Домбауыл діни-ғұрыптық құрылысы

Сипаттамасы

Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 км, Жошы хан кесенесінен 5 км қашықтықта орналасқан (Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы).

Домбауыл туралы ең алғашқы мәліметтер Ш.Ш. Уәлихановтың еңбектерінде кездеседі. Ол: «Ішкі жағы бос болып келетін пирамида тәрізді қабірлер тастардан тұрғызылған; мұндай қабір тікелей топырақтан пирамида тәрізді пішінде болмайды; бастапқыда тіктеме қабырғалары тұрғызылып, кейін олар тарыла бастайды» деп жазған.

Домбауылға байланысты аңыздардың әртүрлі нұсқалары бар. Кейінгі уақытта ол аңыздарды әртүрлі авторлар біршама өзгертілген нұсқалармен қайталайды.

Ең көп таралған аңыздардың қатарына 1897 ж. О. Әлжановтың «Дала уәлаяты газетінің» беттерінде жарияланған нұсқасы жатады. «Алаша ханның Домбауыл деген дене күші мықты, әрі адал құлы болған. Алаша ханның ұлы Жошы ханның өлімі туралы хабарды естіген Домбауыл қамқоршысын өлімге душар еткен құландардың көзін жоюға ант береді. Домбауыл Құбан-Құлан және Енкей деген екі сәйгүлікпен мыңға жуық құландарды қуалай отырып, аяусыз қырып жояды. Бар табыннан аман қалған бес құлан Шу өзенінен асып өтеді. Бұл жер осы күнге дейін «Бес құлан» деп аталады. Құландардың соңынан қуып келе жатқан Домбауыл Шу өзенінен өтіп, аласа төбенің бөктеріне келген кезде болдырып қалған Құбан-Құлан тұлпарынан айырылады. Құландарды одан әрі Енкей сәйгүлігімен қуалап келе жатып басқа төбенің тұсында екінші тұлпарынан да айырылады. Бұл төбелер қазіргі таңда «Құбан-Құлан» және «Енкей» деп аталады».

Аңыздардың бір нұсқаларына сәйкес Домбауыл Шыңғыс ханның әкесі, ал басқа аңыздар бойынша ол Жошы хан сарайының музыканты немесе мерген жауынгері болған. Ұлытауда Домбауыл кесенесімен қатар Қосүйтас, Қарадің, Үйтас, Діңмоласы сынды сәулеті жағынан ұқсас бірнеше ескерткіштер сақталған. Ескерткіш атауына тек Домбауыл кесенесі ие. «Дің» немесе «діңгек» сөзі исламға дейінгі кезеңге жататын мұнара немесе конус пішінді құрылыстарды білдіреді. Өйткені халықтық аңыз-әңгімелерде бұл ғимараттардың атаулары сақталмаған.

Кесененің құрылысына табиғи тақтатастар қолданылып, өлшемі 9,30x7,90 м, биіктігі 6,4 м құрайтын, негізі төртбұрыш пішініне жақын биік конус тәрізді құрылыс ретінде тұрғызылған. Ішкі бөлмесінің жоспары трапеция тәріздес. Құрылыстың ұзақ уақыт бойы сақталуына іргетастың беріктігі мен кейбір тұстарында қалыңдығы 3,5 м-ге жететін қабырғалар себеп болған. Есік ойығының биіктігі жер деңгейінен 1,95 м-ге көтерілген және оған баспалдақтың бес биік сатысы арқылы шығады. Ғимараттың едені биік табалдырықтың деңгейінен төмен орналасқан. Еден деңгейінен екі жарым метр биіктікте кесененің солтүстік және оңтүстік қабырғаларынан сынған ағаш арқалықтың ұштары 40-50 см-ге дейін шығыңқы болып тұр. Олар кезінде қамыс төселіп, үстінень құмтастың жұқа тақталары қаланған бөлменің төбесін құраған болуы мүмкін.

Домбауыл кесенесі ежелгі діни-ғұрыптық құрылыс нысандарының қатарына жатады.

Домбауыл кесенесі – республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші. 1982 ж. бастап мемлекет қорғауына алынған. Тәуап ету және туризм нысаны болып табылады.

Деректер

  1. Альджанов О. Предание об Алаш хане и о его сыне Джочи хане // Киргизская степная газета, 1897, №№ 13, 14, 18.
  2. Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах / Отв. ред. академик А.Х. Маргулан. – Алма-Ата: гл. ред. Казахской сов. энциклопедии, 1964. – Т. III. – 415 с. – С. 34
  3. Герасимов Г.Г. Памятники архитектуры долины реки Каракенгир в Центральном Казахстане. - Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1957. – 60 с. - С. 7–9.
  4. Маргулан А.Х. О характере и исторической обусловленности казахского эпоса // Известия АН Каз.ССР. Сер. историч. – 1946. – № 2. – С. 75–81.
  5. Маргулан А.Х. Отчет о работах ЦКАЭ // Известия АН КазССР. Сер. археолог. – 1946. – № 67, вып. 2. – С. 3–36. – С. 19.
  6. Маргулан А.Х. Архитектурные памятники в долине реки Кенгир (из отчета экспедиции 1946 г). // ВАН КазССР. – 1947. – № 11. – С. 62–63.
  7. Маргулан А.Х. Археологические разведки в Центральном Казахстане (1946 г.) // Известия АН КазССР. Сер. историч. – 1948. – № 49. - Вып. 4. – С. 127–128.
  8. Мендикулов М.М. Некоторые данные об исторической архитектуре Казахстана // Известия АН КазССР. Сер. архитек. – 1950. – № 80, вып. 2. – С. 7.
  9. Сембин М.К. Исторические справки по памятникам архитектуры. Домбаул и Алаша-хан. Алматы, 1975 // Архив РГП «Казпроектреставрация».
Толығырақ

Суреттер


Кіру