Жошы хан кесенесі

Сипаттамасы

Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 45 км қашықтықта орналасқан (Қарағанды облысы). Жошы хан кесенесімен қатар бұл кешенге бекініссіз қоныс пен орта ғасырға жататын бірқатар кесенелер кіреді. Мұнда қазақ бейіттері де орналасқан.

Жошы хан кесенесі туралы алғашқы мәліметтер XVI ғ. жататын жазба деректерде және Хафиз Тыныш бен Мир Мұхаммед әл- Бұхаридің еңбегінде кездеседі. Ол өзінің «Шараф-наме-йи шахи» атты шығармасында бұхарлық билеуші Абдаллахтың 1582 ж. Ұлытауға жасаған жорығын сипаттай отырып, Жошы хан кесенесі туралы: «Сенбіде (осы күні) 6-шы айдың (хан) Сарай маңында (навахи) Жошы хан кесенесінің алдында тоқтады» деп атап өтеді.

Жошы хан кесенесі туралы мәліметтер ресейлік саяхатшылар, топографтар, әскери қызметшілердің жазбаларында кездеседі. Жошы хан кесенесінде 1946 ж. Ә.Х. Марғұланның басшылығымен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ә.Х. Марғұлан кесенедегі бейіттерде Жошы хан мен оның әйелі жерленгендігін айтады.

Әр түрлі нұсқаларда айтылған аңыздарға сәйкес кесенеде Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошы жерленгені туралы мәлімет кездеседі. Деректерде Жошы ханның құпия өлімі туралы тарихи аңыздардың әртүрлі нұсқалары тіркелген. Олар қазақтар арасында осы күнге дейін сақталған.

Әртүрлі нұсқадағы аңыздардың негізінде «Ақсақ құлан Жошы хан» желісі кездеседі. «Шыңғыснаманың» (XVI ғ.) авторы келесідей ақпарат береді: «Жошы хан оның (Шыңғыс ханның. – авт.) ұлдарының ішінде үлкені еді. Ол оған үлкен әскер беріп, Дешті Қыпшақ уәлаятына тағайындап, аттандырған кезде: «Сенің жылқыларыңның жайылым жері болсын» деп айтты. Сонымен қатар оған Хорезм уәлаятын берді. Жошы хан Дешті Қыпшақ уәлаятына аттанған кезде Улуг-Тағаға (Ұлытау – авт.) жетеді. Бір күні ол тау ішінде аңшылық құрып жүрген кезінде бір топ марал мен киіктерге кезігеді. Оларды қуалап, оқ жаудыртып келе жатқан кезінде аттан құлап, мойны үзіліп, қайтыс болады».

«Шаджарак ал – атрак» шығармасындағы аңыздардың бірінде Жошы ханның өлімі туралы хабарды Шыңғыс ханға Улуг жыршы жеткізеді. Шыңғыс хан жауап ретінде түрік жырын айтқан деседі:

«Кулу алған құландай құлынымнан айырылдым

Айырылышқан анкудай ер ұлымдан айырылдым».

Жошы хан Алаша ханның ұлы болды деген тағы бір аңыз нұсқасы бар. Онда ұлының өлімі туралы хабарды оған жыршы Кет Бұға музыкалық аспапта ойнау арқылы жеткізеді. Қазақтар арасында Жошы ханның өлімі тура лы хабарды жеткізетін «Ақсақ құлан» күйінің осы күнге дейін сақталуы қызықты жағдай болып табылады.

Жошы хан кесенесінің жанында Жошы ордасы атты ортағасырлық қоныс орналасқан. Ол жазба деректерде Орда Базар деген атпен белгілі қаламен теңдестіріледі. Жошы хан кесенесі мен қоныс Жошы ұлысы кезеңінің біртұтас кешенін құрайтындығы дәлелденді. Ол кезде кесенелер ғұрыптық құрылыстар рөлін атқарған болатын.

Жошы хан кесенесі Қаракеңгір өзенінің аласа төбелі жағалауында орналасқан, әрі алыстан анық көрінеді. Кесененің бірнеше ғасырлар бойы жақсы сақталуына оның құрылыс іргесінің әбден ойластырылып таңдалуы себеп болған. Кесене мемориалды құрылыстардың порталды-күмбезді түріне жатады. Оңтүстік-батысқа қарай бағытталған кесененің бас фасады кіреберіс ойығы мен оның үстіндегі сүйірлі аркасы бар пештак – порталдан тұрады.

