Құсбек мазары
Сипаттамасы
Тарихи, діни-архитектуралық ескерткіш. Талды өзенінің бойында, қазіргі Бүркітті ауылынан солтүстікке қарай 2 км жерде орналасқан (Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы). Ескерткіш ХІХ ғ. өмір сүрген Орталық Қазақстанға белгілі кісі, тарихи тұлға – Құсбек сұлтан Бөкейхановқа арналып салынған (патша ведомостволық құжаттарында Таукин деген атпен кездеседі). Шындығында бұл Талды өзені алқабындағы Боқты, Кент тауларын жайлаған Бөкейхановтардың бір тармағы өкілдерінің әулеттік қорымы болып табылады.
Мазар ХІХ ғ. екінші жартысында Құсбек сұлтан өлген соң әкесі Тәуке Бөкейхановтың моласының жанына салынады. Мазардың орнына алғаш жерленген осы Тәуке Бөкейханов болуы мүмкін. Қолдағы бар мәліметтер бойынша мұнда Бөкейханның ұрпақтары Құсбек, Түбек, Ысмайыл (Ысмайылхан) және олардың әйелдері мен тағы басқа ағайындары жерленген. Жергілікті халық арасында тараған ауыз әңгімелерде мазарға қарама- қарсы көзі тірісінде: «О дүниелік бола қалсам «жақсылығын көп көрген Құсекем жанына қойыңдар» деп «аманаттап» кеткен атақты ақын Шөже Қаржаубайұлының (1808–1895) моласы тұр» дейді. Мазар – саман кірпіштен киіз үй пішіндес етіп және жапсарластыра салған бірнеше күмбезді архитектуралық кешен болып табылады. Кіреберісі биіктігі – 1,4 м, тіктөртбұрышты. Құрылыстың ішкі диаметрі – 8 м, қабырғасының қалыңдығы – 1,2 м.
Бөкей ханның үшінші әйелінен туған Тәуке сұлтан Қарқаралы дуанының (округ) Қара-Әйтімбет болысының басқарушысы болған. Үлкен ұлы сұлтан Құсбек Тәукеұлы Бөкейханов (Таукин) (1802 -?) әкесінің орнына болыс болып, одан кейін қатарынан екі рет Қарқаралы дуанына аға сұлтан болып сайланған. Ол аға сұлтан болып сайланған екі мерзім аралығында бұл қызметке бір рет 1849– 1853 ж.ж. ұлы ақын, ойшыл Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы сайланған. Қарқаралы қаласында орналасқан мешіттің салынуына да Құсбек Бөкейхановтың еңбегі зор. Омбы кімшілігімен, болыс билеушілерімен келісім жасап, мешіттің орнын белгілеу және алғашқы құрылыстың басталуы Құсбек Бөкейхановтың аға сұлтан болып тұрған кезінде жүргізіледі. Құрылыс 1851 ж. жазда жаңадан сайланған аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының кезінде аяқталады.
Құсбек Бөкейханов Семейде, Омбыда, Санкт-Петербургте болған. Сұлтан Тәуке Бөкейхановтың ұрпақтары, оның ішінде Құсбек Бөкейханов және басқа да ұлдары бай және ықпалды тұлғалар ғана емес, сонымен қатар халық арасында сыйлы және адамгершілігі мол адамдар болған. Хан Бөкейден тарайтын бұл ұрпақ жазда Талды, өзенінің бойын жайлап, қыста Бүркітті, Қараша, Кент, Боқты тауларын қыстаған. Ф. Щербина экспедициясының материалдары бойынша Тәуке сұлтанның әмірі бойынша оның ұлдарының ұйымдастыруымен Талды өзенінің бойына тоғандар салыныпты. Соның бірі «Арыстанбек тоғаны».
Осы өңірде ел билеген Тіленшінің Алшынбайы, Өскенбайдың Құнанбайы, Шорманның Мұсасы, Қазанғаптың Тәттімбеті сияқты атқамінерлермен қатар жүріп ел істерін бірге шешіп отырған. Қарқаралы дуанының аға сұлтаны болып тұрғанда Құсбек төре Тобықты болысы Өскенбайдың Құнанбайы мен талай рет кездесіп, ел арасындағы мәселелерді талқылаған. 1845 ж. 12-қаңтарда Құнанбай өз аулында мұсылманша, орысша мектеп ашпақ болып, соған екі тілді бірдей білетін мұғалім тауып беруін өтініп келген кезде, Құсбек төре шекара бастығына өзі қол қойып, хат жазған. Абай Құнанбайұлы өзі болыс болып тұрған кездерінде осы Құсбек төренің ел басқару ісіндегі тиімді, пайдалы тәжірибелерін кеңінен пайдаланып отырған.
Құсбек мазарын ең алғаш рет 1890 ж.ж. соңында Кунсткамераның (Санкт-Петербург) қызметкері С.М. Дудин суретке түсірген. Ескерткіш тек әр жері бүлінгені болмаса бізге жақсы сақталған күйінде жетті. Саман кірпіштің құрамында жылқының қылы болғаны көрінеді. Халық жадында сақталған аңыз бойынша мазар құрылысына атсалысқан адамның көптігі соншама (төрт болыстың адамы келген), су іш кен жылқының көптігінен Талдының суы сарқылған. Қырық ту бие сойылып, құйрық- жалдарын түгел күзеп, биенің сүтіне араластырып кірпіш құйған, сол кірпіштердің лайын құю кезінде қырыққа жуық қыз жалаңаяқ басып, илеген екен (мәлімет беруші Ғ. Сәрсенбаев, 1902 ж.т. Кент ауылы, А.З. Бейсеновтің қолжазбасы).
2009 ж. Қарағанды облысының мәдениет басқармасының басшылығымен мазарғаконсервациялық және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, айналасы металл қоршаумен қоршалып, мемлекеттік қорғау тақтасы қойылады.
Ескерткіш Қарағанды–Аягөз күре жолының бойында, Бүркітті ауылының жанында орналасқан. Аудан орталығы Қарқаралы қаласы мен Егіндібұлақ кенті де алыс емес. Ескерткіштің осылай «тоғыз жолдың торабында» тұруы өткінші жолаушылардың тоқтап, дұға бағыштауына, тамашалауына зор мүмкіндік тудырады. Сонымен қатар зиярат етушілер мен көптеген туристердің келуіне жағдай жасалған. Қарқаралы ауданының елді мекендерінен келген мектеп оқушыларына экскурсия ұйымдастырылып тұрады.
Деректер
- Аршабеков Т.Т. Қарқаралы күмбездері. – Қарағанды: типогр. «Арко», 1997. – 96 б.
- История Каркаралы в документах и материалах. – Алматы, 2008. – Т. 1. – 494 с.
- История Каркаралы в документах и материалах. – Алматы, 2009. – Т. 2: Каркаралинский внешний округ – 508 с.
- Қу-Балқантау: Энциклопедия /ред. Е. Балташұлы. – Қарағанды: типогр. «Арко», 2017. – 432 б.
- Шығыс Сарыарқа. Қарқаралы өңірінің өткені мен бүгіні. – Алматы: Эверо, 2004. – 703 б.