Қызылкеніш ескерткіштер кешені
Сипаттамасы
Тарих және археология нысаны. Кент таулы алқабы (абсолюттік биіктігі – 1469 м) Қарағанды облысының шығыс жақ бөлігінде, Қарқаралы ауданының территориясында орналасқан. Таудың негізгі бөлігі, сан алуан аңғарлары мен сайлары Қарқаралы мемлекеттік табиғат паркінің құрамына кіреді. Алқапты бойлай ұзындығы 25 км болатын Қызылкеніш өзені ағып жатыр.
Қызылкеніш алқабында орналасқан қола, орта ғасырлар дәуірінің ескерткіштері, қазақ мазарлары, қыстаулардың, диірмендердің орындары, ағаш көмір алған шұңқырлар осы өңірдің мыңдаған жылдар бойы адамзат баласына құт мекен болып келе жатқанын аңғартады.
1946 ж. құрылған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ә.Х. Марғұлан) сол жылдың өзінде Қызылкеніш алқабында болып, осындағы ескерткіштерді алғаш рет зерттейді. Экспедиция құрамында С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенті (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) К.А. Ақышев та болады. Кейін зерттеу жұмыстарын көрнекті өлкетанушы, Қарағанды облыстық тарихи- өлкетану музейінің қызметкері Л.Ф. Семенов жалғастырады. Ерлі-зайыпты өлкетанушылар Богдан және Вера Ясенецкийлер де Қызылкеніш алқабында орналасқан ескерткіштерді зерттеуге өз үлестерін қосады.
Аталмыш өлкені жоспарлы, кешенді түрде зерттеу 1980 жылдардан бастау алады. Сол кезден бастап қазіргі уақытқа дейін қола дәуірінің ескерткіштерін зерттеуге баса назар аударылады. Осы бір көп жылдық ғылыми- зерттеу жұмыстарына В.В. Евдокимов, С.У. Жауым баев, В.В. Варфоломеев, И.В. Рудковский, В.Г. Ломан, Э.Р. Усманова, В.А. Новоженов, И.А. Кукушкин, Ж.Е. Смаилов, А.З. Бейсенов, М.В. Бедельбаева сияқты археологтар қатысады.
Әкімбек қонысы мен қорымы, Ең- бексүйгіш қорымы, Қызылтас қонысынан шыққан материалдарға сүйенсек, Қызылкеніш алқабы б.з.д. ІІ мыңжылдықтың басында, яғни қола дәуірінің андронов кезеңінде кеңінен игерілген. Ал бірқатар деректер ең алғашында бұл жерде осының алдындағы неолит- энеолит дәуірінің тайпалары қоныстанғанын аңғартады. Халық санының артуы, әлеуметтік- экономикалық деңгейдің күрт өсуі әсіресе, б.з.д. ІІ мыңжылдықтың орта кезеңіне, яғни соңғы қола дәуірінің Сарыарқадағы беғазы- дәндібай мәдениетінің гүлденуіне тұспа тұс келеді.
Осы кезеңге жататын ескерткіштер тобында Алат өзенінің Қызылкенішке құяр жерінде орналасқан, 30 га жерге созылып жатқан Кент (тағы бір атауы Үлкен Кент) қонысы ерекше маңызды. Бұл Қазақстандағы қола дәуіріне жататын ең үлкен қоныс болып саналады. Археолог мамандардың пайымдауынша, бұл – протоқала дәрежесінде болған ірі елді-мекен. Археологиялық зерттеулер Кент қонысының аумағында 130 тұрғын-үй, шаруашылық құрылыстардың, әртүрлі шеберханалардың болғандығын анықтауға мүмкіндік берді. Орта тұсында археологтар «Үлкен қоршау» деп атап кеткен ірі қоғамдық құрылыстың қалдығы орналасқан. Мұнда ежелгі тұрғындар ғұрып тық үрдістерін жасап, жиындар өткізетін болған. Қазба жұмыстарының нәтижесінде көп көлемде керамикалық ыдыстардың сынықтары, 100- ден астам қола бұйымдар, асқан шеберлікпен сүйектен ойылған сәнді бұйымдар, тастан жасалған еңбек құралдары табылды.
