Бердіқожа батыр кесенесі

Сипаттамасы

Темірші ауылынан шығысқа қарай 38 км жерде орналасқан (Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы)

XVIII ғ. батырлар қауымының жарқын өкілдерінің бірі – Бердіқожа (1708–1786) Ұлы жүздің Шанышқылы руынан шыққан. Деректердің мәліметі бойынша, жалпы халықтық құрмет пен даңққа қазақ-жоңғар соғысында көрсеткен ерлігі арқасында жеткен. Бердіқожаның өмір сүрген уақыты қазақ қоғамындағы батырлар институтының гүлденген уақытымен сәйкес келеді. Қазақтың тарихи фольклорының мәліметтеріне қараған да Бердіқожа батыр жеке ержүректігімен ғана емес дарынды қолбасшылығымен де ерекшеленген. XVIII ғ. Ұлы жүз қазақтары жасақтарының қолбасшысы ретінде ірі шайқастарға қатысқан. Бердіқожа батыр жайлы мәлімет капитан И. Андреевтің «Описание средней орды киргиз-кайсаков» атты еңбегінде келтірілген. Сол дерек бойынша 1783 ж. Семипалатинск бекінісіне келген Бердіқожаны жергілікті әкімшілік жақсы ықыласпен қабылдаған. Бердіқожа өзіне қарасты руларымен 18 жыл бойы Жетісудың бойын жайлап, қырғыздармен іргелес аймақты мекендегені және осы жылы ғана Шыңғыс тауының баурайынажайғасқа ны жайлы Ресейлік шенеуніктер оның өз аузынан естіген.

Оның ерекше жоғары дәрежеге жеткен кезі Абылай ханның билік құрған тұсы болатын. Деректердің мәліметі бойынша дәл осы уақыт аралығында қазақ халқынан Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаздаусты Қазыбек, Шақшақ Жәнібек, Көкжал Барақ, Шанышқылы Бердіқожа, Сырым Малайсары секілді батырлар шыққан.

Бердіқожа батыр кесенесі Көкшетау мен Дуан тауларына жақын маңдағы Дағандалы өзенінің оң жағалауы жарқабағындағы биік жотаның басында орналасқан. Бердіқожа батырды жерлейтін жерді таңдаған кезде айналаны қоршаған ландшафт факторы, жолдар мен су көздерінің болуы ескерілсе керек. Осының өзі әлеуметтік тұрғыдан оның ерекше мәртебесін көрсеткендей. Оның үстіне, Бердіқожа батыр көзінің тірісінде өзін өткен-кеткен адамдар құран оқығанға ыңғайлы, қатынасы үзілмейтін үлкен жолға жақын жерге жерлеуді өсиет етіп қалдырған. Кесене тұрғызылған қырқа айнала қоршаған ортадан едәуір биік. Бұл нысанды едәуір қашықтықтан табиғи ландшафтың фонында тамашалауға мүмкіндік береді. Ескерткіштің осындай тиімді орналасуы жүздеген жылдар бойы жүргіншілерге бағдар болғандығын саяхатшылардың жазбаларынан білеміз.

Жоспары бойынша төртбұрышты кесененің көлемі – 6,50×6,25 м. Қабырғалары 40×25×10 см өлшемдегі тікбұрышты қам кірпіштерді екі қатар етіп, жалпағынан жатқызып қалаған, қалыңдығы – 0,5-0,55 м. Кірпіштерінің арасы қиыршық тас араласқан өзен балшығымен 2-2,5 см қалыңдықта дәнекерленген. Қабырғаларының астыңғы жағына оны нығайту үшін ірі қойтастар қойылған. Есік орналасқан қасбеті оңтүстік- батысқа қараған. Ғимаратқа кіреберісте кішігірім бөлме бар. Кесененің едені әк араласқан сылақпен сыланған. Кесененің орта тұсында қам кірпіштерден қаланған трапеция тәріздес қабір үсті құрылысы орналасқан.

Кесене орналасқан жерде 3 500 жыл аралығындағы ескерткіштердің болуына қарағанда адамдар бұл аймақты ежелден- ақ қасиетті орын деп есептеген. Дағандалы өзенінің жоғарғы ағысында, Қарақойтас және Аққойтас тауларының баурайында ежелгі ақсүйектердің жерлеу орындары мен ұсынтас-меңгірлерден тұратын культтік-мемориалдық кешені орналасқан. Қола дәуірінің жерлеулері сол дәуірдің дәстүріне сай төртбұрышты немесе дөңгелек келген қырынан қойылған жалпақ тастардан тұратын қоршаулар түрінде. Олардың ортасында әдетте төртбұрышты тас жәшіктер болады. Кейінгі қола дәуірі ескерткіштерін алып үйінділердің астына төртбұрышты немесе дөңгелек етіп тұрғызылған қоршаулардан тұратын обалар құрайды. Обалардың кейбіреуінде ұсын тастар да болады. Ерте темір дәуірінің ескерткіштері тастан үйілген дөңгелек обалардан тұрады. Түркі дәуірі жерлеулері төртбұрышты тас қоршаулар мен ұсын және мүсін тастардан тұрады. Археологиялық нысандарға жақын маңда, Бердіқожа батырдың кесенесіне ұқсас XVIII–XIX ғ.ғ. жататын культтік-мемориалдық ескерткіш орналасқан. Олар дулыға тәріздес пішінде, ішкі жағы сыланып, әкпен ақталған. Жақын жерде орналасқан Сартымбай батыр, Жалпақ батыр, Тілеген би кесенелері, т.б. осы аймақты «Батырлар алқабы» немесе «Батырлар жазығы» деген атауға мүмкіндік береді.

2016 ж. құлаған жерлеу құрылысының үстіне қазіргі заманауи материалдардан дулы ға пішінді кесене тұрғызылады. Бердіқожа батыр кесенесі жергілікті мәртебедегі тарихи-мәдени ескерткіштердің тізімінде бар, зиярат ету және туризм нысаны.

Деректер

  1. Андреев И.Г. Описание Средней Орды киргиз-кайсаков / Фонд Сорос-Казахстан. Составление, транскрипция скорописи XVIII в., спец. ред. текста и комм. И.В. Ерофеевой. – Алматы: Гылым, 1998. – 280 с. - С. 78.
  2. Байтанаев Б.А., Веселовская Е.В., Балуева Т.С., Добровольская М.В., Касымбеков Б.А., Медникова М.Б., Морозова И.Ю. Исследования мавзолея Бердыкожа батыра: археология, антропология, генетика // ЭО. – 2015. – № 2. – С. 117–136.
  3. Байтанаев Б.А., Касымбеков Б.А., Ахатов Г.А., Смагулов Т.Н., Жанисов А.Т. Археологические исследования мавзолея Бердыкожа батыра // Наследие Л.Н. Гумилева и современная Евразийская интеграция: IX Евразийский научный форум. – Астана, 2012. – С. 136–147.
  4. Шанышқылы Бердіқожа батыр /Құраст.: Б. Қасымбеков. Д. Қыдырәлі. – Астана: Фолиант, 2009. – 283 с.
Толығырақ

Суреттер


Кіру