Болған ана кесенесі

Сипаттамасы

Жошы ұлысы кезіндегі көрнекті ескерткіштердің бірі. Ескерткіш Қарағанды облысының Қаракеңгір мен Сарысу өзендерінің қосылған жерінен 10 км жоғары Қаражар шатқалында орналасқан.

Өзеннің жағасындағы тік жардың жоғарғы терассасында орналасқан кесене алыстан көзге түседі. Басқа да ескерткіштер тәрізді ол бір жағынан далалық бағыт-бағдар беретін орын болған. Батыс жағында ортаңғы терассада Болған ана кесенесі тұрған жерде тастан қаланған үлкен ескерткіштердің қалдықтары бар. Олар көлемі бойынша үлкен аумақты алып жатыр. Бұл алып құрылыс орны сұлтан немесе хандардың бекіністерінің қирандылары болуы мүмкін.

Аңыздарда Болған ана Алаша ханның келіні деп айтылса, келесі бір аңыздар осы жерде XV ғ. басында, Болған есімді билеуші әйел тұрғанын айтады. Академик В.В. Бартольд Болған ана (Болған бегім) Жошы ханның қызы болған деген пікір айтқан. ХVІ ғ. Хафиз Тыныш мәліметін де сарай ақыны Бұхара ханы Абдаллахтың қа зақ даласына, Ұлытау өңіріне 1582 ж. 27 сәуірде жасаған жорығында Болған ана орналасқан аймақта болғанын, Ұлытауға аттанар алдында, сол жерге әскерімен тоқтағаны туралы жазады. ХVІІІ ғ. ортасында П.И. Рычков Сарысу өзені бойындағы ескерткіштерді суреттеп жазған деректерінде: Болған ана ескерткіші өте әдемі және зәулім деп көрсетеді. Ш.Ш. Уәлиханов «О киргиз-кайсацких могилах (молах) и древностях вообще» еңбегінде: «...Ұлытау маңайында Кеңгір жеріндегі айдалада өзінің құрылымы жағынан таң қалдыратын кірпіштен салынған, сырты түрлі-түсті финифтімен қапталған: Қамыр хан, Алаша хан, Домбауыл, Болған ана және т.б. көптеген молалар кездеседі. Қаражарда, Қаракеңгір шатқалында орналасқан осындай құрылыммен жасалған ақ түсті, күмбезді шағын ғимарат Болған ана кесенесі» деген мәлімет келтіреді.

Ал ескерткіштің дәл уақытын анықтайтын дерек жоқ. Құрылыс ерекшеліктеріне байланысты бұл Қазақстан жеріндегі Алтын Орда кезеңіне жатқызылып келеді. 1946– 1947 ж.ж. мазарды Ә.Х. Марғұлан зерттеп, бұл мазар қарахандықтар кезеңінің ескерткіштеріне жатады деген пікір білдірген. Архитектуралық құрылымының типологиясы жағынан ескерткіш порталды күмбезді ғимараттарға келеді. Өзінің басты фасады дәстүр бойынша бағыты оңтүстік-батысқа қаратылған. Кесененің қас бетінде сүйірлі келген аркалы порталы бар. Алдыңғы фасадының қабырғасы тігінен ені 45 см, тереңдігі 12-13 см болатын шағын нишалы жолақпен «П» тәрізді тікбұрыш күйіндегі порталды арканы безендіріп тұр.

Аса терең емес нишалары Аяққамыр кесенесіндегідей плиткаларға арналып жасал ған. Биіктігі 2,42 м пештактың сыртқы бұрыштарына дөңгеленген бағаналарды орнату үшін шағын кертпеш жер қалдырылған. Диаметрлері 35–37 см болатын бұл бағаларға арнайы пішінделген жылтыр кірпіштер қалаған. Қалануы өте мұқият тегіс жасалған. Жалпы құрылыстың сақталған бөлігінің биіктігі пештак бөлігінде – 3,70 м, ал параллелепипедті негізгі көлемінде – 2,90 м.

Сол кезеңдегі Орталық Қазақстандағы ескерткіштер салу дәстүріне сай сыртқы бетінің алдыңғы жағынан басқа барлық қабырғалары тегіс, ешқандай сәулеттік безендірулер жасалмаған.

Болған ана кесенесі республикалық маңызы бар ескерткіш, зиярат ету мен туризм нысаны болып табылады.

Деректер

  1. Герасимов Г.Г. Памятники архитектуры долины реки Кара-Кенгир в Центральном Казахстане. – Алма-Ата: АН КазССР, 1957. – 100 с. – С. 28–31.
  2. Қазақ Кеңес энциклопедиясы. Қазақ КСР ғылым академиясы құрастырған. – Алматы, 1974. – Т. 1. – С. 393.
  3. Материалы Международных XV Байконуровских чтений: сб. научн. ст. – Жезказган, 2015. – С. 337.
  4. Шуптар В.В. «Улытау» // Туристский путеводитель. – Караганда: Истор.-геогр. общ-во «Авалон», 2016. – 100 с. – С. 90.
Толығырақ

Суреттер


Кіру