Доңғал қонысы – қола дәуірінен ерте темір дәуіріне өтпелі кезең болып саналатын, археология ғылымында «доңғал кезеңі» деп аталған айрықша кезеңнің атын берген эпонимдік ескерткіш. Археологиялық номенклатурада «доңғал керамикасы» (керамиканың доңғалдық түрі) деп аталған ғылыми термин қалыптасқан. Өте маңызды бір жайт, соңғы зерттеулер нәтижесі доңғал керамикасының осыдан кейін келетін сақ дәуірінің қоныстарының қыш кешеніне негіз болғандығын көрсетті.
Беғазы-дәндібай мәдениетіне жататын Еңбексүйгіш кесенесі, сайдың кіреберісінде орналасқан. Қазба жұмыстарына жүргізілгенге дейін археологиялық нысан диаметрі – 15 м, биіктігі – 1,2 м тас оба болатын. Обаның үстінде ірі тас плиталардың шеттері шығып тұрды. Қазба жұмыстарының нәтижесінде шаршы пішіндес, ірі тас плиталардан қаланған қоршау аршылады. Тас қабырғалардың сыртқы көлемі – 9×8,5 м, ішкі қабырғаларының көлемі – 5,9×5,6 м. Қабырға төрттен он қатарға дейін қаланған. Биіктігі 0,8 м-ге дейін. Кесененің ішкі жағында көлемі – 3×2,7 м, биіктігі – 1,5 м болатын тас жәшік түріндегі жерлеу камерасы анықталды. Құрылыстың қабырғалары мен тас жәшіктің аралығы тастармен тығыз толтырылып, топырақпен жабылған. Жерлеу камерасы өте қатты тоналған. Бұл тас құрылыс беғазы кесенелері санаты тобына жатады. Ғалымдардың пайымдауынша, мұнда Кент протоқаласы ірі экономикалық орталық болған және бүкіл Қызылкеніш алқабының билеуші- көсемі жерленген.
Кент қонысынан шыққан материалдар және жапсарлас орналасқан ескерткіштер Қызылкеніш алқабында тіршілік еткен ежелгі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінен, өмір салтынан ақпарат береді. Өз заманындағы биік мәдениетке, дамыған әлеуметтік жүйеге, қарқынды экономиканың өсуге айрықша ықпал жасаған сала мал шаруашылығы еді. Тау арасындағы жақсы жайылымдар, қысқы уақыттағы жел мен бораннан қорғайтын қолайлы табиғи жағдай ежелгі тұрғындардың өмір сүруіне өзінің оң әсерін тигізгені сөзсіз.
В.В. Варфоломеев материалдары бойынша, алқаптағы шаруашылық-экономикалық құрылымы дамыған 10 қоныстың ішінде Кент қонысы – басты сипатқа ие. Кент қонысы осы шаруашылық аймақтың орталығы, ал қалғандары, яғни Домалақтас, Байшора сынды аса үлкен емес, екінші сатыдағы қоныстар оған бағынышты елді-мекендер болған. Мал шаруашылығының жартылай көшпелі түрі үстем болып тұрды. Жазғы уақытта бақташылар төңіректегі жазық далаларды жайлап, малдарын семірткен де, қысқа қарай сай ішіне кірген. Мұнда металлургтар мен металл өңдейтін шеберлер тұрды. Үлкен Кент қонысы на жататын Алат теліміндегі темір қорыту пештері Қызылкеніш шеберлерінің соңғы қола дәуірінің өзінде-ақ темір алу технологиясын игергенін көрсетеді. Қыш құмырашылық ісі, сүйек, тас өңдеу салалары да жақсы дамыды. Кенттегі әшекей сүйек бұйымдар жоғары сұранысқа ие болып, айырбасқа жүрді. Сонымен бірге бұлар сол заманның мәдени ерекшеліктерін беретін көрсеткіш санатында болды, осындай бұйымдардың Кентке синхронды Бұғылы-1, Мыржық, Шортандыбұлақ қоныстарынан да табылып отыруы да мұны жақсы аңғартады.
