Беласар қорымы
Сипаттамасы
Тайатқан, Шұнақ, Үшқызыл таулары қоршап жатқан тауаралық алқапта орналасқан. Маңында жыл бойына суы тартылмайтын екі бұлақ жылғасы ағып жатыр. Қазіргі Киік бекетінен 17 км, Мойынты бекетінен 40 км жерде орналасқан (Қарағанды облысы, Шет ауданы). Ескерткіш б.з.д ІІ мыңжылдықтың екінші жартысы, яғни қола дәуірімен мерзімделеді.
Орталық Қазақстандағы қола дәуірінің белгілі ескерткіштерінің бірі – Беласар қорымы. Беласар қорымында 1500 жыл бойында қалдырылған әр түрлі көлемдегі 150-ге тарта жерлеу құрлысы бар. Бұл жер қола дәуірінің тұрғындары үшін қолайлы табиғи жағдаймен ерекшеленгендігі сөзсіз. Мойнақ, Қаратал, Шажағай, Атасу, Ақдала, Шыбынды өзендерінің алқабындағы белгілі Ақдала, Шыбынды көк майса жайылымды жерлері мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік туғызған. Қосқұдық, Мыңқайнар, Шалқия, Болаттау тауларында ертеде түсті металдарды өндірсе, Жиделі өзені кремний кен орны болған.
Беласар алқабы өзінің ыңғайлы орнала- су ерекшелігі бойынша ерте және кейінгі қола дәуірінің тұрғындарына киелі орын болып саналған. 1957 және 1968 ж.ж. аралығында Ә.Х. Марғұланның жетекшілігімен Беласар қорымында 4 қоршау және 1 оба-қоршау зерттелген. Жерлеу құрылымының үлкендігі, мықтылығы мен күрделілігіне қарағанда жерлеу құрылысы ежелгі қоғам элитасының өкілдеріне тиесілі болған секілді. Табылған бұйымдардың ішіндегі құрбандық асына арналған қыш ыдыстар және сәндік сипаттағы өрнекті композициялы, бірегей қола білезік, қапсырмалар иесінің жоғары әлеуметтік мәртебесі болғандығын дәлелдейді.
Қола дәуірінің соңында осы аймақ тұрғындарының бір бөлігі Сырдарияның төмен гі ағысына қоныс аударып, жергілікті халықпен араласқан секілді. Содан барып Сырдария тұрғындары ұзақ уақыт бойы, қола дәуірі, одан кейінгі ерте темір ғасырында қасиетті орын деп танылған монументті шикі кірпіштен қаланған кесенелері бар Түгіскен қорымын қалдырған болуы мүмкін.
Беласар қорымы Сарыарқа даласын оңтүстікпен байланыстыратын керуен жолында орналасқан. Аймақтың қолайлы табиғи жағдайы аумақты қарқынды игері мен оның киелі орынға айналуының бір себебі болды. Бұл жердің негізгі қасиеті – бабалар моласының орналасуында жатыр. Беласар қорымы тарихи-мәдени нысан болып табылады.
Туристік нысан болып табылады.
Деректер
- Маргулан А.Х. Бегазы-дандыбаевская культура Центрального Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1979. – 360 с.