Бұланты шайқасы, тарихи ландшафт

Сипаттамасы

Байқоңыр ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 20 км жерде орналасқан (Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы).

Бұланты шайқасының орны мыңжылдық тарихы бар қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы шайқасымен тікелей байланысты. Бұланты шайқасының орны XVIII ғ. бірінші жартысында қазақ жасағының жоңғарлармен қақтығыстарының өткен жері. Қазақ жүздерінің бірігіп басқыншыларға тойтарыс берген бұл оқиға қазақ тарихындағы айтулы шайқас болды.

Өкінішке орай, бұл шайқастың жазбаша деректері табылған жоқ, бірақ ауыздан ауызға жеткен фольклор, сондай-ақ археологиялық және топонимикалық деректерге сүйене отырып ғалымдар бұл жердің қазақ халқының тарихында маңызы орасан зор болған шайқастың орналасқан жерін анықтады.

Ұлытау ауданында өткен шайқастардың, соның ішінде Бұланты шайқасының өткен жерлері 1998 ж. алғаш рет кешенді түрде зерттеледі. «Бұланты шайқасы» атты бірінші экспедиция 1998 ж. Жезқазған қаласының Мемлекеттік архивінің, Жезқазған қаласының әкімдігі, Ө.А. Байқоңыров атын дағы Жезқазған университетінің, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, «Қазақмыс Корпорациясының» өндірістік музейі мен жергілікті өлкетанушылардың қатысуымен өтеді. 2007 ж. кең ауқымды далалық зерттеу барысында, Қазақ ғылыми-зерттеу институтының мәдени мұра мәселелері бойынша геоморфологиялық сипаттамалар арқылы Қарасере мекенінде (Қарасуыр) «Бұланты шайқасы» болған жер анықталады. Ұлытау аймағы бойынша қазақтардың жоңғарлармен шайқасқан жерлерін зерттеу 2015 ж. дейін жалғасты.

Жалпы, XVII ғ.соңы–XVIII ғ. басында Қазақ хандығының жоңғарларға қарсы күресі күрделі тарихи кезең болып табылады. Атал ған кезең тоғысында жоңғарлар Жетісу аумағына, сондай-ақ Шу мен Талас өзендерінің алқабына басып кіреді. Осы кезеңде жоңғарлар шама мен он мыңға жуық қазақтарды тұтқынға алады. 1702–1703 ж.ж. жекелеген жоңғарлардың қақтығыстарына жауап ретінде қазақ жасақтары Жоңғарияға және қалмақтарға қарсы шабуыл жасайды.

Тәуке ханның жоңғар қонтайшысымен дипломатиялық қарым-қатынасына қарамастан 1708 ж. қазақтарға жоңғарлардың жекелеген шабуылына тойтарыс беруіне тура келеді. Соғыс бірнеше жылға созылады.

1723–1725 ж.ж. аумақты кеңейту және қалпына келтіру мақсатында жоңғарлар Қазақ хандығының аумағына бірқатар шабуылдар жасайды. 1723 ж. жоңғарлар бірінші болып Жетісу мен Ертіс өңірінің қазақтарына соққы берді. Қазақ ауыз әдебиетінде бұл кезең «Ақтабан шұбырынды» деп аталады. Бұл халықтың қайғы-қасіреті жоқтау «Елім-ай» әнімен танылған.

XVIII ғ. 20-шы ж.ж. қазақтар арасындағы ала ауыздықты пайдаланып, жоңғарлар қазақ жерінің көп бөлігін жаулап алады. Ұлытау таулары мен Балқаш көлі қазақтар мен жоңғарлардың батыс шекарасы болып, жоңғарлар қазақ хандығын Ташкент, Түркістан, Сайрам қалаларының қолөнер орталықтары мен базарларынан шеттетеді.