Қызылкеніш алқабын биік, тұтасып жатқан таулар тізбегі қоршап жатыр. Тасты жарып шыққан қарағай, аршалар, етекте, өзен бойында өскен көктерек, қайың, тал, жидек бұталары ерекше әсемдігімен көз тартады. Арагідік жерлерден тас төмпешіктер, бізге беймәлім «дәу», әлдебір Кент алыбы әдейілеп қолдан қойып шаққандай ірі тастар көзге шалынады. Күзде табиғат қызылды-жасылды, алтын түстес киім кигендей ерекше бояуға малынады. Қазақ халқы осынау бір тарихи ескерткіштерге бай ғажайып өлкені «Қызыл кеніш» деп бекер атамаса керекті. Кеніш десе, кеніш-ақ. Жергілікті қазақтарға бұл жер ұрпақтан ұрпаққа сонау ықылым заманнан бері киелі, құтты қоныс болып келеді. Тұрғындар өмірінде қоршаған ортаның өмір-тіршілікке, шаруашылыққа қолайлылығын сезіну мен бұл жердің табиғат сұлулығын бағалау ертерек кезден бастап-ақ бірігіп, бір арнаға түсіп кетсе керек. Ежелгі дәуірдегі діни, мифтік көзқарастардың қалыптасуына табиғат жағдайының әсері зор болған. Сай ішінде жан-жақтан көзге түсетін әртүрлі пішіндегі гранит тастар күн сәулесімен жарқырап, қайталанбас әсер қалдырады. Олар жаңбырлы күндерде жоғарыдан сарылдап аққан судың шуылын, Көктің ашулы айғайы тәрізді күннің күркірі мен найзағай жарқылын күшейте, үдете түседі. Күн ұясына батқанда тау арасы әлдебір сұсты, тылсым күйге енеді; тау мен тастың, ағаш пен жапырақтың, жан-жануардың өз «сыбыр-күбірі» басталады, осының бәрі ежелгі тұрғындарды діни, дүниетанымдық сан алуан ойлардың туындауына жетелейді. Қызылкеніш алқабының адамдар тіршілігі үшін қолайлы ғана емес, сонымен қатар астарлы, қасиетті, құдайлар мен рухтар мекендеген тылсым мекенге айналуы сонау ежелгі заманда орын алған. Осы бір таулы өлкені «кеніш» қылған қаймана қазаққа өз туған ортасына деген ерекше құрмет осы көнеден бастау алады.
Қызылкеніш сарайын ертеден-ақ қазақ халқы «Қыз әулие» деп атаған. Зерттеулер қорытындысы бойынша, XVII ғ. ойраттар салған ғимарат. Ескерткішті алғаш рет 1820 ж. Сібір казактары корпусының бастығы, кейін Омбы облысының бастығы болған генерал Семен Броневский сипаттап, маңайында басқа құрылыстар бар екенін жазып қалдырады. Бұл оқиға Қарқаралы сыртқы округінің (Қарқаралы дуаны) ашылу кезеңіне тұспа-тұс келеді. Жергілікті тұрғындарды пайдаланып, ол сарай еденін де үйінділерден тазартып көрген.
Ескерткіштің сипаттамасы А. Левшиннің, Н.И. Красовскийдің, В. Никитиннің, Н. Коншиннің, Л. Чермактің, Д. Байжұмыровтың еңбектерінде және Ф. Щербина экспедициясының материалдарында бар. 1928 ж. ескерткішті И. Чеканинский зерттеп, арнайы мақала жариялайды. Ол өзінің жұмысында сарайды ойраттар салған ламаистік монастырь деп қарастырады.
