Қаражартас қорымы
Сипаттамасы
Талдынұра өзенінің сол жағалауында орналасқан (Қарағанды облысы, Шет ауданы, Талды ауылдық округі). Орналасу жері бойынша Талдынұра өзенінің кең, шөбі шүйгін, ыңғайлы алқабында тұр. Мұның шығыс және оңтүстік-шығыс жағында Қызылтау тауының жотасы жатыр.
Қорым құрамында соңғы қола дәуіріне қарасты беғазы-дәндібай мәдениетінің 32 құрылысы бар. Орталық бөлігін пирамидалы-сатылы құрылыс түрінде салынған үлкен тас кесене алып жатыр, оның айналасында кішкентай жәшікті қоршау түріндегі қарапайым адамдардың жерлеу орындары орналасқан. 2016–2017 ж.ж. қазба жұмыстары (жетекшісі И.А. Кукушкин) жасалды. Зерттеу жұмыстары аяқталған соң 2017 ж. күзінде бүкіл қорым аумағында рекультивациялық жұмыстар жүргізіледі, И.А. Кукушкин жасаған ғылыми тұжырымдама негізінде Қаражартас кесенесі қалпына келтіріледі. Бұл шара А.З. Бейсенов жетекшілігімен атқарылады (топ жетекшісі Д.Б. Дүйсенбай). Ескерткіштің зерттелгеніне көп болмағандықтан, қазіргі таңда зерттеу материалдары қарқынды түрде енді айналымға енгізілуде.
Қазбаға дейін Қаражартас кесенесі өлшемі – 30х20 м, биіктігі 2 м-ге жуық болатын, беткі қабатынан қабырғалар мен шеткі тақта тастардың ұшы шығып тұрған жайылмалы топырақ үйінді түрінде болды. Үйіндіні алып тастаған соң, астынан бұрыштары дүниенің төрт тарабына қараған және ортасына қаратыла біреуі екіншісінен биіктеу салынған 5-6 қатар қабырғадан тұратын, шаршы пішінді сатылы-пирамидалы құрылыс шығады. Сыртқы қабырғаның төрт жақтағы ұзындықтары 14×14,5×14,3×13,5 м-ге тең, қаландының биіктігі 15 қатарға дейін көтерілген, ал қабырғалардың жалпақтығы 0,34 м-ге дейін жетеді. Ең шеткі сыртқы қабырға беғазы-дәндібай мәдениетінің көптеген кесенелеріне ұқсас тігінен орнатылған ірі тақта тастармен қоршалған. Тақтатастардың биіктіктері 2,5 м-ге дейін жетеді. Осы тақтатастардан қашықтығы 0,5 м жерде биіктігі 0,3 м-ге дейін жететін жалпағынан жатқызылған тастардан тұратын қоршау бар.
Жер бетіне қойылған жерлеу камерасының орталық бөлігінің ішкі жағы топырақпен, балшықпен толы. Ішкі қабырғасының өлшемдері 4,8×3,25×3,65×4,15 м, биіктігі 1,88 м. Жерлеу камерасы қоршаудың қабырғаларымен бір бағытта жатыр және көне заманда толықтай тоналып кеткен. Жерлеу орнының тонау шұңқырынан адамның жекелеген сүйектері мен қыш ыдыс бөліктері табылды.
Жерлеу ғұрпын дәл айту мүмкін емес, бірақ палеоантропологиялық анықтамаларға қарағанда, мұнда кем дегенде бір үлкен адамның жерленгендігі анықталды. Қорым үйіндісінің бірнеше деңгейінде қой мен жылқының сүйектері кездеседі, бұл өлген адамға қойылған ғұрыптық тағаммен байланысты болуы мүмкін. Ішкі камераның сақталған бөлігінің беткі тастарынан жерлеу орнының жоғары жағы жалпақ ірі тастармен жабылғандығы көрінеді. Осы жерде бастапқыда тікбұрыш немесе шаршы пішінді, кезінде «пирамиданы» ең үстін алып жатқан тас құрылыс болған. Қазба мәліметтері бойынша, Каражартас көне «пирамидасының» жалпы биіктігі 3 м-ге жуық болған деп саналады.
