Бұғылы археологиялық кешені

Сипаттамасы

Ескерткіш Шопа ауылынан солтүстік-батысқа қарай 10 км жерде орналасқан (Қарағанды облысы, Шет ауданы, Нұраталды ауылдық округі). Орналасқан жері оңтүстіктен солтүстікке қарай ағатын Шопа өзенінің көз тартар алқабында.

Алқапты оңтүстігінен Бұғылы таулары, солтүстік және шығыс жақтарынан төбе-жоталар қоршап жатыр. Кешеннің құрамындағы ескерткіштер Шопа өзенінің қос жағалауында орналасқан. Бұғылы-1 қонысы мен қорымы, сонымен қатар Бұғылы-2 қонысы өзеннің оң жағалауында, бір-біріне жақын жерде. Бұғылы-2 қорымы кешеннің батыс жағында, өзеннің сол жағалауында және де Бұғылы-2 қонысына қарама-қарсы ашық алаңқайда орналасқан. Кешеннің солтүстік жағындағы жазыңқы болып келген дөңде Бұғылы-3 кесенесі алыстан көрініп тұр. Ескерткіштердің аумағынан көне дәуірдің екі су бөгені тіркелген, сонымен қатар аю (аютас) мен қой (қойтас) бейнелі екі жеке меңгір бар.

Бұғылы кешенін Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының алғашқы кезеңіндегі далалық зерттеулер барысында Ә.Х. Марғұлан ашады. Осы жер 1940 ж.ж. соңында Орталық Қазақстан аумағына тұтастай зерттеу жүргізілгенде тексерілген болса керек. Негізгі қазба жұмыстары 1952, 1955–1956, 1963 ж.ж. жүргізіледі. Сол кездері кешеннің бес бөлігінің барлығы да зерттеледі. Бұғылының әртүрлі ескерткіштерін қазу және зерттеу жұмыстарына Ә.Х. Марғұлан, Ә.М. Оразбаев, М.Қ. Қадырбаев, Т.Н. Сенигова қатысқан. Алғашқы материалдар мен қорытындылар Ә.Х. Марғұланның бірқатар мақалаларында, соны мен қатар, 1966 және 1979 ж.ж. шыққан көлемді монографияларда жарық көреді. Ә.М. Оразбаев Бұғылы материалдары бойынша әлі күнге дейін өз маңыздылығын жоймаған қола дәуірі үйлерінің ғылыми жаңғыртпасын жасады. Бұғылы ескерткіштерін зерттеу барысында алынған мәліметтер Орталық Қазақстанның көне мәдениеттерін зерттеуде үлкен рөл атқарды. Қазіргі кезде жаңа бағыттарды әзірлеудің аса өзекті мәселелерінің біріне жаратылыстану пәндерінің әдістерін қолдану арқылы ескерткіштердің жасын нақтылау жатады.

Қолда бар деректер бойынша, Бұғылы алқабын алғашында неолит дәуірінің тайпалары мекендеген. Оған Бұғылы-1 қонысының аумағынан табылған тас құралдары мен қыш бөліктерінің табылуы дәлел. Андронов дәуірінің материалдары мал шаруашылығының, металлургия мен қолөнер, құмырашылық, үй-құрылыс салу техникасының дамығандығын көрсетеді. Сол кезде, б.з.д. II мыңжылдықтың бірінші жартысында өлкеде нұра мәдениетінің тайпалары өмір сүрген. Б.з.д. II мыңжылдық тың екінші жартысында осы алқапты мекендейтін тұрғындар саны көбейеді. Осы уақытта беғазы-дәндібай мәдениеті дамып, оның тұрғындары Сарыарқаның кең даласына таралады.

1998 ж. А.З. Бейсенов пен В.Г. Ломан Бұғылы-1 қонысына жаңа қазба жұмыстарын жүргізеді, одан бөлек Бұғылы-3 кесенесінің техникалық жағдайы тексеріледі. Кесенеге жақын орналасқан жерден тасмола мәдениетінің бір обасына қазба жұмысы жүргізіліп, тас құрбандық ыдысы бар әйел жерлеу орны ашылады. Бұғылы-1 қонысының 372 ш.м. жеріне қазба салынып, өлшемдері 9,5×10 м болатын тікбұрыш пішінді бір тұрғын үйдің негізгі бөлігі ашылады. Аса бір маңызды нәтижелердің біріне тұрғын үйдің мәдени қабатынан доңғал қышының табылуы жатады. Бұл осы қоныста қола дәуірінің соңғы сатысында доңғалдықтардың болғандығын дәлелдейді.