1960 ж. археолог С.С. Черников ғимаратты өз мақаласында атап көрсетеді. 1950 ж.ж. мұны Қазақстанның археологиялық картасын баспаға дайындау барысында Ә.Х. Марғұлан жетекшілік еткен Орталық Қазақстан ар- хеологиялық экспедициясы зерттейді. Маңызды жағдай мынау: жергілікті қазақтардың ұғымындағы Қыз әулие деген жалғыз атпен белгілі ескерткіш XIX ғ. бастап жолға түскен бүкіл жазба еңбектерде «Қызылкент сарайы» деген атаумен жарияланады.
Қызылкеніш сарайына археологиялық қазба жұмыстарын 1985 ж. «Қазақ жобалау- қалпына келтіру» институтының археологиялық тобы (жетекшісі Р.Б. Исмагилов) жүргізеді. Ескерткішті бұдан кейінгі зерттеуді 1986–1987 ж.ж. профессор А.К. Әбіловтің бастамасымен құрылған ҚарМУ-дің «Эврика» студенттік археологиялық тобы жалғастырады (жетекшісі Ж.Е. Смаилов, топ басшылары А.З. Бейсенов, Е.М. Смағұлов).
Зерттеу барысында негізгі сарай маңайдағы үш қосымша құрылысымен бірге толық аршылып, ескерткіш маңында орналасқан қорымнан 10 жерлеу орны қазылады. Ж.Е. Смаилов пен А.З. Бейсенов қолға алған арнайы зерттеу жұмысына ғимараттың ерекшеліктерімен қоса, ойрат хандығының тарихы мен XVII ғ. қазақ-ойрат қатынасының да көптеген мәселелері енеді. Айқыш (крест) тәрізді салынған тас құрылыстың ағаш бағаналар ұс тап тұрған үстіңгі қабаты болған. Қабырғалары 1,2- 2,7 м биіктікте сақталған, олардың жалпақтығы – 0,8-1 м. Ескерткіштің маңында үш кішірек шаруашылық, тұрғын-үй құрылысы мен әуіз тәрізді судың орны бар. Қазба жұмыстарының нәтижесінде болар болмас, жұқа ғана мәдени қабат анықталды, сирек табылымдар ішінде сары және қызыл түске боялған жұқа ағаш тақтайшалар қалдықтары, әлдебір темір бұйым бөлшектері, домалақ екі қорғасын оқ, құмырашы дөңгелегінде дайындалған қыш ыдыстың үш сынығы, моншақтар мен слюданың ұсақ тілікшелері табылды. Зерттеу қорытындылары көрсеткендей, бұл ескерткіш өте қысқа уақыт қана өмір сүрген. Адамдардың ұзақ уақыт өмір сүрген іздерінің байқалмауы, тек шамалы ғана күл қабатының болуы, табылған жәдігерлердің мардымсыздығы ескерткіштің тұрақты мекен- жайға айналмағандығын көрсетеді.
Қазбалар сарайдың айналасындағы бар лық жерлеулердің жергілікті қазақтардың бейіттері екенін анықтап берді. Қазақ батырынан ұл бала көтерген қалмақ қызы туралы аңызға сай бұл жерді халық киелі жер, «Қыз әулие» деп қадір тұтқан. Ғимарат маңында ислам дінінің әдет-ғұрыптарына сәйкес, Құран оқылып, құрбандыққа мал шалынып отырған.
Жергілікті жердің тарихын жетік білетін информаторлар, зейнеткерлер Ғабдолла Сәрсенбаев 1904 ж.т.; Мұса Тоқсанбаев 1900 ж.т.; Төлеутай Хасенов 1907 ж.т.; орманшы Жақан Оразалинов 1935 ж.т.; Ләззат Ғабдулин 1949 ж.т., айтуынша (далалық жазба жұмыстарын 1982- 1984, 1986-1987 ж.ж. жүргізген А.З.Бейсенов) «Қыз әулие» басына келіп, тәу еткен жас аналар мен қыздардың тұрмыстарына жақсылық келіп, сәті түсетін болған. Анықтап айтқанда, бұл киелі орын ең алдымен бала көтергісі келетін жас әйелдерді желеп-жебейді деген пікір үстем болып келген. Аталмыш ақпараттар генерал Броневскийдің 1830 ж. өз еңбегінде жергілікті қазақтардың осы сарайды әулие тұтып, ерекше қастерлейтіні жайлы айтқанын толық растайды. Нақтырақ айтсақ, Броневский сарай жанынан қазақтардың шүберектен ақтық байлағандарын, оған мал шалатынын атап, мал сүйектерімен қатар, жылқының жал-құйрығын байлап көтерген ағаш сырықтарды көргенін жазады. Тіпті, Броневский сарайдың еденін аршып, тазалауға бұйырғанда қазақтардың киелі жерді қазуға қатты үрейленгенін де айтып өтеді.
