Дүзен кесенесі
Сипаттамасы
Қаракеңгір өзенінің оң жағалауында, Алаша хан кесенесінен батысқа қарай 25 км қашықтықта орналасқан (Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы).
Кесене найманның ішіндегі бағыналы руының дәулетті азаматы Дүзен Сандыбайұлының қабірінің басына тұрғызылған. Дүзеннің Ерден деген інісі Атбасар округінің аға сұлтаны болған. Халық арасында бұл монументалды құрылыстың пайда болуы туралы бірнеше аңыз нұсқалары бар. Аңыз- әңгімелердің бір нұсқасына сәйкес, кесене Дүзеннің көзі тірісінде салынған. Басқа нұсқа бойынша, кесене Дүзеннің ұлы Жанұлының қаражатына әкесі қайтыс болғаннан кейін, арнайы тапсырыспен тұрғызылған. Үшінші нұсқа бойынша кесене Дүзеннің інісі Ерден Сандыбайұлының тапсырысымен салынған.
Ескерткіштің алғашқы сипаттамасын С. Шарипов берген. Онда кесененің құрылысына жұмсалған уақыт пен қаражат көлемі көрсетілген. Кесенені 1863–1866 ж.ж. халық шебері Сералы Еламанұлы тұрғызған. Шебердің алдында Алаша хан кесенесіне ұқсас құрылыс ты тұрғызу міндеті тұрды. Дүзен Сандыбайұлының туыстары Сералы Еламанұлын кірпіштен тұрғызылатын монументалды құрылыстардың қыр-сырын игеріп, тәжірибе жинақтау үшін Түркістанға жібереді. Дереккөздер бойынша, кесененің құрылысына 362 жылқы мен 1500 бас қой жұмсалған. Бұлардың ішінен 50 жылқы мен 1500 бас қой 3 жыл ішінде жұмысшылардың азығына қолданылған.
Ескерткішті 1946 ж. сәулетші М.Б. Левинсон жетекшілік еткен экспедиция зерттейді. Жұмыс барысында ескерткіште өлшеу жұмыстары жүргізіліп, суретке түсіріледі. Дүзен кесенесінің толық сипаттамасы М.М. Меңдіқұлов, Г.Г. Герасимов, Т.Қ. Бәсенов сынды көрнекті сәулетшілердің еңбектерінде толық жазылған. Кейінен Дүзен кесенесін 1973 ж. Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінің экспедициясы зерттейді.
Бұл текше тәрізді ғимарат, он қырлы барабанға отырғызылған күмбез бен көлемді порталдан тұратын порталды-күмбезді құрылыстардың қатарына жататын кесене. Кесене жоспары бойынша тікбұрыш пішінге жақын. Көлемі – 8,5х10,2 м, ішкі жағының абрисі бойынша – төртбұрыш, көлемі 5,4х5,4 м-ді құрайды.
Кесене саз балшықпен дәнекерленген төртбұрышты күйдірілген кірпіштерден тұрғызылған. Кесененің бас фасады кіру ойығы бар терең нишаны құрайтын пилондардан тұрады. Пилондардың бүйір жақтары «шырша» тәрізді қалау әдісімен безендірілген. Кесененің бүйір жағы мен артқы беттерінің безендірілуінде ромб түріндегі мәнерлі қалау тәсілі қолданылған. Кіреберіс ойығының аркасы «П» тәрізді болып келген. Ол ортасына сегіз күлтелі гүлдің бейнесі орналастырылған шиеленіскен сегіз бұрыш түріндегі геометриялық өрнектері бар төртбұрышты терракоталы тақталармен толтырылған. Кесененің ішкі көрінісі сегіз сүйірлі нишалармен ерекшеленген. Олардың төртеуі бұрыштарында, ал қалған төртеуі кесене қабырғаларының бойында. Кесененің еденіне төртбұрышты күйдірілген кірпіштер төселген.
Дүзен кесенесінің ерекшелігіне оның айналмалы галереясының болуы жатады. Галереяға апаратын баспалдақ бөлменің ішінен, оңтүстік-батыс пилонында жасалған. Галереяның көлемі 1,8х1,6 м-ді құрайды және ол біртіндеп ішке қарай тартыла қаланған кірпіштерден түзілген болмашы күмбезденіп жабылған. Ол бөлмені периметрі бойынша белдеулеп, ғимараттың бұрыштарындағы бұрылыстарда кеңейе түседі. Галерея- жолы кесененің жабынына бағытталады. Кесене порталының жоғарғы бөлігінде екі бөлме мен порталдың төбесіндегі алаңшаға шығатын саты жасалған.
Жол бойына жақын орналасқандықтан ескерткіш даладағы бағдар белгі ретінде қызмет етеді. Ол жергілікті тұрғындар арасында аса құрметтеледі. Кесененің жанында қорым пайда болған.
Дүзен кесенесі – ХІХ ғ. ірі монументалды құрылыстардың бірі және ол тамаша сәулет ескерткіші – Алаша хан кесенесінің көшірмесі ретінде құндылыққа ие.
Республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші және мемлекет қорғауына алынған.
Деректер
- Археологическая карта Казахстана. Реестр / сост. Е.И. Агеева, К.А. Акишев и др. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1960. – 449 с. – С. 147.
- Басенов Т.К. Орнамент в архитектуре Казахстана. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1957. – 97 с. – С. 20.
- Герасимов Г.Г. Памятники архитектуры долины реки Каракенгир в Центральном Казахстане. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1957. – 60 с. – С. 34–37.
- Қазақ совет энциклопедиясы. – Алма-Ата, 1974. – Т. 4. – 562 с. – С. 521–522.
- Левинсон М.Б. Отчет об экспедиции и командировке в Центральный Казахстан по изучению памятников архитектуры Кенгирской группы 1946 г. // Архив РГП «Казпроектреставрация». Инв. № 201. – С. 5–6.
- Мендикулов М.М. Некоторые данные об исторической архитектуре Казахстана // Известия АН КазССР. Сер. архитек. – 1950. – № 80, вып. 2. – С. 20–26.
- Отчет о работе Центрально-Казахстанской экспедиции Министерства культуры КазССР 1973 г. // Архив РГП «Казпроектреставрация». Инв. № 294. – С. 25–26.
- Шарипов С. Баганалинцы // Советская Киргизия. – Орен-Дүзен кесенесі. А.Ш. Искаков түсірген фотосурет бург. – Март–апрель 1924. - №№ 3–4. – С. 150–152.