Бұғылы-3 ескерткіші – беғазы-дәндібай мәдениеті қоғамының жоғарғы дәрежелі билеуші-көсемдеріне арналып салынған ірі мегалиттік кесенелердің бірі. Ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілгенге дейін оба үйіндісінің диаметрі 28 м, биіктігі 2 м болған. Оңтүстік- батыс жағында екі биік меңгір тұрған. Қазба жұмыстарының барысында үйінді астынан шаршы тәріздес, көлемі 15×15 м болатын тас құрылыс шығады.

Көне құрылысшылар қабырға қалау үшін ұзындығы 40-70 см, ені 20 см-ден жалпақ қалыңдығы 10 см болатын жергілікті табиғи тастарды пайдаланған. Ескерткіш қабырғасын тастарды бір біріне қиюластыра қалап, тоғыз қатарға дейін көтерген. Кесененің ортасында көлемі 4,1×4,4 м, шаршы пішіндес, өңделген ірі тас тақталарды тігінен қою арқылы жасалған тас жерлеу орны аршылды. Жерлеу камерасын тақта тастарды жатқызып, баспал дақ тәріздендіріп, бірте-бірте тарта қалау әдісімен жапқан. Осы пирамида тәрізді тас жабынымен қоса есептегенде ескерткіштің ең жоғарғы биіктігі 3 м болған. Тас жәшіктің солтүстік-шығыс бұрышынан кесененің қабырғасына дейін ұзындығы 3,3 м, ені 0,8 м, биіктігі 1,7 м дәліз-дромос салынған. Дәліздің жартысы қалыңдығы 25-30 см күл қабатымен жабылған. Ескерткіш көне замандардың өзінде-ақ қатты тонауға ұшыраған. Негізгі қабірден басқа, аса үлкен емес үш тас жәшіктен бала мүрделері шығады. Табылған археологиялық айғақтардан қыш ыдыстар мен қола ине сынықтары ғана болды. Кесененің солтүстік жағында аса үлкен емес бірнеше шұңқырлар байқалады. Бұлар көне тұрғындардың ғұрыптық салттарын өткізетін орындар болса керек. Беғазы-дәндібай мәдениетіне жататын ірі тас ескерткіштің орналасқан орны – табиғи жағдайы келіскен, адамзат баласына мекен етуге өте қолайлы жер. Осындай ірі тас құрылыстардың, қоныстардың, қорымдардың шоғырланған жерлері сол дәуірде, яғни соңғы қола дәуірінде адам баласының ұзақ уақыт тапжылмай өмір сүрген мекені болып табылады. Сондықтан да Бұғылы кесенесінде аса үлкен қауымдастықтың ірі билеуші-көсемі жерленген деуге толық негіз бар.

Табиғаты көз тартар, ғажайып өлкедегі археологиялық кешенге қазіргі таңда еліміздің әр түкпірлерінен, шет елдерден туристер көптеп келуде. Ескерткіштен алыс емес жерден Алматы-Астана-Екатеринбург халықаралық, республикалық маңызы бар тас жол өтуі оны туристік нысандар қатарына енгізіп, еліміздің туризм саласын дамытуға жақсы мүмкіндік береді.

Деректер

  1. Бейсенов А.З., Варфоломеев В.В., Касеналин А.Е. Памятники бегазы-дандыбаевской культуры Центрального Казахстана. Монография. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2014. – 192 с.+20 с. цв. ил.
  2. Бейсенов А.З., Ломан В.Г. Орталық Қазақстанның қола дәуiрiнiң соңғы кезеңiнiң қоныстарын зерттеу \ жұмыстары // Известия МНиВО–НАН РК. Сер. обществ. наук. – 1999. – Вып. 1. – С. 20–29.
  3. Бейсенов А.З., Ломан В.Г. Древние поселения Центрального Казахстана. – Алматы: Інжу-Маржан, 2009. – 264 с.
  4. Варфоломеев В.В. Бегазы-дандыбаевская культура степей Центральной Евразии // Археология Казахстана в эпоху независимости: итоги, перспективы: матер. Междунар. научн. конф., посвящ. 20-летию независимости Республики Казахстан и 20-летию Института археологии им. А.Х. Маргулана КН МОН РК. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2011. – Т. I. – С. 210–240.
  5. Маргулан А.Х. Бегазы-дандыбаевская культура Центрального Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1979. – 360 с.
  6. Маргулан А.Х., Акишев К.А., Кадырбаев А.М., Оразбаев А.М. Древняя культура Центрального Казахстана. – Алма-Ата: Наука, 1966. – 435 с.
Толығырақ

Суреттер


Кіру