1990 ж. басында аяқталған зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Ж.Е. Смаилов пен А.З. Бейсенов бұл сарайды храм ретінде Батыр қонтайшының қарсыласы, қазақтармен сол кездегі қарым-қатынасы жақсы болған хошуыттар басшысы Хундулен-Убаши (убуши) 1640 жылдары салған деген тоқтамға келеді. Бұл пікір екі ғалымның 1996 ж. баспадан шыққан еңбегінде айтылады. Деректер бойынша, Хундулен Салқам Жәңгірмен одақ-тас болғандықтан, қазақтарға қарсы аттанған «жалпыойраттық» жорыққа қатыспай, шет қалған. Көп ұзамай Батыр мен оның серіктерінің қарамағынан кетіп, қазақ жері арқылы Еділ бойына көшкен. Қазақ ортасында Қыз әулие саналған храмды ол осы көш барысында салуы мүмкін. 1983, 1986 ж.ж. Кент ауылы тұрғыны Ғ. Сәрсенбаевтан жазылып алынған ғажап аңыз болжамданып отырған тарихи оқиғаны өз желісінде түсіндіреді. Аюке ханның қызы Етірежіп/Шетирежип Қоңтәжіге ұзатылып, қазақ жері арқылы жүрген керуен Қызылкенішке жеткенде қатты қыс түсіп, адамдар осында қыстаған. Керуенді әкеле жатқан бір қазақ, бір қалмақ екі батырдың ұйғаруымен, жас қызға арнап тас сарай салынған. Етірежіп қазақ батырына ғашық болып, одан бала көтерген. Жоңғарға барғаннан кейін туған ержүрек Сына батыр (бұл тарихтағы Шоно-Лоузан) кейін ержетіп, қазаққа кетіп қалған. Бір ғажабы, тура осы аңыз желісін XIX ғ. соңында Ф. Щербина экспедициясының мүшелері Кент болысы, «Қызылкеніш бұлағын» мекен етіп отырған сұлтан Ақбай Жолдыдан жазып алған екен. Аңыз жергілікті қазақ арасында бір ғасыр бойы өзгеріссіз айтылып келген!
Сарқырап жатқан өзен-бұлағы, бораннан пана болар әсем таулары, қарағай-қайыңы аралас біткен орман-тоғайы, сан алуан өсімдікке бай құнарлы топырағы бар Қызылкеніш алқабы оны мекендеген адамдар үшін әрқашан бақ пен бақыт қонған жер, құдай ықыласын салған өлке болған. Қаймана бұл жерді қазақ ғасырлар бойы жұмақ мекен санаған. Қазір Диірмен қорымы деп аталған археологиялық нысанның маңында ХХ ғ. басында расында да диірмен жұмыс істеген. Қазақтар алқапқа бидай, тары, арпа егіп осы диірменге келіп тартқан. Өңірде, сонымен қатар жергілікті ұсталардың өзен бойындағы ағаш көмір жаққан, кен қорытқан шұңқырлары кездеседі.
