Беғазы қорымы
Сипаттамасы
Тарих және археология ескерткіші. Қорым аудан орталығы Ақтоғай кентінен 40 км оңтүстік-шығысқа қарай, Қаратал өзенінің оң жағалауында, тау етегіне жақын тұста орналасқан (Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы). Өзеннің қарсы бетінде қорымнан 1 км жуық жерде 5-6 үйлі ауыл бар.
Беғазы қорымын Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (Ә.Х. Марғұлан) 1946 ж. далалық зерттеулер барысында ашады, ал 1947 ж. қазба жұмыстарын бастайды. Археологиялық зерттеулер арасына үзіліс салып 1947–1952 ж.ж. жүргізіледі. Зерттеу жұмыстарына К.А. Ақышев, Ә.М. Оразбаев, сонымен қатар Ә.Х. Марғұланның шақыртуы мен 1948 ж. Мәскеулік Л.Р. Кызласов қатысады.
Қорым аумағының жалпы ауданы 10 га жерді қамтиды. Нысандардың негізгі бөлігі оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай тізбектеле орналасқан. Қорым құрамында андронов қоршаулары, беғазы-дәндібай мәдениетінің кесенелері, яғни тас кесенелері, сақ дәуірінің обалары, қазақ уақытының көптеген тас жерлеулері мен үш саман мазарлары бар.
Қорымдағы ең ерте ескерткіштерге қабырғалары тігінен орнатылған тақта тастан тұратын, орта тұсында жерлеуі бар кішігірім қоршаулар жатады. Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы 50 қоршаудың 18-інде қазба жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ кейінгі қола дәуірінің 6 тас кесенесі зерттелген. Беғазы қорымының ғылымдағы кең танымалдылығы осы кесенелердің арқасында қалыптасқан.
Беғазы қорымы кейінгі қола дәуірінің сол кезде әлі белгісіз мәдениетінің деректерін берген Дәндібайдан кейінгі екінші ескерткіш болатын. Тас кесене деп атау берілген құрылыстардағы қазба жұмыстары сол уақыттағы жарқын ашылымдардың қатарында тұрды. Беғазы қорымынан да үлкен тас кесенелер ашылады. Монументалды әрі күрделі құрылыстардың бір қорым аумағында орналасуы – үлкен мағынаға ие. №1 тас кесене өлшемі – 9,6х9,6 м, яғни шаршы пішінде. Оның қабырғалары балшық пайдалана отырып гранит тастан қаланған. Қабырғалардың ені – 2 м, сақталып қалған биіктігі 1,3 м-ге дейін жетеді. Қабырғалар сыртқы периметр бойынша биіктігі 3,5 м жететін тастармен қапталған. Кесенеге кіреберіс шығыс жағында болған. Кіреберісте ұзындығы – 9 м, ені 4 м болатын дәліз орналасқан. Дәліздің де қабырғалары тастан қаланған. Сипаттамаға сәйкес, кесененің ішінде сыртқы қабырғалар мен жерлеу камерасының арасында 40-тан астам қыш ыдыс табылған айналмалы галерея болған. Жерлеудің ішінде меңгірлері бар құрбандық орны орналасқан. №2 тас кесене өзінің өлшемдері бойынша №1 кесенеге ұқсас және оның жанында тұр.
Зерттелген барлық 6 тас кесене де ерте уақытта тоналған. Қазба жұмыстары барысында қоғамның ауқатты өкілдері пайдаланған қыш ыдыстар, қола найза, жебе ұштары табылған. Тас пен сүйектен жасалған бұйымдар, жылқы, сиыр, қой, марал мен арқардың сүйек қалдықтары да табылды. Осы ескерткіштердің деректері Сарыарқаның беғазы-дәндібай деп аталатын бірегей мәдениетін ашуда маңызды орын алады. Дәндібай, Беғазы, Саңғыру 1, Бұғылы 2 және Бұғылы 3 қорымдарындағы далалық элитаның жерлеу кешендері 1950 ж.ж. алғашқы жартысында мамандар арасында жаңа мәдениет бойынша ұсыныстарын жобалауға негіз болған ескерткіштердің тобын құрайды.
Қаратал өзенінің жағалауында 20 км қашықтыққа дейін жүргізілген барлау барысында 40-тан астам орындар тіркелген. Ғылымдағы жаңа ашылымдардың қатарында Беғазы қорымындағы обалардың бірінен табылған сақ уақытының тас мүсіні мен Қызыл қорымындағы доңғалдық жерлеулердің табылуын айта аламыз. Қорымға жақын жерде доңғалдық материалдар берген Қаратал-2 қонысының ашылуы мен зерттелуін де қоса аламыз.
