Бесоба ескерткіштер кешені

Сипаттамасы

Археология, тарих, ғұрыптық, сәулет нысаны. Бесоба ауылдық округінің аумағында орналасқан (Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы). Жан-жағын Жамантас, Ақсары, Түгіскен, Қосшоқы, Қоңыржон тәрізді тау тізбектері қоршап жатқан Байқожа өзенінің кең алқабында қола дәуірі, ерте темір дәуірі, орта ғасырлар кезеңінің археологиялық ескерткіштері, ескі қазақ мазарлары мен қорымдары топтасып орналасқан. Алқаптың ортасында негізгі әкімшілік пункт – Бесоба ауылы бар. Байқожа өзені бойында орналасқан ауыл кезінде тау жоталары бойындағы шағын сайларда тұрған көптеген ескі қазақ қыстаулары шоғырының орнында пайда болған. Осындай қыстаулардың орта тұсын ұзындығы бірнеше шақырымға созылған өзен жағалауындағы жазық алып жатыр. Бұл жер осында орналасқан көне қорымға байланысты Бесоба деп аталады.

1867–1868 ж.ж. Сібір әкімшілігі сыртқы округтарды басқару ісі бойынша жүргізілген реформа аясында қазақ болыстарының ата- уларын өзгертеді. Ру атаулары адам тығыз қоныстанған, әрі көпке мәлім географиялық атаулармен алмастырылды. Қайта құрылатын болыс атауы үшін Бесоба (Бесоба алқабы), Құлболды (Құлболды тауы) мен Ақсары (Ақсары тауы) сияқты ұсынылған үш нұсқаның арасында, таңдау соңғысына түседі (Аксаринская волость). Сол уақыттағы патша шенеуніктері, оқыған көзі ашық адамдар, мүмкін, Ресейде көпке танымал, бір пайымдаулар бойынша түркілерден шыққан Аксарин тегі бар болуы себепті ме екен, осы Ақсары атауын құп көреді. Кеңес уақытында «Құлболды сельсоветі», «Бесоба колхозы/ совхозы» деген атаулар пайда болды. Осындай мәліметтер көне заманнан бастап бұл өлкелерде халық тығыз қоныстанғанын дәлелдейді. Бесоба, Қамқор, Қарашоқы, Қызылту тәрізді шағын колхоздар Бесоба совхозының құрамына кіреді, ол 1980 ж.ж. аумағы 186000 га-дан астам жерді алып жатты.

Бұл жер Нұра өзенінің жоғарғы ағысының аумағы болып табылады. Бесоба ауылынан сәл төменірек тұста Байқожа өзеніне оң жақ сағасы, Нұра (Баланұра, Кішісу) атты шағын жылға келіп қосылады да, негізгі арна ары қарай Нұра өзені болып кетеді. Бұл – ары қарай өзіне көптеген салалар (Ақбастау, Шерубайнұра, т.б.) келіп қосылатын Орталық Қазақстанның белгілі өзені. Бұрынырақта қазақ Қаранұра (яғни, үлкен, негізгі Нұра) деп атаған. Бесоба алқабының айналасында көне заманның ескерткіштері өте көп. Біршама алыстау жерде, «Үш биікті Құлболдының» (Балақұлболды, Сарықұлболды, Қарақұлболды) маңында Ә.Х. Марғұлан мен Ә.М. Оразбаев үлкен Балақұлболды қорымын ашып, зерттейді. Патша әкімшілігінің мұрағат құжаттарында осы өлкеден мыс кен орындарының ашылғандығы туралы мәліметтер қалған.

Тас дәуірінің ескерткіштеріне барлау жасалмаған, әрі зерттелмеген. Бесоба алқабын ежелгі тайпалар мекендеген ерте кезең андронов дәуірінің көптеген жерлеу құрылыстар уақытымен сәйкес келеді. Олардың арасында, қолда бар деректер бойынша, нұра мәдениетінің (б.з.д. II мыңжылдықтың бірінші жартысы) элиталы тобы қалдырған Бесоба қорымы жақсы белгілі.