Нарбас қонысы мен қорымының маңында орналасқан тау қыран бүркіт туралы түрлі аңыздармен сабақтас. Өз тұқымдастарына қарағанда басы үлкен, дене бітімі ерекше бұл құсты «Нарбас құс» деп атаған екен. Информатор Ғ. Сәрсенбаевтың 1983, 1986 ж.ж. берген дерегі бойынша «тоқтының жілігін тұмсығымен қақ айырған» күші бар осы бір алғыр қыран иесінің өлімінен соң, көк аспаннан шүйлігіп келіп кеудесімен тасқа соғылып өледі. Келесі информатор М. Тоқсанбаевтың айтуынша, Нарбас өлмеген, иесі кісі қолынан қаза болған ол, адамдарға ренжіп, құсаланып, жоқ болып кеткен. Бірақ көп жылдар бойы, құстың өзін көре алмаса да, адамдар таң атқан мезеттерде оның даусын естіп жүрген. Соғыс жылдарынан кейін осы дауыс сап тиылған. Нарбастан кейін Қызылкеніште бүркіт атаулы болған жоқ деген сөз бар.
Қызылкеніш алқабындағы көптеген археологиялық нысандар өңірдің тарихын еске түсіреді. Тасырбай сайындағы осы аттас қорым мен қоныс, Алаттағы қоныс, Әкімбектегі қоныс пен қорым, Қыштан сайындағы қоныс осы төңіректі мекендеген адамдар туралы мағлұмат береді.
Тасырбай Есбай (Тасырбай Есбайұлы), Қыштан Заузан, Әкімбек Сейілхан, Ақбай Жолды – тарихта болған, құрамында осы өңірді жетік білген Ә. Бөкейхан, Д. Сатыбалдин, М. Чумбаловтар қатысқан Ф. Щербина экспедициясының жазбаларындағы Кент болысы, Қызылкеніш өңірінде XIX ғ. екінші жартысы мен аяғында өмір сүрген кісілер.
Құжаттар дерегі бойынша, Тасырбай Ес бай – Кент болысы, І-старшын, № 25 ауылдың басшысы. Оның қол астында төрт киіз үй, төрт шым үй, бір ағаш үй, төрт шошала, малдан 36 жылқы, 12 сиыр, 30 қой бар. Алат өзені маңындағы «Ала ат өлген» сайын қыстайды. Төрт отбасы бірігіп 180 көпене шөп шабады. Осы қыстаудан алыс емес № 26 ауылды Қыштан Заузан мекен еткен. Бұлар орта дәулетті, қарапайым адамдар болған. Халқы көбірек, шаруалары мығымдау сұлтан ауылдары жағдайынан бұлар бөлек.
Өзенннің төменгі ағысында, сайдың аузында орналасқан № 23 ауылды ағайындас Ақбай Жолды мен Әкімбек Сейілхан қыстаған. Ақбай Жолдының ауылында 17 шаруашылық бар. Оның екеуі кісі жалдайды. 10 пұт бидай егіп отырған. Шөпті 11 отбасы өздері шауып, үшеуі сатып алады. Сол кездің қазағындағы «аталық» үрдісі бойынша, Әкімбек Сейіл- ханның отбасында көрнекті ғалым, геолог А. Машанов бала кезінде тәлім-тәрбие алған екен (А.З. Бейсенов пен Ж.Е. Смаиловқа А.Ж. Машановтың берген сұхбатынан, 1989 ж.).
Ф. Щербина экспедициясының мүшелері атап көрсеткендей, Қызылкеніш алқабы қазақтарға, әсіресе қыстыгүні қолайлы мекен болды. Жазда қазақтар сайдан шығып, Талды өзенінің бойын жайлаған. Қазіргі таңдағы археологиялық зерттеулер Талды өзенінің бойынан көптеп кездесетін керамика қалдықтары соңғы қола дәуірінің тұрғындары жаз жайлауға шыққанда қалдырған материалдар деген тоқтамға келіп отыр. Осы деректер бұл өңір тұрғындарының дәстүрлі шаруашылығы мыңдаған жылдар бойы үзілмей, жалғасып келе жатқандығын айғақтайды.