Үйінді топырағын аршу, құрылыстың қабырғаларын тазалау және жерлеу камерасының ішкі топырағын алу кезінде көптеген соңғы қола дәуірінің қыш ыдыс бөлшектері табылды. Металл табылымдар арасынан қола жебе ұшы мен алтын сақинаны айтып өтуге болады.
Қазіргі деректер бойынша, Қаражартас кесенесі өлшемі жағынан беғазы-дәндібай мәдениетінің жоғары тап өкілдері жерленген ең ірі нысаны болып табылады. Өлшемі жағынан оған Бұғылы-3 кесенесі сай келеді. Балшықпен бекітіліп қалған жерлеу камерасының құрылысы өзгешелеу болған сыңайлы. Мүмкін, бұл шикі кірпішті қабырғаның қалдығы болар. Бұл жағынан, Арал маңындағы Солтүстік Түгіскен мен Ертіс бойындағы Қараоба кесенелеріндегі шикі кірпіш қабырғалармен ұқсастықтарды келтіруге болады.
Қолданылған құрылыс материалдарын есепке алсақ, жалпы салмағы шамамен 650- 700 тоннаны құрайды, ал нақты жұмыс күші қатардағы беғазылық жерлеу орындарынан 1000 есе артық қолданылған. Құрылыс жұмыстарының күрделілігі мен қиындығын ескерсек, кесенеде аса жоғары әлеуметтік- экономикалық жетістікке ие беғазы-дәндібай қауымдастығының «патша» дәрежесіне жақын басшының жерленгендігіне күмән жоқ.
Орталық Қазақстан аумағындағы элиталы кесене құрылыстары (Бұғылы-3, Беғазы, Дәндібай, Айбас-Дарасы, Саңғыру, Қаражартас) осы аймақтың көне заманда беғазы-дәндібай мәдениетінің аса ірі орталығы болғандығын дәлелдейді. Қола дәуірінде осындай ірі жерлеу орындарын тұрғызу тек қана адами және материалдық ресурстарға ие, үлкен билік дәрежесі мен байлығы бар ірі тайпалық бірлестіктер көсемдерінің қолынан келуі мүмкін.
Қаражартастан шығыс және оңтүстік- шығысқа қарай аса алыс емес қашықтықта Байбала, Ақкезең, Ақкезең-2, Шортандыбұлақ, Шоқпартас сынды соңғы қола дәуірінің қоныстар тобы орналасқан. Мұндай қоныстар мен осы Қаражартас қорымы, басқа да ескерткіштер көне заманда Талдынұра алқабын мекендеген ірі тайпалық бірлестіктен жеткен деп саналады. Осы қауымның басшысы, яғни көсемі Қаражартас кесенесіне жерленуі мүмкін. Талдынұра алқабында Қаржартас қорымына жақын жерде құрамында сақ дәуірінің ірі «патша» обалары кездесетін басқа да елеулі ескерткіштер бар. Осы маңда өз заманында халықтың үлкен құрметіне бөленген атақты батыр, әрі би Сеңкібай Оразғұлұлының («Би ата») мазары орналасқан. Бүгінгі таңда бұл жерге көптеген сиынушылар мен туристер келуде. Талдынұра алқабында болашақта арнайы тарихи-археологиялық парк немесе қорық құрудың маңызы зор болмақ.
Деректер
- Кукушкин И.А., Дмитриев Е.А. Казахстанская «пирамида» // Мәдени мұра. – 2016. – № 5 (68). – С. 78–81.
- Кукушкин И.А., Дмитриев Е.А., Кукушкин А.И. Могильник Каражартас. Погребальное сооружение бегазы-дандыбаевской «знати» // V (XXI) Всероссийский археологический съезд. – Барнаул, 2017. – С. 582–583.