Жидебай батыр кесенесі

Сипаттамасы

Ескерткіш Ақсу-Аюлы кентінің солтүстігінде, шамамен 15 км жерде, Шерубай-Нұра өзенінің сол жағалауында орналасқан (Қарағанды облысы, Шет ауданы). Жидебай батыр Қожаназарұлы – ХVІІІ ғ. жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерекше ерлігімен, қолбасшылық қабілетімен тарихта өшпес із қалдырған, Абылай ханға сенімді серік болған көрнекті тарихи тұлға. Оның қайталанбас ерліктері халық жадында сақталып келген көптеген аңыздар арқылы кейінгі ұрпаққа жеткен. Абылай хан билік құрған кезде ол өз халқының көшбасшысы болған. Сарыарқа жері үшін күресте ер жүректілігімен танымал болады. Ел арасында «Жидекең айтыпты» деген сөздер күні бүгінге дейін жиі кездесіп отырады. Халық аузынан айтылған әңгімелерде Жидебай батырдың сөз ге шебер, өткір тілді, терең ойлы, парасатты адам болғандығы аңғарылады.

Мәшһүр Жүсіп қазақ батырлары туралы аңыз-әңгімелерінде Жидебай батырға ерекше қабілетке ие тарихи тұлға деп баға берген. «Абылай хан үш жүздің ханы болғанда Әлтеке- Сарым Жидебай оның атақты батыры болған. Жидебайға айсыз қараңғы түн тал түстей жарық болып көрінеді екен». Жоғалған затты қараңғы түнде де оп-оңай тауып алатын болған. Аңыз бойынша, оның жанында көзге көрінбейтін екі қызыл түлкі ілесіп жүреді екен. Халық жадында «қос түлкілі Жидебай» деген сөз қалған. Батырдың киесі осы «қос түлкісі» екен.

Жидебай батырдың өзі ғана емес, әкесі Қожаназар, атасы Дос батыр да жоңғарға қарсы соғысқан «ел шетіне жау келсе, мен шығайын дер екен» дейтіндей айтулы батырлар болыпты. Ел есінде қалған бір аңыз бойынша жоңғарлармен болған бір соғыста Дос батыр баласы Қожаназармен жау қолына түседі. Қос батырды бірдей өлімге қиюға батылдары бармаған жау біреуін босатуды ұйғарады. Осы сәтте Дос батыр күй тартып, сыбырлап баласы Қожаназарға «мен жасарымды жасадым, сен ауылға аман қайт, құдай жазса ата жаудан кек алатын күн туар» дейді. Халық жадында «Сыбыр-сыбыр күйі» деген күй осыдан қалған екен. Содан барып Сарыарқаның сайран төсін мекен еткен Дос батырдың моласы Алматы облысы, Кербұлақ немесе Көксу ауданындағы Быжы (Біже) өзенінің маңайында қалыпты (мәлімет беруші Аманқұл Мұсатайұлы, 1927 ж.т. 2007 ж. А.З. Бейсеновтің қолжазбасы). Дос батыр, баласы Қожаназар, немересі Жидебай батыр жоңғарларға қарсы қазақ халқының ұлт-азаттық соғысында «егеулі найзалары қолдарынан түспеген» жаужүрек батырлар болған. Олар Балқаш, Жетісу, Алакөл, Шыңғыстау, Тарбағатай бойынан жау әскерін ығыстыруда белсенді ат салысқан. Тарихи деректерге сүйенсек Дос батыр атақты Малайсары қосынында шайқасқан болуы керек. Себебі Алматы облысы, Кербұлақ ауданында үлкен тау жотасы осы Малайсарының атымен аталады.