Қазақ халқының шаруашылығына арагідік болып тұратын жұт нұқсан тигізетін. 1897–1898 ж.ж. болған жұтта Қарқаралы уезінде малдың 45% қырылып қалған. Бірақ Қызылкеніш алқабы сияқты құтты мекенді осы жұт айналып өткен. Ф. Щербина экспедициясы мәліметтерінде «мұнда ең жақсы жайылымдар мен шабындықтар бар. Қызылкеніште бір де бір рет жұт болмаған. 1898 ж. көбі осында келіп жан сақтап қалған» деп арнайы аталып өтеді. Қызылкенішке жан-жақтағы болыстардан малын қыстатуға көптеген шаруашылықтар келіп отыратын болған. Егін еккен адамдардың суды Қызылкеніш бұлағынан арықпен тартатыны айтылады, сондай-ақ Талды өзенінде қазақтар салған «үш тоған» жұмыс істеп тұрған.
Кент таулары мен Қызылкеніш алқабы Орта жүздің соңғы хандарының бірі – Бөкеймен де тығыз байланысты. Ә. Бөкейхан мен Н. Коншиннің, өзге де зерттеушілердің материалдарына, фольклорлық деректерге қарағанда, Барақ сұлтанның ұлы, жасөспірім Бөкейді осы Қызылкеніш маңында отырған қазақтар 1740 жылдары ел басқартуға алып келеді. XIX ғ. басында, Ресей үкіметінің Қарқаралы уезін ашу қарсаңында 13 болыс елді қарт Бөкей мен оның ұлы Шыңғыс билеп тұрады. Бөкей хан мен оның қазақ хан санаған ұлы Шыңғыс Ботақарадан алыс емес жерде, «Хан сүйегі» деп аталатын тұста жерленген.
Бөкей хан алғашқыда Қызылкеніш маңындағы Шалқар және Қаратөбе (Ханның Қаратөбесі) деген жерлерді мекен еткен. Үлкен ұлы Шыңғыс әкесінен енші алып, Қызылкеніш алқабына келіп орналасқан. ХІХ ғ. соңындағы Ф. Щербина экспедициясының материалдарында кездесетін сұлтан Ақбай Жолды осы Шыңғыстың кіші ұлынан тарайды да, ата дәстүр бойынша кенже ұл ретінде ескі қыстауда отырады. Ә. Бөкейханның өз деректері бойынша, 1820 жылдары Ресей үкіметі Қарқаралы дуанын ашуды дайындап жатқан сәтте, генерал Броневский болашақ дуан орталығы Қарқаралы қаласын Қызылкеніш сайының дәл кіреберіс ауызында, қазіргі Кентауылының орнында салмақ болған екен. Көп уақыт алған келіссөздер барысында, кейін Қарқаралы дуанының Аға сұлтаны болған Тұрсын Шыңғысұлы (Жамантай хан) бұл жоспарға түбегейлі қарсы шығады. Себебі тура осы жерде қала салына қалса, Қызылкеніштен – ата-бабасының кіндік қаны тамған өлкеден – атасынан қалған «ескі қыстаудан» мәңгіге айырылатынын ол тамаша білген еді. Күш-қайраты мол, соңынан ел ерте алатын, тіпті, тура сол тұста дуанды ашқызбай тастауы мүмкін жас сұлтанға генерал Броневский қар сы келе алмаған. Осыларды айта келе Ә. Бөкейхан Қарқаралы қаласының қазіргі тұрған орнына салынуын осы сұлтан Тұрсын Шыңғысұлының қарсылығымен түсіндіреді.
Табиғаттың таңғажайып тартуы – Қызылкеніш алқабынан қазіргі таңда қысы- жазы ағылып жатқан туристердің легі үзілген емес. Өлке территориясы Қарқаралы ұлттық табиғат паркінің Кент орманшылығына кіреді. Орманшы-инспекторлар Д. Оразалинов, Б. Ғабдулин, туризм саласының инспекторы Қ. Махмабетшина ұзақтан келе жатқан отбасылық дәстүрлерін жалғастырып, туған жердің байлығын кірпік қақпай күзетуде. Қарағанды облысының мәдениет басқармасының бастамасымен қазба салынған жерлерге рекультивациялық жұмыстар жасалған.
