Қараменде би кесенесі

Сипаттамасы

Ақтоғай кентінен солтүстік-шығысқа қарай 6 км, Ақтас өзенінің Тоқырауынға құяр сағасындағы Қараменде айрығы (Қарекең айрығы) деген жерде орналасқан (Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы). Кесене XVIII ғ. соңында бой көтерген. Қараменде Шақаұлы Орта жүзге белгілі би, көріпкел әулие, дуалы ауызды адам болған.

Жоңғар шапқыншылығы кезінде сыртқы жаудан өз елін-жерін қорғаған халық арасынан шыққан Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақұлы Жәнібек, Бәсентиін Малайсары, Тарақты ер Байғозы, Дос, Қараменде, Олжабай, Тайлақ, Саңырық және т.б. батырлар мыңдаған ержүрек қазақ жауынгерлерін айналасына топтастырып, алдыңғы қатарда шайқасты бастап жүрді. Халық аузында осы батырлардың ішінде Қараменде – батыр, ақылды би ретінде жиі айтылып жүреді.

Абай әкесі Құнанбайдың аузынан Қараменде бидің шешендік, даналық сөздерінкөкейіне түйіп өскен. Әсіресе әкесімен бірге Қарқаралы өңіріне барып жүргенде естіген Қараменде бидің:«Елі көшсе, бел жетім,

Үйрек-қаз кетсе көл жетім,

Ері жоқ ел жетім,

Елі жоқ ер жетім,

Жоқтаусыз кетсе, қыз жетім,

Жасы жеткен қарт жетім,

Парықсыз болса сөз жетім» – деген өнегелі сөзі Абайға қатты ұнаған. Бұл сөздерді Құнанбай әрқашан балаларына өнеге ретінде данышпандықты бағалай білетін адамдардың туған жерімен, жақындарымен, айналасымен тығыз байланысты екенін түсіндіріп отырған.

Қараменде Шақаұлы шамамен 1707–1797 ж.ж. өмір сүрген. Қараменде би мен Әлтеке Жидебай батыр желідегі құлындай тел өсіп, көптеген жылдар бойы бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болған. Ұзақ өмір сүріп, көпті көрген Жидебай, жасы ұлғайғанда көзден айырылып, зағип болып қалған. Жидекең қартайған шағында ауылындағы сөз білетін жігітке: «Жылқыда бір ақсұр деген айғырды жылқышыларға ұстатып мін, беліңді буып, жеңіңді сұғып жеті ауыз сөзді бір айтам, бес ауыз сөзді бір айтам. Бір айтқанда ұғып алып, Қарамендеге жеткіз. Шешуін берер», – депті. Сәлемі мынандай екен: 1. Мұсылман жаудың қолында қалдым. 2. Бес атаның малын қармалаймын деп әуре болдым. 3. Алпыс – бір ат айғырын мініп кетсе үйірін бермейді. 4. Жетпіс торғай шырылдайды, ешнәрсеге әлі келмейді. 5. Сексен балапан ұя басып жатқанын жақсы көреді. 6. Тоқсан жұмыртқа қай уақытта жарылады белгісіз. 7. Бес мұқтаж бар. Төртеуінде үміт бар, біреуінде үміт жоқ.

Жігіт Қараменде бидің ауылына келіп, Жидебайдың осы сәлемін жеткізеді. Қарекең оның шешімін былай деп беріпті: 1. Мұсылман жаудың қолында қалдым дегені – бәйбішесі өліп, бала мен келіннің қолына қарап қалған екен ғой. 2. Бес атаның малын қармалаймын деп әуре болдым дегені – бес саусағымен қойғанын таба алмайтын екі көзінен айырылып, зағип болып қалған ғой. 3. Алпыс – бір ат айғырын мініп кетсе үйірін бермейді дегені – 60 ердің дұрыс жасы екен ғой. Туғанға, туысқанға, қатын-балаға қадірі бар кезі ғой. 4. 70 торғай шырылдайды, еш нәрсеге әлі келмейді дегені – жетпістегі шалдың шырылдаған торғайдың дауысындай халқына маңызы болмайды екен. 5. Сексен балапан ұя басып жатқанын жақсы көреді дегені – сексендегі шал мал-жанынан, ораза-намаздан төсекті артық көреді дегені ғой. 6. Тоқсан жұмыртқа қай күні жарылары белгісіз дегені – тоқсандағы шалдың қай күні өлетіні мағлұмсыз, тоқсан жұмыртқа шайқап жатқан құстың жұмыртқасы сияқты, қай күні жарылатыны белгісіз ғой. 7. Бес мұқтаж бар, төртеуінде үміт бар, біреуінде үміт жоқ дегені – мыналар екен ғой. Біріншісі – жас өсемін деп үміткер, екіншісі – жарлы байимын деп үміткер. Үшіншісі – бай асамын деп үміткер. Төртіншісі – жалғыз көп боламын деп үміткер, біреуінде үміт жоқ дегені – кәрілік қой, онда ешбір үміт жоқ. Бақ келмейді, бас бітпейді. «Ақірет сапары» деген сапар үмітсіз ғой. Жидебайға сәлем де, мұсылман жаудың қолында қалса, бір елі аузына төрт елі қақпақ қойсын. Бес атаның малын қармалаймын деп әуре болса, жанына жанқалта, төсіне төсқалта тіктіріп алсын. 60 ердің жасы, оны тәңірім батырдың ақжолына нәсіп етпепті. Қатары кетіп жетімдікті көп көріпті. Жетпіс, сексен, тоқсан жас. Талай ерді тосқан жас. Қашпасын да, саспасын, Қасқайып көрсін қайран бас, деп жауап қайтарған екен.