Жаңа зерттеулер Беғазы қорымы осы төңіректегі көптеген ескерткіштер шоғыры ның басты орталығы екенін көрсетті. «Қызыларай- Беғазы» тарихи-мәдени және табиғи қорығының ғылыми негіздемесін жасау жұмыстары жүргізілді. Негіздеменің археологиялық бөлімінде белгіленген (жоспарланып отырған) аумақта 570 нысаннан тұратын 150 орын бар екендігі дәлелденді. Бұл орындар 5 топқа біріктірілген. «Беғазы ескерткіштер тобы» деген атаумен берілген топқа 85 орын кіреді. Археологиялық нысандардан бөлек мұнда көптеген қазақ мазарлары мен қыстаулардың орындары бар.
Беғазылық мәселе бойынша қазіргі таңдағы деректер, оның ішінде жаңа қазба мәліметтері мен көміртегілік сараптамалар қорытындысы Беғазы қорымының беғазы- дәндібай мәдениетінің заманындағы орнын анықтауға мүмкіндік береді. Беғазы қорымында зерттелген ақсүйектердің жерлеу құрылыстары беғазы-дәндібай мәдениетінің ең соңғы сатысына жатуы мүмкін. Егер осы тұрғыдан қарайтын болсақ оларды сақ дәуіріндегі «патша» обаларының бастаушысы ретінде қарастыруымыз керек.
Жаңа заман уақытында Беғазы қорымының төңірегі қалың қоныстанған өлке болған. Мұнда сарым руынан шыққан танымал би Шабанбай Қалқаманұлы (XVIII ғ. ортасы– XIX ғ. басы) және онымен туыстас ауылдар тұрған. Ең алдымен бұл өлке қыстық мекендер болса керек.
Өз аталарының және басқадай үлкендердің әңгімелерін естіген егде жастағы жергілікті тұрғындардың сөздері бойынша Беғазы қорымы ерте уақыттан бері адамдар жиі келетін киелі жер болған. Көне құрылыстарға қатысты сақталған ауызша деректерге сүйенсек, әсіре се, беғазы-дәндібай мәдениетінің тас кесенелерін жергілікті тұрғындар көне батырлардың жерленген орындары деп есептеп келген. Аңыз бойынша тас кесенелердің біреуін жауға шапқан батыр қыздың бейіті дейді, бірақ нақты қайсы екені аталмайды.
Беғазы қорымында үш мазар бар, оның екеуі – аталған тарихи тұлғаның ұрпақтарына тиесілі. Қорымның солтүстік-шығыс шетінде, №1 тас кесене алдында тұрған үшінші мазар керей еліне жататын Қырмызы атты жас әйел немесе қыздікі делінеді. Ол жаздыгүні көш кезінде қайтыс (ақпарат беруші Қ. Қапашев, 2005 ж. жазба) болып, жаздыгүні болғандықтан, ақсақалдардың ұйғаруымен алысқа апармай осы қасиетті қорымға әкеліп қойған.
Ә.Х. Марғұлан жұмыстарына дейін және одан кейін де бастапқы уақытта қорымның сақталуы біршама жақсы деңгейде болатын. Қорымның бұзылуы 1960 ж.ж. екінші жартысы мен 1970 ж.ж. орын алған, бұл совхоздарды ірілендіру кезеңімен байланысты. Атап айтқанда, маңайдағы фермаларда түрлі құрылыстар салу барысында сырттан келген жұмысшылар, құрылыс отрядтары қорымнан тас алып отырған секілді. Оған қорымда қазба жұмыстары жүргізіліп кеткеннен кейін бұл ескерткіш енді ешкімге керек емес деген пікірдің қалыптасуы әсер етуі мүмкін.
Қазіргі таңда қорым ерекше киелі жерлер қатарына жатады. Қорымға Қазақстан мен шет елдерден тарихқа қызығушы көптеген турис тер, аудан орталықтарындағы және Балқаш қаласы мен ірі елді-мекендердегі мектеп оқушылары да жиі келеді.
Беғазы топонимін Ә.Х. Марғұлан «аз» тайпасымен байланыстырған, яғни аз тайпасының бектері тұрған жер мағынасында (бек-аз). Көптеген ақпарат берушілердің деректері бойынша, осы өңірдегі қазақтардың арасында өмір сүрген Беғазы деген атпен белгілі адам туралы мәлімет жоқ. Осы атаумен белгілі мазар да жоқ. Барлық ақпарат берушілер бір ауыздан бұл көне атау екендігі туралы айтады. Кейбір айтылған мәліметтер тағы да «Биғазы/ Беғазы» деген жауынгер әйел жайлы пікірге сайып келеді. Бірақ Беғазы атауы ер адамның атына жақынырақ екенін ескеру қажет.