Деректер
- Бедельбаева М.В., Варфоломеев В.В. Кыштан –центральноказахстанское поселение эпохи раннего железа // Номады казахских степей: этносоцио- культурные процессы и контакты в Евразии скифо- сакской эпохи. – Астана, 2008. – С. 241–245.
- Броневский С.Б. Записки генерала-майора Броневского о киргиз-кайсаках Средней Орды // Отечественные записки. – СПб., 1830. – Ч. 3. О памятниках древности. – С. 244–252.
- Варфоломеев В.В. Относительная хронология керамических комплексов поселения Кент // Вопросы периодизации археологических памятников Центрально- го и Северного Казахстана. – Караганда: Изд. КарГУ, 1987. – С. 56–68.
- Варфоломеев В.В. Кент и его округа (некоторые итоги социокультурного анализа памятников Восточной Сарыарки) // Степная цивилизация восточной Евразии. – Астана: Күлтегiн, 2003. ‒ Т. 1. – С. 88–99.
- Варфоломеев В.В. Кент – город бронзового века. Новые исследования в эпоху независимости // Свидетели тысячелетий: археологическая наука Казахстана за 20 лет (1991–2011). – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2011. – С. 85–96.
- Варфоломеев В.В., Рудковский И.В. Средневековое погребение на речке Кызылкеныш в Кентских горах // Вопросы истории и археологии Западного Казахстана. – Уральск, 2004. – Вып. 3. – С. 220–225.
- Евдокимов В.В., Жауымбаев С.У. Горизонт железоварочных горнов производственной площадки поселения Алат эпохи поздней бронзы // Бегазы-дандыбаевская культура Степной Евразии: сб. научн. ст., посвящ. 65-летию Ж. Курманкулова. – Алматы: НИЦИА «Бегазы-Тасмола», 2013. – С. 228–237.
- Кунгурова Н.Ю., Варфоломеев В.В. Орудия и изделия из камня поселения Кент (по результатам трасологических исследований) // Бегазы-дандыбаевская культура Степной Евразии: сб. научн. ст., посвящ. 65-летию Ж. Курманкулова. – Алматы, 2013. – С. 198–217.
- Ломан В.Г. Донгальский тип керамики // Вопросы периодизации археологических памятников Центрального и Северного Казахстана. – Караганда: Изд-во КарГУ, 1987. – С. 115–129.
- Ломан В.Г. К датировке донгальского типа керамики // Исторический опыт хозяйственного и культурного освоения Западной Сибири. – Барнаул: АГУ, 2003. – Кн. 1. – С. 290–293.
- Материалы по киргизскому землепользованию, собранные и разработанные экспедицией по исследованию степных областей. Семипалатинская область. Карка- ралинский уезд. – СПб., 1905. – Т. 6. – 348 с.
- Смаилов Ж.Е., Бейсенов А.З. Қызылкенiш сарайының зерттелуi // Бiлiм және еңбек. – 1987. – № 6. – 28– 31-бб.
- Смаилов Ж.Е., Бейсенов А.З. Исследование Кызылкентского дворца в Центральном Казахстане // Некоторые вопросы истории Казахстана. – Жезказаган: ЖезУ, 1996. – С. 58–67.
- Смаилов Ж.Е., Бейсенов А.З. Кызылкентский дворец (Кыз Аулие) // Восточная Сарыарка. Каркаралинский регион в прошлом и настоящем. – Алматы: Эверо, 2014. – С. 254–269.
- Усачук А.Н., Варфоломеев В.В. Костяные и роговые изделия поселения Кент (предварительный результат трасологического и функционально-типологического анализа) // Бегазы-дандыбаевская культура Степной Евразии: сб. научн. ст., посвящ. 65-летию Ж. Курманкулова. – Алматы: НИЦИА «Бегазы-Тасмола», 2013. – С. 218–227.