Қараменде – халық қысылғанда ақыл-кеңес сұрап, торыққанда демеу болатын Садыр қожаның жанына жерленген. Қараменденің моласы бөренеден қиып салынған. Тек 1920-шы ж.ж. осы ағаш моланы айналдыра саман кірпіштен қалаған (мәлімет беруші Тұңғышбай Мұқан, 1946 ж.т.). 1993 ж. Ақтоғайда үлкен ас беріліп, мазары қайта жаңартылады. Мазар шаршы пішіндес ақ кірпіштен қаланған. Төртбұрышында төрт кішкене мұнарасы бар және шағын ғана күмбез шығарылған. Күмбез бен мұнаралардың үстінде темірден жасалған айшықтар орналасқан. Ақтоғай ауданының бұрынғы Еңбек ауылына Қараменде бидің аты берілген.

2008 ж. (А.З. Бейсеновтің жетекшілігімен, А.Е. Қасеналин мен Қ.А. Жамбулатовтың қатысуымен) зерттеу жұмыстары Қараменде бидің бейіті бұрыннан тұрған Садыр әулиенің бейіті сияқты, бастапқыда ежелден бері жоғарғы әлеуметтік сатыдағы тұлғалардың бейітінде өтетін әдет-ғұрыптық дәстүрлер жалғасқан киелі, қасиетті жерде пайда болғанын көрсетті. Ерте темір дәуіріне жататын археологиялық қорымда жеті оба орналасқан. №№ 1-4 ерте сақ дәуіріне жататын (тасмола мәдениеті) ірі обалардың диаметрі – 25-40 м, биіктігі – 2-4 м, тас аралас топырақтан үйілген. Олардың ішіндегі көпшілігі №№ 1-3 обалар қорымның солтүстік жағына таман, ең ірісі № 2 диаметрі 40 м-ден асатын, биіктігі – 4 м, «патша қорғаны» мазардың батыс бетінде орналасқан. № 6 оба Қазақстан археологиясына белгілі діни-ғұрыптық «мұртты оба» (тип 1). Үйіндінің диаметрі 12 м, биіктігі 0,5 м, оңтүстік-шығысқа бағытталған тас тізбектерінің ұзындығы 100 м шамасында. Осы «мұртты обадан» солтүстік солтүстік-шығысқа қарай 110 м жердегі № 5 оба диаметрі – 4 м биіктігі – 0,15 м, кішігірім қорым орналасқан. Бұл нысан орта ғасырлар кезеңіне тән ескерткіш болуы мүмкін.

Қазіргі таңда қорым мен мазар аумағы киелі мекен болып саналады. Еліміздің әр тарапынан және жергілікті жердің тұрғындары тұрақты түрде келіп, сонымен қатар діни мейрамдарда халық әруақтарға тағзым етіп, құран бағыштайды. Сонымен бірге Қазақстан мен шетелдерден туристер көптеп келеді.

Деректер

  1. Қазақстанның құқықтық және саяси ой тарихының хрестоматиясы. – Алматы: Жеті жарғы, 2010 – 358 б.
  2. Қу-Балқантау: Энциклопедия / Ред. Е. Балташұлы –Қарағанды: типогр. Арко, 2017. – 432 б.
  3. Мұсатайұлы А. Әлкей Марғұлан тағылымы. Құраст. ред. А.З. Бейсенов. – Алматы, 2011. – 234 б.
Толығырақ

Суреттер


Орналасқан жері

Кіру