Жоңғар шапқыншылығынан қазақ халқы үлкен зардап шекті. Көптеген жайылым жерлерден айырылған қазақ халқы мен әр түрлі рулар, қауымдар жаңа жерлерге көшіп қонуға мәжбүр болады. Осы жағдайлардың барлығы бірқатар аймақтардың бірігіп, жауға қарсылық көрсетуіне әкеліп соғады. Ол үшін қоғамдық ынтымақтастықпен қоса, танымал қазақ батырлары мен атақты билері үлкен рөл атқарды. Қазақтардың жасағын Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, Наурызбай, Шақшақ Жәнібек және т.б. батырлар басқарады. 1726–1727 ж.ж. сұлтандар мен билер жауға қарсы барлық қазақ руларын біріктіреді.

1726 ж. күзде Үш жүз қазақтары бірігіп, Ордабасы жерінде жиын өткізеді. Жиынға Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс сияқты сұлтандар, атақты қолбасшылар мен батырлар қатысады. Бұл жиында айтылған негізгі мәселе – жоңғарларға тойтарыс беру. Қауіп төніп тұрған мезгілде қазақ халқының арасындағы ішінара тартыс тоқтап, үш жүздің басы қосылып жауға қарсы тұру болды. Ордабасыда Әбілқайыр қазақ жасағының қолбасшысы болып сайланады.

1727 ж. Қарасуыр маңындағы Бұланты өзенінің жағасында үлкен шайқас болады. Қазақ жауынгерлері жоңғарларға айтарлықтай тойтарыс береді. Әбілқайыр бастаған 30000 қолмен қазақ халқы жоңғарларға жой қын соққы береді. Шайқас болған жерді «Қалмақ қырылған» деп атап кетеді. Осылайша Бұланты шайқасының тарихи маңызы қазақтардың басын біріктіріп және аумақтық тұтастығын сақтап қалу болды. Ұлытау тауының етегінде үш жүздің өкілдері жиналып, енді қазақ халқын бөлінбеуге «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, біртұтас халық ретінде бірігуіне шақырады. Ұлытау тауларының етегінде қазақтардың жеңіс тойы тойланады.

Қазақтардың жеңіске жетуі – олардың рухтарының көтерілуіне негіз болады, өздерінің күштеріне сеніп, жеңіске жетуге деген сенімдері артады. Осы жеңістен кейін қазақ жасақтары қарсы шабуылға көшеді.

2015 ж. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Бұланты өзені үйтас шатқалында «Бұланты шайқасына» арнап монумент орнатылады. Бұланты шайқасы өткен аумақ Ұлттық тарихи-мәдени және «Ұлытау» табиғи қорық-музейінің құрамына кіреді. Бұл қазақ қоғамындағы өзін-өзі ұйымдастырудың жоғарғы деңгейінің дәлелі; қайсарлығының, жеңісі мен тәуелсіздігінің символы. Орталық Азиядағы түркі халықтарының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінде қазақ халқы үлкен рөл атқарғандығының бейнесі болып табылады. Туризм нысаны.

Деректер

  1. Артықбаев Ж.О. Бұланты шайқасы. – Қарағанды: Полиграфия, 1998. – 63 б.
  2. Булантинская битва: История исследований. Научно-информационный альбом / под ред. Б.С. Кожахметова, Э.Р. Усмановой, Л.Н. Плетниковой, Л.А. Сембиновой. – Улытау: Национальный историко-культурный и природный заповедник-музей «Улытау», 2015. – 210 с.
  3. Байтукенов Т. Докопались до джунгар // Время. Общественно-политическая газета. URL: http:// www.time.kz/news/archive/2011/10/13/dokopalis-dodzhungar Борьба казахского народа против джунгарской агрессии // El.kz. Развлекательно-познавательный портал. URL: http://el.kz/m/articles/view/content-11382
  4. Калмакырылган / Казахстан. Национальная энциклопедия. – Алматы: Гл. ред. «Қазақ энциклопедиясы», 2005. – Т. 3. – 558 с. – С. 109.
  5. Шуптар В.В. Avalon Travel Guides Улытау: Туристский путеводитель. – Караганда: Историко-географическое общество «Авалон», 2016. – 100 с.
Толығырақ

Суреттер


Кіру