Ауылдан оңтүстікке қарай бірнеше жүз метр жерде орналасқан Бесоба қорымының аумағында 23 жерлеу құрылысы сақталған. Бастапқыда аумағының басым бөлігін қазіргі ауыл алып жатқан, бұдан анағұрлым үлкен жерлеу алаңы болған. Қазіргі қорымның орталығын диаметрі 28-40 м, биіктігі 1-2,5 м болатын төрт топырақ оба құрайды. Ескерткішті 1930 ж.ж. соңында Қарағанды облыстық музейінің сол кездегі директоры, белгілі өлкетанушы Л.Ф. Семенов ашқан. 1940 ж. мұнда алғашқы зерттеулер жүргізіледі. Л.Ф. Семенов пен Мәскеу Университетінің профессоры С.В. Киселев басқарған экспедиция бірнеше қоршауға қазба жұмысын жасайды. Алынған материалдар бойынша ескерткіш қола дәуірімен мерзімделді. 1969 ж. Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (ОҚАЭ) академик Ә.Х. Марғұланның жетекшілігімен екі үлкен топырақ оба мен бірнеше шағын қоршауды қазады. 2015 ж. И.А. Кукушкин жетекшілік еткен ҚарМУ археологиялық экспедициясы қорымға жаңа зерттеулер жасайды. Екі ірі топырақ оба мен үш шағын құрылысқа қазба жұмысы жүргізіледі. Үйінді астында екі қатар қоршауы мен ірі тас жәшігі бар үлкен көлемдегі обалардан алтын құйма сырғалар, көркем өрнектелген қыш ыдыстар табылады. Бұл – ескерткішті Сарыарқадағы нұра тайпаларының жоғары элитасы қалдырғанын көрсетеді. №3 обаның тақта тастарында сегіз тармақты жұлдыз бен тік айқыш (крест) түріндегі белгілер қашап жасалған. Осыған ұқсас белгілер Қазақстанның және Еуразияның петроглифтерінен кездеседі. Зерттеу жұмыстары аяқталған соң, И.А. Кукушкиннің жетекшілігімен қорымға рекультивациялық жұмыстар жасалып, қазылған нысандар айнала металл шарбақпен қоршалып, қорғау тақтасы орнатылады.

Орталық Қазақстанның бірегей ескерткіші – Қоңыржон петроглифінде жалпы саны 15 жартас бетіне қашалып салынған 200 астам бейнелер бар. Олар қола дәуіріне, ер те темір дәуіріне және орта ғасырларға жатады. Ескерткішті жергілікті өлкетанушы, тарих пәнінің мұғалімі Т. Әшірбеков ашқан болатын, оның көрсетуімен 2008 ж. А.З. Бейсенов келіп қарап шығады. 2015 ж. В.В.Варфоломеев, М.В. Беделбаева, В.А. Новоженов петроглифтерге зерттеулер жүргізеді. Бір таста сақ дәуірінде аң стилінде жасалған мүйізді жылқының бейнесі бар. Ежелгі суретші салған маскалы мүйізді жануар бейнесі пазырық мәдениетінің тоң басқан обаларынан (Берел және т.б.) шыққан атақты бұйымдармен ұқсас. Мүйізді жылқының бейнесі Жетісу петроглифтерінен белгілі. Мамандардың пікірінше, петроглифтердің шоғыры ежелгі адамдардың өмірінде аса қасиетті ұғымға ие болған ерекше қастерлі жерлерде кездеседі. Бесоба алқабында сақ дәуірінің көптеген обалары бар. Солардың ең ірілері Ақсары тауының маңынан 10 шақты «мұртты» обалар табылды. Оның Жамантас тауының етек жағында орналасқан біреуіне (А.З. Бейсенов, Д.Б. Дүйсенбай) қазба жасалады. Бүйірінен шығарылған сабы бар қола айна шыққан әйел қабірі көміртегілік сараптама және археологиялық салыстыру тәсілі негізінде ерте сақ дәуірімен мерзімделді (б.з.д. VIII–VI ғ.ғ.).