Кесененің құрылысы үшін күйдірілген жоғары сапалы қызыл кірпіш пайдаланылған. Кесененің жобасы бойынша көлемі 7,25х9,25 м құрайды. Қазіргі күнге дейін сақталған порталдың биіктігі – 7,85 м, ал күмбездің биіктігі – 7,1 м. Кесененің қабырғалары сәулеттік- әрлеу тұрғысынан қарағанда безендірілмеген. Кесененің ішіндегі қабырғалар сазды-саманды ерітіндімен сыланған. Кесененің екі күмбезі бар. Олар: ішкісі – жарты сфералы және сыртқысы – сфероконустық, әрі екі барабанда орналасқан: төменгісі – он жеті жұлдызшалы және жоғарғысы – дөңгелек барабанды.

Дөңгелек барабанға орнатылған күмбездің төбесінде жасыл сырлы кубба орналасқан. Куббаның «мүйізшелері» шығыс-батыс бағыты бойынша бағдарланған. Қырланған барабан мен сыртқы күмбездің қаптамасы балшық ерітіндісінде көк зертасты шаршы тақталар мен жасалған. Дөңгелек барабанның қаптамасы гүлді өрнегі бар көгілдір тақталармен қапталған. Бас фасадтың алдындағы алаңша дәл кесененің едені секілді күйдірілген шаршы пішіндегі кірпіштермен төселген.

Жошы хан кесенесі – ортағасырлық керемет ғұрыптық құрылыстардың бірі. Тәуап ету және туризм нысаны болып табылады.

Республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші мемлекет қорғауына алынған.

Деректер

  1. Альджанов О. Предание об Алаш хане и об его сыне Джочи хане // Киргизская степная газета, 1897, №№ 13, 14, 18.
  2. Ахатов Г.А., Бермагамбетов А.Ж. Археологические исследования некрополя Жошы-хан // Известия МОН-НАН РК. Сер. обществ. наук. – 2002. – № 1. – C. 160–165.
  3. Красовский Н.И. Область Сибирских киргизов // Материалы для географии и статистики России. – СПб.: Тип. Департамента Генерального штаба, 1868. – Ч. III. – 264 с. – С. 258.
  4. Маргулан А.Х. Архитектурные памятники в долине реки Кенгир (из отчета экспедиции 1946 г). // ВАН КазССР. – 1947. – № 11. – С. 67–71.
  5. Маргулан А.Х. Археологические разведки в Центральном Казахстане (1946 г.) // Известия АН КазССР. Сер. историч. – 1948. – № 49. – Вып. 4. – С. 142–144.
  6. Материалы по истории казахских ханств XV–XVIII вв. (извлечения из персидских и тюркских сочинений). – Алма-Ата: Наука, КазССР, 1969. – 655 с. – С. 277.
  7. Мендикулов М.М. Некоторые данные об исторической архитектуре Казахстана // Известия АН КазССР. Сер. архитек. – 1950. – № 80, вып. 2. – С. 11.
  8. Мендикулов М.М. Памятники архитектуры Казахстана с коническими или пирамидальными куполами // В кн.: «Архитектура республик Средней Азии». – М.: Госизд-во архит. и градостр-ва, 1951. – С. 223– 240. – С. 234.
  9. Герасимов Г.Г. Памятники архитектуры долины реки Каракенгир в Центральном Казахстане. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1957. – С. 23–28.
  10. Россия. Полное географическое описание нашего Отечества. Киргизский край. – СПб.: Изд-во Девриена, 1903. – Т. ХVIII. – 479 с. – С. 355.
  11. Сатпаев К.И. Доисторические памятники в Джезказганском районе // Народное хозяйство Казахстана. – 1941. – № 1. – С. 69–71.
  12. Сембин М.К. Мазар Жоши хана (Историческая справка). Алматы, 1976 // Архив РГП «Казпроектреставрация»
  13. Смаилов Ж.Е. Памятники археологии Западной СарыАрки (Средневековые городища и поселения). – Балхаш, 1997. – 63 с.
  14. Смаилов Ж.Е. Археологические исследования комплекса Жошы-хана // Отечественная история. – 2001. – № 2. – С. 90–106.
  15. Тизенгаузен В.Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. – М.–Л.: изд-во АН СССР, 1941. – Т. II. – 308 с. – С. 203–204.
  16. Чингиз-Наме. – Алматы: Ғылым, 1992. – 247 с. – С. 91.
  17. Шмидт Ю. Очерк Киргизской степи к югу от Арало- Иртышского водораздела в Акмолинской области // ЗСОИРГО. – 1894. – Кн. XVII. – Вып. 1–2. – С. 14.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Медиа

Видео

Кіру