Талдысай ескерткіштер кешені
Сипаттамасы
Жезқазған қаласынан солтүстік-батысқа қарай 83 км қашықтықта, Жезді өзенінің сол жағалауында орналасқан (Қарағанды облысы).
Өңірдің қолайлы табиғи-климаттық жағдайлары, табиғи су көздері, жайылымдық жерлер мен кен орындарының болуы ежелгі дәуірден бастап Талдысай қонысына адамдардың тығыз орналасуына қолайлы жағдай туғызған. Талдысай кешені тас дәуірінің тұрақтары (мезолит, неолит, энеолит), ежелгі қоныс іздері сақталған үңгір, қола дәуірінің металлургтерінің қонысы, қола, ерте темір және орта ғасыр дәуірлерінің бейіттері, ортағасырлық Басқамыр қаласы, суландыру жүйелерінің қалдықтары, қарауыл мұнарасы және ХVI– XIX ғ.ғ. қабір үсті құрылыстары сынды әртүрлі тарихи кезеңдерге жататын ескерткіштерден тұрады.
Мыс қорыту мен мыс құю өндірісі бар тұрмыстық-өндірістік кешендерден тұратын ежелгі металлургтердің қонысы – бұл өңірді Еуразиядағы ежелгі тау-кен ісі мен металлургияның ірі орталықтарының бірі ретінде бейнелейді. Қола және ерте темір дәуірі мен ортағасырлық кезеңге жататын бейіттердің арасынан қоршау түріндегі құрылымдар, «мұртты» оба, ортағасырлық жерлеу орындары айқын ерекшеленеді. Кейінгі уақытқа жататын қабір үсті құрылыстары күйдірілмеген және күйдірілген кірпіштер мен тастардан тұрғызылған.
Ортағасырлық Басқамыр қаласынан шығысқа қарай, төбенің басында қабырғалары – 3х3 м., биіктігі – 3,5 м. қарауыл мұнарасы орналасқан. Жоспары төртбұрыш пішіндегі бұл құрылыс тас тақталардан тұрғызылған. Қаладан батысқа қарай ежелгі қоныс іздері сақталған үңгір орналасқан. Үңгірдің ұзындығы – 20 м, ені – 15 м, биіктігі – 1-1,5 м. Үңгірдің кіреберісі оңтүстік-батысқа қаратылған. Үңгірге кіретін жердің ені 2 м-ді құрайды. Үңгірге кіретін жерден қыш бұйымдардың сынықтары, жануарлар сүйегі мен күлге толы мәдени қабаттар анықталды. Ортағасырлық Басқамыр қаласы – кешендегі орталық ескерткіш болып табылады. Қала – бұрыштары дүниенің төрт жағына қаратылған төртбұрышты пішіндегі құрылыс. Қаланың әр жағындағы бұрыштары мен орталық бөліктерінде сыртқа шығыңқы қорғаныс мұнаралардың қалдықтары бар. Қаланың орталық бөлігінде цитадель ор- наласып, оның бұрыштары бойынша да мұнаралар орнатылған. Цитадельге кіретін жер шығыс бұрышында орналасып, «П» тәрізді кіреберісті құрайтын үш дәлізбен жасалған. Қабырғалар мен мұнара шағын өңделмеген кірпіш кесектерінен тұрғызылған. Тұрғын үйлер цитадельдегі қамал қабырғаларының ішкі жағына жалғастырыла салынған. Тұрғын үйлердің ішкі көрінісінде суфалар мен ошақтар ерекшеленеді.
Зерттеу материалдары бойынша Басқамыр қаласы ортағасырлық қала-орда түріне жатқызылады. Қазіргі таңда Талдысай ескерткіштер кешені танымал туризм нысандарының біріне айналып отыр.
Деректер
- Артюхова О.А., Курманкулов Ж., Ермолаева А.С., Ержанова А.Е. Комплекс памятников в урочище Талдысай. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2013. – 400 с. – С. 399.
- Курманкулов Ж., Ермолаева А.С., Ержанова А.Е. Поселение Талдысай – памятник древней металлургии. – Алматы: Институт археологии им. А.Х. Маргулана, 2012. – 132 с. – С. 130.
- Маргулан А.Х. Из истории городов и строительного искусства древнего Казахстана. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, 1950. – 122 с. – С. 92–96.
- Маргулан А.Х. Третий сезон археологических работ в Центральном Казахстане (отчет экспедиции 1948 г.) // Известия АН КазССР. Сер. археол. – 1951. – № 108. – Вып. 3. – С. 3–52. – С. 47–49.
- Маргулан А.Х. Остатки оседлых поселений в Центральном Казахстане // Археологические памятники Казахстана. – Алматы: Наука, 1978. – С. 3–37. – С. 31–32.
- Смаилов Ж.Е. Памятники археологии Западной Сары-Арки (средневековые городища и поселения). – Балхаш, 1997. – 63 с.