Тарихи және ғұрыптық сәулет нысандарына араб жазуы бар құлпытасқа Қал пе зираты, Сұлтанғазы мен Асан Бөкей- хановтардың мазарлары жатады. Әулие Қалпе ғалым, әрі емші болған, оның жақын туыстары болып келетін С. Әубәкіров ұзақ уақыт бойы Бесоба ауылында тұрады. Бастапқыда ескі зираттың маңында XIX ғ. соңы–XX ғ. басында Қалпе тұрғызған мешіт пен шырақшының үйі пайда болған. Мұнда бірнеше үйден тұратын шағын ауыл пайда болып, оның біреуінде Қалпе отбасымен тұрған. Кейін Қалпе осында жерленіп, басына мазар салынады. Мешітті 1920 ж. соңы мен 1930 ж. басында кеңес белсенділері бұзып, шатырының ағаш материалдарын Бесоба ауылының қоймасы құрылысына пайдаланған. Әулие Қалпе тірі кезінде адамдарға көп көмек көрсетіп, аурудан емдеген, кедей балаларын оқытқан. Қалпе өлгеннен соң оның зираты қасиетті жерге айналып, мұнда адамдар жақын маңдағы ауылдардан ғана емес, көршілес аудандардан да келіп жүрген. Бесоба аулының тұрғыны А. Әлмағановтың айтуынша, 1950 ж. соңында оның анасы бір түнде ауырып, тілі тартылып, беті қисайып қалады. Үлкендердің кеңесі бойынша оны әулие Қалпе мазарына түнетеді. Түсінде ақсақалды қарт келіп, алақанымен аурудың бетін сипап өткен. Таңертең келген адамдар аурудың толық жазылып кеткендігін көреді. Әулие Қалпенің екі қызы Ақжан мен Рабиға Бесоба аулында тұрған. Оларды жергілікті тұрғындар аса мейірімді, әрқашан әулие Қалпенің ізін жалғастырған, қолындағы барын беретін ізгі адамдар ретінде біледі. Екеуі де, әкелері сияқты халық емшісі болған. Жүніс Қапсаланұлына тұрмысқа шыққан Рабиға 1969 ж. 105 жасында қайтыс болған. Рабиға көп балалы жанұялардың балаларын өз үйінде тәрбиелейтін болған*. Қалпе мен оның қыздарының әулиелігі Бұхара мен Хорасаннан шыққандығымен емес далалық дәстүрде өмір сүріп, қайырымдылық қызмет атқарғандығымен ерекше мәнді болып табылады. Олардың сырттан келген «шейхтар» мен «ишандардан», алдамшы емші, дәруіштерден айырмашылығы биік адамгершілік пен даналыққа деген ұмтылысты жергілікті қарапайым халық арасында өздері қалыптастыруында. Орталық Қазақстанда мұндайлардың қатарында Ақмұстафа (Хақ Мұстафа, яғни әділетті Мұстафа), Балақажы мен тағы басқа тұлғалар бар.

Сұлтанғазы мазары киіз үй тәрізді күмбезді құрылыс болса, Асан мазары – төбеден қарағанда айқыш (крест) пішіндес. XIX ғ. екінші жартысына жататын екі ескерткіште шикі кірпіштен тұрғызылған. Бөкей ханның осы екі ұрпағының есімдері мұрағат материалдары мен ауыз әдебиеті мәліметтері бойынша жақсы танымал. Орталық Қазақстанның бай, әрі ықпалды тұлғаларының бірі Сұлтанғазы Бөкейханов Қарқаралы дуанының болыс басқарушылары қатарында болғанымен, Ресей билігіне бірнеше рет сенімсіздік танытқан. Оның бәйбішесі Бораншыдан туған үлкен ұлы Құдайменденің өзі де болыс бола жүріп, Ресей билігінен қол үзіп, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысын ашық қолдаған. Кенесары көтерілісі жеңіліс тапқан соң, халық арасында «Қызылкөз Құдайменде», «Көн садақты Құдайменде» деген сияқты аты тара ған. Құдайменде Сұлтанғазин (ресми құжаттарда – Худайменде Газин) қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданының жерінде, Маятас тауының маңында өзін-өзі өлтірген. Жаужүрек, ер мінезді Құдайменде сұлтан жақындап келген қазақтар тобын оның соңынан қуып келген жазалаушы топ ретінде қабылдап, тірі берілгісі келмей, қарнын жарып жіберген (2008 ж. Ақтоғай ауданы, Сарытерек ауылдық округінің аумағындағы А.З. Бейсеновтың жазбасы). Өлер алдында «Кенекемдікі құсатып, алтын басымды орыс алып кетеді» деп, адамдарға өлігін халықтан жасырын, құпия жерлеуді тапсырған. Сұлтанғазы Бөкейханов отбасының қыстаулары қазіргі Ақтоғай ауданының аумағында болған, ал жайлауы Қарқаралы ауданындағы Нұра өзенінің жоғары ағысына дейін жеткен. Сұлтанғазының басқа ұлдары, оның ішінде Бабахан мен Дайыр, Тоқырауын өзені бойында қоныстанып, бірнеше тоғандар салған. Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен Сұлтанғазы мазарына реставрациялық жұмыстар жүргізіліп, қорғау тақтасы орнатылды.

1920 ж. Бесоба өңіріне Батыс Қазақстаннан кәмпескеге түскен байларды жер аударған. Бесоба ауылының ақсақалдарының пікірінше, бұл адамдардың басым көпшілігі Ақтөбе облысынан келген (Ғинаят Нұрғалиев, 1929 ж.т., 2002 ж. А.З. Бейсеновтың жазбасы). Айдалып келгендер қазіргі ауылдың аумағында тастан, балшықтан соққан шағын үйлерде тұрған. Уақыт өте келе бұл жерде шағын зират қалыптасқан. Сонымен қатар бұл зиратта 1930 ж. ашаршылық кезінде өлген жергілікті тұрғындар да жерленген болуы мүмкін. Асы ғыс үйілген шағын қабірлер уақыт өте келе жайылып кеткендіктен, бүгінгі күнге дейін зи рат белгілері тегістеліп, көрінбей қалған. Жерленген адамдар туралы мәліметтер жоқ, олардың есімдері белгісіз. 1950 ж. басы мен ортасына дейін Бесобаға осы зиратта жерленгендер жайлы ақпарат сұраушылар келіп жүрген, ал кейін тоқтаған. Жергілікті тұрғындардың бастамасымен кеңес репрессиясына ұшыраған құрбандар жерленген орын қоршалып, бірнеше рет мұнда дұға оқылды.

