Байқоңыр петроглифтері

Сипаттамасы

Жартас өнерінің ескерткіші Байқоңыр өзенінің қос жағалауын бойлай 25 км жерді алып жатыр (Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы). Петроглифтер биіктігі 10 м жекелеген жартастардан табылған, олар негізгі жар- тастардан алшақ өзара телімдермен бөлініп орналасқан. Суреттер салынған тақталар, әдетте, жерден 2-4 м. биіктікке орналасқан, оңтүстік-шығысқа, кейде солтүстікке бағытталған, тік немесе көлбеу, кейде көлденең экспозицияны құрайды.

Байқоңыр петроглифтері жайлы алғашқы мәліметтер Н.С. Воронецтің жұмысында кездеседі. Зерттеулердің жалғасы ретінде В.А. Городцовтың 1926 ж. шыққан мақаласын айтуға болады. Соғысқа дейінгі жылдары петроглифтерді Қ.И. Сәтпаев қарап шыққан. 1947 ж. мұнда Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы Ә.Х. Марғұлан басшылығымен зерттеулер жүргізеді. 1983–1989 ж.ж. аралығында Байқоңыр петроглифтерін Қарағанды мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы В.А. Новоженовтің басшылығымен зерттейді. Сол кезде барлық сақталған суреттерді жүйелеу жүзеге асырылады. Петроглифтердің төрт негізгі жинақталған орны табылған: Байқоңыр ауылының маңы (орналасқан жері Байқоңыр А–И); Лақбай қыстағы жанында (орналасқан жері Байқоңыр I–III); сонымен қоса Сарысай қыстауының маңы (Байқоңыр IV).

Байқоңыр ауылынан өзенді бойлай 1,5 км жерде орналасқан Балқымбай қыстағының маңында 9 тармақтан құралған петроглифтер жиынтығы орналасқан. Петроглифтер нүктелі тәсілмен орындалған, өңделгендері сирек кездеседі. Петроглифтері бар жартастар қатты қирап, бетін қына басып кеткен. Адамдар мен жануарлардың жеке суреттері көптеп кездеседі. Ерлердің суреттері айқын ерекшелікпен бейнеленген, жануарлар арасында жылқы, түйе, бұқа, киік суреттері көп кездеседі. Сонымен қоса ежелгі суреттердің үстінен уақыты жағынан кейінгі суреттер басылып салынған жерлер де тіркелген. Байқоңыр Б, Д, жартасында «сүлде» және скиф-сақ аң стилінде салынған суреттер ерекшеленеді.

Лақбай қыстағының маңындағы, Байқоңыр ауылынан оңтүстік оңтүстік-шығысқа қарай 18 м жерде орналасқан петроглифтер жиынтығы ерекше қызығушылық туғызады. Ол жерден көп бейнелі тас беті анықталады, онда «құйрықты» және «күн басты» аңшы- садақшылардың бұқалар мен түйелерге аңшылық құру көрінісі; эротикалық сипаттағы көріністер; жануарлардың қарсыластығы мен шайқасының көрінісі; азаптау көріністері берілген. Байқоңыр III жартасында екі, төрт дөңгелекті ат пен түйе жегілген арба бейнеленген. Ең танымал бейнелер ол – жылқы мен түйе, ал тау ешкілер, бұқалар, иттер, жылан, ал киік суреттері сирек кездеседі. Байқоңыр III, 16-шы жартаста жыртқыштардың бұқаға шабуылы бейнеленген, бұл скиф-сақ аң стиліне тән көрініс, сонымен қоса ол жерде көне дәуірге жататын түйе, жылқы суреттері өзге стиль мен тәсілде орындалған.

Байқоңыр ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 25 км жерде, өзенінің оң жағалауында, Байқоңыр IV жартасы орналасқан, ол қатты қираған және бетін қына басқан. Негізгі бейнелер: жылқы, түйе, таутеке, салт аттылар.

Байқоңыр өзенінің бойындағы петроглифтер негізгі екі кезеңге бөлінеді: қола– кейінгі қола дәуірі мен ерте көшпенділер дәуірі, сонымен қоса әр түрлі хронологиялық кезеңдерге жататын бейнелеу стильдері де кездеседі.

Өзіндік үлкен деңгейлі шынайылықпен салынған Байқоңыр жылқыларына ұқсас суреттер сейминск-турбинск қола дәуірі мәдениетінде кездеседі. Байқоңыр өзенін бойлай орналасқан петроглифтер Қазақстанның ежелгі тайпаларының материалдық және рухани мәдениеті бойынша құнды дерек болып табылады. Бұл жер аймақтың ежелгі тұрғындары ғұрыптық шаралар өткізген храм, ғибадатхана, киелі орын болуы мүмкін.

Ескерткіш материалдары Қарағанды мемлекеттік университетінің археология және этнография музейі қорында сақтаулы.

Туризм нысаны.

Деректер

  1. Воронец Н.С. Изображения на скалах, найденные на границе Тургайской и Сырдарьинской областей, на реке Лак-пай // Русский антропологический журнал. – 1916 (1917). – Кн. 39–40, №№ 3–4. – С. 57–60.
  2. Городцов В.А. Скальные рисунки Тургайской области // ТГИМ. – 1926. – Вып. 1. – С. 37–69.
  3. Маргулан А.Х., Агеева Е.И. Археологические работы и находки на территории Казахской ССР // Известия АН КазССР. Сер. археол. – 1948. – Вып. 1. –С. 126–135.
  4. Новоженов В.А. Отчет о полевых исследованиях археологической экспедиции Карагандинского госуниверситета на территории Джезказганской области летом 1984 г. Караганда, 1984. См.: Отчет за 1987, 1988, 1989 гг. // Архив Института археологии им. А.Х. Маргулана.
  5. Новоженов В.А. Петроглифы долины реки Байконур // Маргулановские чтения-1989. – Алма-Ата, 1989. – С. 100–105.
  6. Новоженов В.А. Колесный транспорт эпохи бронзы урало-казахских степей // Вопросы археологии Центрального и Северного Казахстана. – Караганда, 1989. – С. 110–122.
  7. Новоженов В.А. Петроглифы Сары-арки. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2002. – 125 с., ил.
  8. Сатпаев К.И. Доисторические памятники в Джезказганском регионе // Народное хозяйство Казахстана. – 1941. – № 1. – С. 69–72.
Толығырақ

Суреттер


Кіру