Ескерткішке қатысты қалыптасқан тарихнамалық дәстүр бар. Беғазыға қатысты алғашқы жарияланымды Ә.Х. Марғұлан мен Л.Р. Кызласов бірлесе отырып 1950 ж. шығарған. Деректер «Орталық Қазақстанның көне мәдениеті», «Орталық Қазақстанның беғазы-дәндібай мәдениеті» монографияларында кеңірек берілген. Кейіннен көптеген зерттеу жұмыстарында Беғазы қорымының деректері пайдаланылды, қазір де олар үнемі қолданыс аясында. Бірнеше жарияланымдар қорым мен оның төңірегіндегі жаңа зерттеу жұмыстарына арналған. Бүгінгі күні Беғазы қорымында барлық қазылған археологиялық нысандар, сонымен бірге қираған кейінгі жерлеулері қайта қалпына келтірілген, ескі қазбаның үйінділері мен қоқыстар тазартылып, қорым аумағы ағаш қоршаумен қоршалған. Осыған ұқсас жұмыстарды Беғазы өлкесіндегі басқа ескерткіштерде де жүргізу қажет. «Қызыларай- Беғазы» тарихи-мәдени және табиғи қорығының тезірек ашылуы осы өңірдегі көне жәдігерлерді кешенді түрде зерттеу, сақтау мен пайдалану жұмыстарына оңтайлы ықпал ететін болады деп күтеміз.
Деректер
- Бейсенов А.З. Беғазы. Орталық Қазақстандағы жаңа ізденістер барысы // Свидетели тысячелетий: археологическая наука Казахстана за 20 лет (1991–2011). – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2011. – 57–68-бб.
- Бейсенов А.З., Варфоломеев В.В. Могильник Бегазы. Центральный Казахстан в бегазы-дандыбаевскую эпоху. – Алматы: Інжу-Маржан, 2008. – 112 с.
- Бейсенов А.З., Варфоломеев В.В., Касеналин А.Е. Памятники бегазы-дандыбаевской культуры Центрального Казахстана. Монография. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2014. – 192 с.+20 с. цв. ил.
- Бейсенов А.З., Жамбулатов К.А., Огарь Н.П. О проектируемом государственном историко-культурном заповеднике-музее «Кызыларай-Бегазы» // Маргулановские чтения-2011: матер. Междунар. археол. конф. – Астана: ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2011. –С. 402–405.
- Бейсенов А.З., Қасеналин А.Е. «Мәдени мұра» бағдарламасы және Беғазы зиратындағы жұмыстар // Вопросы археологии Казахстана: сб. научн. ст., посвящ. 75-летию Б. Нурмуханбетова. Издатель и от- вет. ред. А.З. Бейсенов. – Алматы: НИЦИА «Бегазы-Тасмола», 2011. – Вып. 3. – 456–461-бб.
- Бейсенов А.З., Қасеналин А.Е. Беғазы қорымы (зерттеу, сақтау және насихаттау жұмыстары) // Бегазы-дандыбаевская культура Степной Евразии: сб. научн.ст., посвящ. 65-летию Ж. Курманкулова. – Алматы: НИЦИА «Бегазы-Тасмола», 2013. – 43–58-бб.
- Бейсенов А.З., Ломан В.Г., Касеналин А.Е. Новое в археологии Сарыарки: донгальские погребения могильника Кызыл // Бегазы-дандыбаевская культура степной Евразии: сб. научн. ст., посвящ. 65-летию Ж. Курманкулова. Издатель и отв. ред. А.З. Бейсенов. – Алматы: НИЦИА «Бегазы-Тасмола», 2013. – С. 59–79.
- Бейсенов А.З., Мусаева Р.С., Жамбулатов К.А. О создании естественно-научного обоснования (ЕНО) проектируемого заповедника-музея «Кызыларай-Бегазы» // Археология и история Сарыарки: сб. на- учн. ст. – Караганда: КарГУ им. Е.А. Букетова, 2012. – С. 259–274.
- Варфоломеев В.В. Бегазы-дандыбаевская культура степей Центральной Евразии // Археология Казахстана в эпоху независимости: итоги, перспективы: матер. Междунар. научн. конф., посвящ. 20-летию независимости Республики Казахстан и 20-летию Института археологии им. А.Х. Маргулана КН МОН РК. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2011. – Т. I. – С. 210–240.
- Выдающиеся ученые КазФАН СССР. Портреты работы В. Лаврентьева // НА «Гылым ордасы», ф. 86, оп. 1, д. 584, 74 л.
- Кызласов Л.Р., Маргулан А.Х. Плиточные ограды могильника Бегазы // КСИИМК. – 1950. – Вып. XXXII. – С. 126–136.
- Маргулан А.Х. Бегазы-дандыбаевская культура Центрального Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1979. – 360 с.
- Маргулан А.Х., Акишев К.А., Кадырбаев А.М., Оразбаев А.М. Древняя культура Центрального Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1966. – 435 с.