тұрғыны Әли Төребеков, 1984 ж. жазба). Байғозы батыр қартайған шағында күнделікті күйбең тіршіліктің қамы нан алыстап, жарлы-жақыбайларға көп көмектескен, білім, дін саласына қолдау жасаған. Хазіреттің аясында өзінің алғашқы ұстаз-тәрбиешісі болған әкесі, даңқты жауынгер Наймантай батыр жатқан Түркістанға барған деседі. 1970–1980 ж.ж. өмір сүрген ақсақалдардың кезінде үлкендерден естіген ескі сөздері бойынша, кішкентай балалар аппақ қудай, бүгілген қариядан «ой, ата, сіз батыр болғансыз ба» деп сұраса, «батыр Наймантай, мен емес» деп отырады екен.
Халық Байғозы батырды көзі тірісінде аруақ қолдаған, кие қонған деген. Жидебай батырдың киесі «қос қызыл түлкі» болса, Байғозы батырдың киесі «қара бүркіт» дейтін сөз бар. Байғозы батырдың әулеті қазақ халқының тағдыр-талайы, ұлтарақтай жері үшін қасық қаны қалғанша ат үстінен түспеген не бір жаужүрек батырлардың есімдерімен тығыз байланысты. Әкесі батыр Наймантай, шешесі Шолпан Кіші жүз Есет тарханның қарындасы екен. Апасы Баяу Қанжығалы Бөгенбай батырдың анасы болса, өз қызы Қойсана «Кенесары жорығында» жан алысып, жан беріскен Шұбыртпалы Ағыбайдың шешесі екен. Ал немересі Шәки – Орталық Қазақстандағы қобыз мектебін қалыптастырушы, дәулескер күйші, қобызшы Ықылас Дүкенұлының анасы. Қазіргі уақытта «Батыр басына» дұға бағыштап келушілерде есеп жоқ. Сонымен бірге жер жағдайына байланысты сол маңдағы үлкен жиындар мен астар да осы төңіректе өтіп жатады.
Деректер
- Валиханов Ч.Ч. Исторические предания о батырах XVIII в. // Собрание сочинений в пяти томах / Отв. ред. академик А.Х. Маргулан. – Алма-Ата: Глав. ред. Казахской советской энциклопедии, 1984. – Т. 1. – 432 с. – С. 216–222.
- Елтұтқа: Ел тарихының әйгілі тұлғалары / М. Жолдасбекұлы, Қ. Салғараұлы, А. Сейдімбек; Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті. – Астана: KUL TEGIN, 2001. – 358 с.