Едіге тауы
Сипаттамасы
Ұлытаудың оңтүстік-батысында орналасқан (Қарағанды облысы). Таудың абсолюттік биіктігі 1063 м. Доғаша иілген таудың ұзындығы – 8 км, ені – 5 км.
Іргетасы кристалды тақтатас, гранит, құмтас, проферит, конглемераттан түзілген. Тау бөктерінен бірнеше ұсақ өзендер мен бұлақтар бастау алады. Бозғылт қызыл топырағында үшқат, тобылғы, итмұрын, баялыш, арша, жусан, боз, бидайық өседі. Тау баурайы мал жайылымына пайдаланылады. Едіге тауының басында тас үйінділерінен тұратын обалар бар.
Аңыздар бойынша бұл жерде Алтын Орданың әмірі Едіге би жерленген. Ал келесі бір аңыз бойынша Едігенің қасында Алтын Орданың ханы Тоқтамыс жерленген.
Халық арасында атақты батыр Едіге ту ра лы жыр таралған. «Едіге батыр» жыры қазақтарда ғана емес, түркі тілдес халықтардың біразында кездеседі. Эпоста тарихи тұлғалар Әмір Темір, Тоқтамыс хан жайлы да айтылады. Олардың ішіндегі ең құндысы – Шоқанның әкесі Шыңғыс Уалиханұлы жазып алған нұсқа. 1905 ж. ғалым П.М. Мелиоранский орыс ті ліндегі нұсқасын Санкт-Петербургте жеке кітапша етіп шығарады. Академик Қ. Сәтпаев жас кезінде ел аузынан жазып алған жырдың нұсқасын 1927 ж. Мәскеуде «Ер Едіге» деген атпен бастырады. Осы жыр үшін Қ. Сәтпаев 1950 ж. қуғынға ұшырайды. Тек қана 1995 ж. К. Сәтпаевтың нұсқасы «Ер Едіге» деген атпен қазақ және орыс тілінде жарық көреді. Деректердегі мәліметтер бойынша, Едіге Алтын Орданың қолбасшыларының бірі болған. Кейіннен ол әскери жорықтарға қатысып, Әмір Темірге қызмет еткен. Сол шайқастарының бірінде Едіге ауыр жараланып, қасындағы серіктері Самарқанға жеткізбек болып әкеле жатқан жолда Ұлытау бөктерінде қайтыс болады.
Едігенің дүниеге келген жылы 1352 ж., ал кейбір деректер бойынша 1360 ж. деп берілген. Ақ Орданың әмірі. Әкесі Құтылқия маңғыт әулетінен шыққан. «Мунтахаб ат-тауарихи Мунидің» авторы Едігенің әкесін Тоқтамыс ханның қолынан қаза тапқан Ақ Орданың әмірі Балташық деп көрсетеді. Едіге есімі алғаш рет 1376 ж. Әмір Темір Самарқанға келгенде айтылады.
Мәшһүр Жүсіп Көбейұлы дерегінде Едіге тауының басы – аманат орыны. Мұнда Едіге батырдың денесі бір жыл сақталған. Биік таудың басы салқын болады, сондықтан мүрде бұзылмайды. Бұнда ол өз өсиетімен туып-өскен топырағы Құмкентке, Жылыбұлақ жағасына, Баба Түкті Шашты Әзиздің қасына апарып жерлеу үшін апара жатқанда аманат есебінде тұрған, бұл мола есепті. Ал Едіге батырдың сүйегі Құмкентте жерленген.
Таудың шыңында ірі тастардан салынған, жоспары бойынша дөңгелек болып келген құрылыс бар. Қорымның диаметрі – 8,80 м, биіктігі – 4,80 м. Құрылыстың солтүстік жағында таға тәрізді ұзындығы шамамен 3 м, ені 2 м болатын тас төселген.
Едіге тауы туризм және зиярат ету нысаны болып табылады.
Деректер
- Жезқазған энциклопедиялық анықтама. – Алматы: «Эверо» баспасы, 2004. – 204 б. – Б. 192.
- Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясы. – Алматы: Қазақ энциклопедиясының бас редакциясы, 1999. – Т. 3. – 719 с. – С. 345–346.
- Раймова Б.Н. Ел Қамын жеген Едіге. Научный информационный журнал «Булантинская битва». – Улытау, 2015. – С. 195–200.
- Сүлейменов Т. Сегіз сері. – Алматы: Өнер, 1991. – 68 б.
- Шуптар В.В. Улытау. Туристский путеводитель. – Караганда: Истор.-геогр. общ-во «Авалон», 2016. – 100 с. – С. 47.