Қожаназарұлы Жидебай туралы «Сарыарқадай жер қайда, Жидебайдай ер қайда?» деген халық нақылына айналған сөзі бар. Абылай хан алпыстан асқан Жидекеңді Қарақожа еліне жорыққа жұмсапты. Балқаш көлін екіге бөліп жатқан Ұзынарал деп аталатын тас өткел бар екен. Кезінде өткел арқылы керуен жолының бір тармағы өткен. Жидебай сарбаздарымен үш ғасырға жуық ұмыт болған өткел арқылы арғы жағаға өтіпті. Жауға тұтқиылдан тиген Жидекең Қарақожа елін бағындырып қайтыпты. Сонда Қарақожа: «Бұл жолды Жидебай ғана білсе керек еді, өткелден өткізген көзің шық қыр Жидебай екен ғой» депті деген сөз бар. Мұны тиянақтай түсетін Жидебайдың тоқсаннан асқан кезінде көзі көрмей қалғанда, көңіл сұрай келгендерге айтқан сөзі: «Жасымның жүзге келгені, алты Алаштың алғысы. Қос жанардың сөнгені, Қарақожаның қарғысы» деген екен. Қарақожа және оның иелігі туралы мәліметтер анықталмаған, бірақ Қарақожа елі дегені Абылайдың қырғыздарға қарсы жорығы болса керек.

Кесене тәуелсіздік алған 1990 ж.ж. салынған. Стандартты ақ кірпіштен дөңгелене қаланып, күмбезге ұласады. Күмбездің ұшар басында темірден айшық орнатылған. Кіре берісінде екі кішкене мұнара және қара тастан қашалған екі тақтатас орын тепкен. Кесененің жанында келушілерге арналған қонақүй орналасқан және жылдың жылы мезгілдерін де шырақшы отырады.

Ескерткіш туристік және зиярат ету орны болып саналады.

Деректер

  1. Артықбаев Ж.О., Жакин М.С. Шет өңірінің тарихы. – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 1998. – 275 б.
  2. Асқартегі Т. Жидебай батыр // Жаңа Сарыарқа. – 2007. – № 6. – 68–69-бб.
  3. Әбдуов М. Ер – елдің қорғаны // Орталық Қазақстан. – 2005. – № 25. – Б. 8.
  4. Боқанов А. Ақтоғайым // Тоқырауын тынысы. – 2013. – № 28. – Б. 8.
  5. Жүнісұлы Р. Жидебай батыр // Егемен Қазақстан. – 2013. – № 116. – Б. 6.
  6. Қазақ батырлары /құраст. С. Қорабай. – Алматы: Айғаным, 2016. – 146 б.
  7. Қазақ батырлары. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен / Құраст. К. Табылдиев. – Астана: Фолиант, 2008. – 360 б.
  8. Мұсатайұлы А. Әлкей Марғұлан тағылымы. Құраст. ред. А. Бейсенов. – Алматы, 2011. – 145–150-бб.
  9. Сейсенұлы Д. Қара қылды қақ жарған // Егемен Қазақстан. – 2012. – №№ 678/682. – Б. 8.
  10. Сейтман С. Ер есімі ел есінде // Қазақ әдебиеті. – 2013. – № 36. – Б. 4.
  11. Сергеев В. Памятник предку // Новый вестник. – 2005. – № 30. – Б. 17.
  12. Смағұл Е. Ел қорғаны – батырлар // Шет шұғыласы. – 2013. – № 25. – Б. 4.
  13. Шет ауданы. Энциклопедия / ред. Ә. Оспан. – Алматы: ҚазАқпарат, 2013. – 382 б.
  14. Шет өңірі ақындарының антологиясы / ред. Қ. Тілеубергенов, Ж. Оспан. – Қарағанды: Болашақ- Баспа, 1998. – 152 б.
  15. Шет өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштері: фотошежіре / Жауапты ред. Ж.С. Ақылбаев; мәтін авт., құраст. М.С. Жакин. – Қарағанды: ҚарМУ – «ТАиС» ЖШС баспасы, 2004. – 152 б.
Толығырақ

Суреттер


Кіру