Бесоба өңірінің қасиеттілігі бұл жерде осыдан төрт мың жыл бұрын нұра мәдениетінің тайпалары өмір сүрген замандардан басталады. Сол кездегі қауымдардың билігі көсем-билеуші және ықпалды абыздардан тұратын бай топтардың қолында болса керек. Сол уақытта осы топтың өкілдері жерленген үлкен топырақты обалары бар қорым пайда болған. Өңірдің табиғи жағдайына сай нұралықтардың көшіп-қону дәстүрі мен шаруашылығы беғазы-дәндібай мәдениеті уақытында өз жалғасын тапты. Ерте темір дәуірінде өңірдің көптеген ескерткіштерін, оның ішінде үлкен «патша» обаларын қалдырған тасмола мәдениетінің тайпалары мекендеген. Қоңыр- жон петроглифіндегі мүйізді ат бейнесінің маңыздылығы, бұл сурет құрбандыққа жылқы шалу тәрізді аса маңызды ғұрыптық рәсімдер өткізу дәстүрінің осы алқапта тұрақты түрде болып отырғанын дәлелдейді. Петроглифтер осы ортаны ұзақ уақыт аралығында мекендеген ежелгі адамдардың өмірінде маңызды орын алған дәстүрлі және қасиетті орындарда пай да болып отырғаны ғылымда нақты анықталған. «Бесобаның жазығы, Үш Құлболды, Жамантас – тәңір берген, құт мекен» деген сияқты ұғымдарды қалыптастырған жергілікті қазақтар (Мағипа Мусинадан, 1904 ж.т., Мақұлбек Бұғыбаевтан, 1922 ж.т., Тегісшілдік/Қаратал ауылында жазып алынған деректер, 1986 ж.) ертеден Бесоба өңірін киелі жер санап келген. Ақсары, Жамантас тәрізді кейбір жер атаулары Орталық Қазақстанның ерте уақыттағы тарихымен байланысты болуы мүмкін. Алқапқа туристер, сиынушылар көптеп келеді. Қазіргі ескерткіштердің көбі консервациялық, қайта жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Бесоба алқабының ескерткіште рін сақтау, олар туралы ақпараттарды насихаттау, әрі тарату ісіне жергілікті өлкетанушылар, мұғалімдер, әкімшілік қызметкерлері кеңінен қатысуы қажет.

Деректер

  1. Ақпарат берушілер: Т. Әшірбеков, 1952 ж.т., Зарлық Шайкенов, 1942 ж.т.; Жақсылық Шайкенов, 1948 ж.т., А.З. Бейсеновтың 2008 ж. жазбасы.
  2. Бедельбаева М.В. Знаки-символы на курганных плитах могильника Бесоба // Современные методы и под- ходы в изучении историко-культурного наследия Казахстана и сопредельных стран. – Алматы, 2017. – С. 71–76.
  3. Бедельбаева М.В., Новоженов В.А. Наскальные изображения урочища Коныржон // Сакская культура Сарыарки в контексте изучения этносоциокультурных процессов Степной Евразии: сб. научн. ст., посвящ. памяти археолога К.А. Акишева. – Алматы: НИЦИА «Бегазы-Тасмола». – С. 55–58.
  4. Бейсенов А.З., Дуйсенбай Д.Б., Святко С.В. Курган с «усами» Жамантас // Самарский научный вестник. – 2017. – № 3. – С. 227–231.
  5. Киселев С.В. Предварительный отчет о раскопках Карагандинского областного музея в местности Бес-Оба, Каркаралинского района Карагандинской области в сентябре 1940 г. // Архив Карагандинского областного историко-креведческого музея, инв. № 1721.
  6. Кукушкин И.А., Дмитриев Е.А. Полевые исследования на могильнике Бесоба // Сохранение и изучение культурного наследия Алтайского края. – Барнаул, 2016. – С. 142–147.
  7. Кукушкин И.А., Дмитриев Е.А. Итоги работ на могильнике бронзового века Бесоба // Археологическое наследие Центрального Казахстана: изучение и сохранение: сб. научн. ст., посвящ. 70-летию ЦКАЭ. – Т. 2. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2017. – С. 188–202.
Толығырақ

Суреттер


Кіру